Еңбек қауіпсіздігі – ескеретін мәселе

Еңбек қауіпсіздігі – ескеретін мәселе

Бүгінгі жаһандық цифрландыру дәуірінде еңбекті қорғау стандарт­тары күнделікті тәжірибедегі маңызын жойып, жаңашылдықтан қалып барады. Басқару орган­дары жарақаттану­ды мүлде болдырмау мақсатында стандарт­тарды уақыт ағымына сай жаңартып, жаңа шешімдер қабылдап жатыр.

Біздің өмірімізде еңбектің маңызы зор. Ол барлық отбасы­ның және тұтас қоғамның тұрақ­тылығының айқын бір көрінісі. Адамдар жайлы өмір сүруге жағдай жасайтын, жеке құқы жоғары қойылатын жұмыс табуға тырысады. Жұмыс істей алмай­тындай жағдай туындаса, ауруға шалдығып не жарақат алып жатса, тиісті шаралар арқылы қауіпсіздігі қорғалғанын қалайды.

Лайықты еңбек – қауіпсіз жұ­мыс. Алайда күллі адамзат «нөлдік жарақаттану» деңгейіне жету үшін әлі де көп жұмыстар жасалуы ке­рек. Осы орайда бір жылдық көр­сеткішке назар сал­сақ, жазатайым оқиғалар мен кә­сіптік сипаттағы ауру салдары­нан әлемде 2 мил­лионға жуық адам қайтыс бола­ды екен. Соны­мен қатар 270 мил­лион өндірістік оқыс оқиғалар мен 160 миллион кәсіптік ауру тіркел­ген. Бұл де­ректер еңбек қауіп­сіздігінің біздің елде ғана емес, әлемдік масш­таб­тағы әлеуметтік құбылыс екенін айғақтайды.

Қазақстанда бұл мәселені ше­шуге мемлекеттік органдар, жұ­мыс берушілер және бизнес қа­уымдастықтар тартылған. Еңбек қауіпсіздігі мақсатында заңна­маны жүйелі түрде жетілдіріп, өндірісті жаңғырту көзделіп отыр. Мемлекет соңғы 10 жылда осы бағытта ұлттық бағдарламалар арқылы бірқатар маңызды ша­ралар қабылдады. Қазіргі уақытта өндірістік жарақат алуды және зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын қысқарту бо­йынша 2019-2023 жылдарға ар­налған Жол картасы қабылданды. Сонымен қатар еңбек кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, отандық кәсіпорындар Vision Zero халықаралық әлеу­меттік қамсыздандыру қауым­дастығына қосыла бастады.

Осы бастамалардың барлы­­ғы жұмыссыздықты азайтуға, жұ­мыс­пен қамтылған халықтың өнімділігін арттыруға, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және «нөлдік жарақаттану» мақсатында қолға алынған.

Атап айтқанда, еңбек кодек­сінде жұмыс берушінің міндет­теріне кәсіптік тәуекелдерді баға­лау, өндірістік кеңес құру мер­зімдерін белгілеу және еңбек қа­уіпсіздігі менеджменті жүйе­сінің модельдік регламентін әзірлеу ұсынылады. Заң жобасы Үкімет тарапынан мақұлданып, Парла­менттің Төменгі палатасы қа­рауына жіберілді.

Бұл тұрғыдағы өзгерістер ша­ғын кәсіпкерлікке де әсер етеді. Олар үшін биыл еңбекті қорғау ережесі жеңілдетіліп, өндірісте заманауи басқару жүйесі енгізіліп және тапсырыс берушіден мердігерге дейін тікелей бақылау жасалады.

Сонымен қатар алдағы 5 жыл­да елімізде осы саладағы озық тәжірибелерді енгізу үшін қажетті шаралар қолға алынбақ. Олар жұмысшыларға емдік және про­фи­лактикалық тамақтану, жұмыс киімдерін, оқыту мен мерзімдерін, қауіпсіздік мәселелері бойынша білім тестін және өндірістік ны­сандарды міндетті түрде серти­фикаттау ережелерін қайта қарас­тырады.

Еңбекті қорғау саласын жақ­сартуға бағытталған бұл қадамдар нәтиже бере бастады. Жұмыста жарақат алу мен өлім-жітімнің азаюы байқалады. Бірақ уақыт өте келе еңбекті қорғау ережелері, қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы қарым-қатынас үнемі өзгеріп отыратынын ұмыт­па­уы­мыз керек. Кез келген жаза­тайым оқиғаның алдын алуға болады және оған тек еңбек процесіне қатысушы адамдардың ықпа­лы­мен қол жеткіземіз.

Адамдардың өз денсаулығын сақтауы мен жаман әдеттерден бас тарту туралы ойына үнемі қозғау салып отыру өте маңызды. Әр жұ­мыс орны мұндай жігерлі жұмыс­тар үшін ұлттық саясат пен бағ­дар­ламаларға сүйене отырып, жа­һандық тәсілдерді жиі қолданады.

Жұмысшыларға, жұмыс беру­шілерге және кәсіподақтарға арналған барлық шаралардың мәні еңбек қауіпсіздігі менедж­менті жүйесіндегі өндірістік апат­тарды жоюға бағытталуы керек. Ал лайықты жағдайлар мен қа­лып­тасқан өндірістік тұрмыс үшін ұйымшылдықпен әрекет ету керек.


Жансая ҚАМБАР