Еліміздің шартарабын шарласаң, басына бұлт киген асқаралы тау да, етегін гүл көмкерген шалқар көл де, ұшы-қиырына көз жетпейтін кең-байтақ дала да – мінсіз сұлулықтың қандай боларын дәлелдеп тұрғандай. Көздің аясындай мөп-мөлдір Көлсайға бет алған біз, бір топ журналист, тақтайдай тегіс жолда алдыңнан жарқ етіп шыға келіп, сол мезетте қолын бұлғап қала берген тауды да, тасты да, көкті де артқа қалдырып, «Көлсай қайдасың?» деп асығып келеміз. Асығып келеміз деген жай сөз, жолай бұралаңдап жатқан Шарын сұлуға сәлем беріп, желге маңдайымызды тосып бір кідірдік. Аспантаулардың шетіне іліккенде көкке шаншылған тау тізбегіне таңдай қағып, «тағы бір кідірсек қайтеді» деп мың толғандық. Сөйтсек те, Көлсайдың көлін көрмекке, суын ішпекке, көгіне аунамаққа, ел мен жердің таңдайын қаққызған сұлулыққа тамсанбаққа көк дөнен көңіл Көлсай жаққа қарай алып-ұшып барады. Тақтайдай тегіс жолмен зырғыған көлік сол бетімен Саты ауылына келіп тоқтағанда да, бір кідіріп бел суытып, қайта тауға тартқанда да, көңіліміз бен лүпіл қаққан жүрегіміз Көлсай жаққа бізден бұрын жетіп алған сыңайлы...
Апыр-ай, Көлсай ма осы, сайдағы көл?
Иә, таудағы сұлулыққа тамсанып жүргендерге көз салыңыз да, су сұлу ма, тау сұлу ма, әлде осы сұлулыққа тамсанған адамның жаны сұлу ма өзіңіз елеп-екшеп алыңыз. «Адам қолы жетпеген» деп жатады ғой, міне сондай бір тұмса табиғаттың үзіліп түскен бір бөлігі алдыңнан жәудіреп шыға келсе, жүрегің де тазарып, көңілің де ағарып кете ме – біздің көзге айналаның бәрі де ерекше бір нұрланып, жасарып сала бергендей әсерге бөлендік. Бір қызығы, көлге тау басынан, жап-жасыл қарағай, самырсынның жанынан қарасаңыз – судың беті жақұттай жасыл түске боялып шыға келеді. Сәл төмендеп, суға көк шалғынның тұсынан көз тастасаңыз – айдын беті көкпеңбек болып жалтырай түскенін байқайсыз. Қаракөк бұлт басқан аспан көзімен қарасаңыз – көл беті аспан түстеніп, мың құбылады. Жақұттан алқа тағынып, аппақ бұлттан сәукеле киініп, көгілдір көйлегінің етегі желбіреген Көлсай бір кездері сұлу қыз болыпты десе, сенгендей-ақ екенсің. Бірақ бізге жеткен аңыз басқа. «Көлсай дүниеге келерде жер сілкініп, тау құлапты» дейді ескіден жеткен әңгіме. Төмен қарай асыға аққан судың жолын әлгі тау бір емес, үш жерден бөгеп қалыпты. Бәлкім, төмендегі әлдебір ғашығына ұмтылған су сұлуға тау құмартып, «етектегі аңсарына жеткізбейін, құшағымда алып қалайын» деп су сұлудың жолына әдейі тосқауыл болған шығар?! Ол енді сұлулыққа тамсанған біздің жүректің сөзі, анығын ескіден жеткен әңгімені жадына тоқып алған шежірекөкірек жандар айта жатар. Туризмнің түр-түрі болады десек, Көлсай маңындағы туризм – тұмса табиғат аясында демалғысы келгендер үшін таптырмайтын жер дер едік!
Иә, Көлсай үшеу – Жоғарғы Көлсай, Орта Көлсай, Төменгі Көлсай. Төменгі Көлсайдың жолы жеңілдеу, сондықтан туристердің негізгі бөлігі осы жерден тоқтайды. Шыдамдылары Ортаңғы Көлсайға дейін жетеді, қайтпас қайсарлары Жоғарғы суды да көріп, тамашалап, таңдайын қағып қайтады. Теңіз деңгейінен 1 818 метр биікте жатқан көлдің суы тұщы, тағы бір ерекшелігі – әркез тас бұлақтың суындай мұп-мұздай. Алақаныңа мөп-мөлдір тамшыны іліп алып, ерніңе тигізсең, шекеңнен бір-ақ шығады. Бірақ мұздай бола тұра, суы балдай. Іше берсем дейсің. Үлкен Алматы өзеніне құятын бұл судың құрамында адам ағзасына өте қажет элемент жетіп-артылады дейді білетіндер.
Мұздай су маңына үйіріле толғанған тау бірнеше. Көлді толық қоршап алған. Ал тау басында, етегінде жан-жануар мен өсімдіктің бай әлемі тіршілік етеді. Самырсын, балқарағай, рауғаш, таңқурай, шетен, бөріқарақат, аюбүлдірген, итмұрын, шырғанақ... – заты түгілі, атын ұмыта бастаған бірқатар өсімдік патшалығы бізді бірден хош иісі мен құшағына көміп әкетті. Көлсай өңірінде үш жүзге тарта жан-жануардың түрі кездеседі. Жалпы алғанда, Қазақстандағы жануарлардың 21 пайызын дәл осы өңір құрайды. Демек, Көлсай маңындағы туризм – флора мен фаунаға қызыққан жандардың басын қосатын мекен!
Қар барысы тіршілік ететін таудың айбаты тіптен артып тұрғандай. Әрине, етекте жүрген елді барыс қайтсін, өзінің биігінде жүрген болар. Алайда дәл осы тауда сырбаз бір тіршілік иесі жортып бара жатыр-ау деген ойдың өзі кәдімгідей мерейіңді асырып, еңсең биіктеп-ақ қалатындай екен. «Аю алдыңнан шыға келмесін» деп әзіл айтқансып, бірақ сол әзілден өзіміз қорқақтап өрге тырмысып шыққан біз етекте айнадай жалтырап жатқан көлге бір қарап, сол сұлулықты көруге алыс-жақын елдерден асыға жеткен қалың нөпірге бір тамсанып, туризм саласы біздің елде де аз-аздап қадам басып-ақ келеді екен ғой деп шүкір еттік.
Біреу білер, біреу білмес, 2007 жылы Қазақстан Үкіметінің қаулысымен «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мемлекеттік мекемесі құрылғалы мұндағы инфрақұрылым едәуір жақсарып қалған. Айта кетерлігі, жергілікті тұрғындар елімізден және шетелден ағылған туристерге қызмет көрсетуге бейімделіп-ақ қалыпты. Қонақтарға арналған тұрғынжайлар, ас-ауқат ұсыну, атпен серуендеу және басқа да қызмет көрсету осы аймаққа жақын орналасқан ауыл халқының жағдайының жақсаруына да септігін тигізгені көрер көзге бірден байқалады. Туристер тоқтайтын негізгі мекен Саты ауылы – Саты ауылдық округінің орталығы. Округ құрамына Күрметі ауылы да кіреді. Күрметі – тау арасында қоңырқай тіршілігін кешіп жатқан шағын ғана елдімекен. Ол ауылға, әдетте, бұрнағы ғасырдың естелігі бар кинофильм түсірушілер көп қонақтайды екен. Қарағайлы орманның етегінде жатқан ауыл да болашақта туризмнің жеке бір орталығына айналар деп сендік. Туристер көп болып кетсе, жолдағы Қарабұлақ ауылында да қоналқалық үйлер бар.
Жолбасшыларымыздың айтқанына құлақ ассақ, Саты ауылының тарихы тым тереңде екен. Ауыл шетінде сақ-үйсін заманынан қалған жеті мың қорған табылған. Оған археологиялық қазба жұмыстары да жүргізілген. Сатыдан Көлсайға барар жолда, пост бақылауынан өткен соң, алаңқай бар, кезінде Барсхан деген қала жұрты болыпты-мыс. Белгілі журналист Ербол Азанбек «Кіші ғылым академиясы жобасы» аясында біраз ізденгенін ауылындағы ұстаздары тілге тиек етіп қалды... Тарихтың бары мен жоғын түгендеу тарихшы-мамандардың еншісіндегі шаруа ғой. Болашақта бұл мекен сұлу табиғатқа қызыққандардың туризм орталығы ғана емес, тарихи нысандарымен мақтанатын жерге айналсын десек, арнайы сарапшылардың да сөзін қалың ел күтіп отырғанын айта кету парызымыз. Демек, бұл маң – тарихи туризмді де дамытуға әбден тұрарлық орталықтардың бірі.
Бір қызығы, қазақ тарабындағы екі ауыл – Саты, Күрметі аталса, Көлсайдан асып, қырғыз жеріне өткенде екі ауыл – Шаты мен Күрменті қарсы алады. Еншісі бөлінбеген екі елдің ортақ тағдыры мен тарихын шежіре еткен халықаралық туризм мекені боларлық себептің де бір ұшы осындайда қылаң береді...
Әңгімеміз өңірлік туризм ғой, сол төңіректегі көрген-түйгенімізді айтып, бұл тақырыпты тамамдайық. Шап-шағын ауыл туризмнің қыр-сырын кәдімгідей меңгеріп қалыпты. Қаздай тізілген үйлердің шатыры биіктеген, қабырғасы еңселі тамның түрі де оңды. Туристерге ұсынған қызмет бағасы да аспандап тұрған жоқ. Үй ішіне су кіргізген. Жергілікті халық елдің жайын, жердің хабарын, тіпті аң-құсына дейін түгендеп, әңгімелеп бере алады. Арқардың мүйізін қабырғасына ілген біз тоқтаған үй иесі арқар жайлы қызғылықты әңгімелерімен де бөлісіп, ауылдың жай-жапсарын да айтып, Көлсай мен Қайыңдының бұрыннан қалған аңыздарын да тарқатып берді...
ҚАЙЫҢДЫ АҢЫЗЫ
Қайыңдыға апарар жол түйенің өркешіндей иір-иір. Жалғыз көлік жүріп өтердей тар соқпақтың біресе оң жағы, бірде сол жағы терең құз. Төменге қарасаң, жіңішкеріп аққан су жылтырайды, көкке шаншылған қарағайлар қол бұлғайды. Селк-селк еткен көлікте отырып бұрынғының әңгімесіне құлақ салдық.
Саты ауылының бас жағында «Қара ешкінің текшесі» деген асу болыпты. 1916 жылғы көтерілісшілерге қарсы жазалаушы отряд шыққанын естіген ел осы текшеге жасырынады. Текшеге кірер жалғыз аяқ асуға қарағайды жығып, ауыл текшеге орналасып, күзетке адам қояды. Қырғын болар күні күзетте Шыныбек деген кісі болған екен. Жолды қарағайдан аршып жатқан әскерді көре сала, елге хабар берейін деп бұрыла шапқанда, Шыныбекті солдаттар атып жіберіп, арқасынан оқ тиіп, сайға құлайды. Жазалаушы отряд текшеде отырған ауылды түгел қырып салады. Бір ана ғана Смағұл деген кішкене ұлының үстіне қазанды төңкеріп үлгереді де, іле-шала өзі қаза табады. Қарағай арасына қашқандарды да қуалап жүріп қырған отряд күллі ауылды қан жоса етеді. Арқасынан оқ тиген Шыныбек біраз уақыт, әлде бірер күн өткен соң есін жинап, ауылға беттейді. Жан баласы қалмаған жұрттан сынық айна тауып алып, оны қарағайға байлайды. Айнадан түскен күн сәулесін арқасынан тиген оқтың орнына бағыттап отырады. Жарық түсіп, арқа ысығанда оқ тиген жердің қанына быжынап жиналған құрт жара аузынан шыға бастайды. Құртты шөппен қағып түсіріп, жарасын таңады. Үйлерді аралап жүріп төңкерілген қазан астында қалған кішкене сәби Смағұлды тауып алады... Алыс-жақын маңда жүрген бәлкім аңшы, бәлкім малшы, мылтық үнін естіп, көмекке жетіп үлгере алмай, кешігіп келгендер қаза тапқан бүтін ауыл тұрғынын бір жерге жерлейді...
Бала Смағұл кейінірек Қытайға ауып, 1960 жылдары елге келіп, Сатыда еңбек еткен.
Бұл жер сол оқиғадан соң Қырғын текше аталыпты. 1964 жылдары Таушелек орман шаруашылығы қарағай отырғызғанда адам сүйектері мен киіз үй шірінділері шыққан. Қазір қарағай қалың өсіп, адамдарды жерлеген жер білінбей кеткен...
Бұл маң қазір мамыражай, тып-тыныш. Ал біз иір-иір жолмен селк-селк етіп, төменде жылтырай аққан су мен көкке шаншыла өскен қарағайға тұнжырай қарап қойып Қайыңдыға қарай жол тартып келе жатыр едік. Иә, бұл өңір қазақтың қасіретті тарихына куә, әр тасын аудара қалсаң, бұрынғының аңызын айтып берер естеліктерге толы мекен. Демек, елдік пен кісіліктің жолын әспеттер туристік орталық болуға да сұранып-ақ тұрған мекен деуге толық негіз бар!
Көлсай – инфрақұрылымы жақсарған туристік аймақ болса, Қайыңдының жолы алағай да бұлағай. Экстремал туризмді дамытатын-ақ жер. Қайыңдының етегіне әрең іліктік. Жеттік те дәл мұндағы сұлулыққа тағы да аңырап тұрып қалдық. Көлік әкеп тастаған жерден Қайыңдыға жеткенше тағы біраз жол өрлеуіміз керек екен. Тәтті таңқурайды таңдайда ерітіп, көзді ашып-жұмғанша ол жаққа да жетіп бардық. Рас-өтірігі белгісіз, бұл жерді аруақтар мекеніне теңегендер бар. Көл бетінен сойдиып-сойдиып шығып тұрған қарағайдың қуарған сабағына қарап, бұл маңдағы тіршілік тоқтап қалған-ақ екен дерсіз. Алайда анықтап көз жіберсең, ағаштың су астындағы бөлігінің жайқалып тұрғанын аңғарасыз. Демек, су асты тіршілігі өз жолымен жанданып, жайқалып-ақ тұр. 1910 жылдары болған қатты жер сілкінісінің салдарынан пайда болған Қайыңды көлі теңіз деңгейінен 1 867 метр биіктікте орналасқан. Ұзындығы – 600, ені – 300, ал тереңдігі кей жерлерде – 30, кейбір жерлерінде – 40 метр. Аруақтар мекені аталуының сырына келсек, мұнда балық жоқ, сондықтан тіршілік тоқтап қалғандай көрінеді. Бірақ сәл анықтап қарасаңыз, көл астында тербелген ағаш жапырағы тіршілік жоқ деген сөзіңізге қайшы келіп, мұндағы тіршілік басқа өмір, басқа әлем екенін ұғындыратындай.
Көлсайдың жан-жануарын тілге тиек еткенде, Қайыңдының флора-фаунасын неге ұмыт қалдырайық?! Басқасын айтпағанда, дәрілік шөптің елуге жуық түрі осы маңда өсіп тұр. Олардың кейбірі қазір ұлттық фармацияда қолданыста. Мұнда, тіпті, біртіндеп жоғалып бара жатқан, Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктердің оннан аса түрі бар. Дәрілік шөп дегенде еске түседі, Қайыңды суының да шипасы мол. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ұзақ жыл бойы перзент сүймеген әйелдер Қайыңдының суына жуынса, сәбилі болады екен... Бұл да осы өңірдегі туризмнің тағы бір түрін жандандыруға таптырмас себеп болар, бәлкім.
ТУРИСІ КӨП АУЫЛ
Сөзіміздің өне бойында туризмнің түр-түрін дамытуға қолайлы-ақ мекен екенін бірнеше қайыра еске салып отырдық қой. Сөзіміздің ауанына қарап, мұнда туристер жоламайды екен деп ойлап қалмаңыз. Керісінше. Туристер маусымға орай кәдімгідей ағылып жатыр. Тек соларды қарсы алуға әлеуетіміз жете ме, жағдайымыз көтере ме – мәселенің бір ұшы осында. Кеген ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Омархалық Көлсай көлдеріне апаратын жол толық жөнделіп біткенін, күрделі жұмысты күтіп тұрған аздаған ғана жол осы жылдың аяғына дейін толық қалпына келетінін айтты. Ал Қайыңдыға бастайтын жол республикалық, облыстық маңызы бар жолға кірмейді екен. Кеген ауданы құрылғаннан кейін ол жолды ауданның меншігіне алыпты. Қазір жолды жөндеудің жобалық сметасы әзірлену үстінде екен. Алматы облыстық жол басқармасына сұраныс жасалыпты, қаржы бөлінсе, келер жылы Қайыңдыға апаратын жол да салына бастайтын көрінеді. Қайрат Омархалықтың айтуынша, аудан бойынша туризмге қатысты бірнеше жоба қолға алынған. Себебі, 2019 жылдың алғашқы алты айында ауданға 3 560 турист келіп, 7 млн теңге ақылы туристік қызметтен қаржы түскен.
Саты ауылы әкімдігінің бас маманы Мәлік Ыдырысовтың айтуынша, Көлсай мен Қайыңды көлдеріне жыл сайын 30-40 мыңға жуық қонақ келеді екен. Шетелдік туристер жылдан-жылға көбеюде. Қонақтардың Көлсайға кіру ақысы республикалық бюджетке түссе, туристерге қызмет көрсету арқылы ауыл тұрғындары табыс көзін ажыратып отыр. Сатыға кіреберісте ақшаңқан киіз үйлер тігіп, қонақ күтіп отырған кәсіпкер Ербол Уәлиханұлы жергілікті халықтың туризм саласына араласуы өте маңызды екенін айтады. Туризм – туристерді күтіп қана қою емес, солардан түскен қаржыға өңірді абаттандыру, жергілікті халықтың жағдайын жақсарту, өлкенің айбатын асыру екенін айтқан кәсіпкер туристердің жылдан-жылға артып келе жатқанын, соған орай ендігіде қонақтарды күтудің лайықты деңгейлеріне өту керегін тілге тиек етті: «Мәселен, ауылға бір супермаркет керек-ақ. Шағын ауыл дегенмен де, мұнда ағылған туристер көп. Олар қолма-қол ақшамен емес, банк картасымен есеп айырыса алатындай, үлкен, заманауи супермаркет салынса дейміз. Одан бөлек, алыстан ағылған жандар үшін банкоматтар да қажет. Көлсайға келген турист ақшасын алу үшін жолдан қиыс бұрылып, Кегенге барып ақшасын алып келмейді ғой. Сондықтан осы елдімекенде бір-екі банктің банкоматы тұрса дейміз. Биыл күн ерекше жайма-шуақ. Сондықтан болар, туристердің қарасы көп. Жалпы алғанда, туристер легі маусымда басталып, қыркүйек айының соңында аяқталады. Өзім Алматы қаласында тұрамын. Демалыс уақыты басталғанда бала-шағамызбен келіп, туристерді қабылдаймыз. Киіз үйлеріміздің бағасы қолжетімді, жатын үй, жуынатын таза бөлмелер, интернет бар. Шетелден келетін туристерге жергілікті жағдайларды ағылшын тілінде түсіндіріп айтып береміз. Көлсай мен Қайыңдыға жете алмай жатса, ауылдан көлік іздеп көмектесеміз. Ауылға келетін қонақтарымыз өте көп. Оның бәрін орналастыру жағында қиындықтар бар. Ауылдағы қонақ қабылдайтын кейбір үйлердің шарт-жағдайы толық емес. Сондықтан болашақта шағын қонақүй салсам деген жоспарым бар. Одан бөлек, ұлттық дәстүрімізді көрсететін, зергерлік мәдениетімізді насихаттайтын іс бастау да жоспарда». Кәсіпкер ауылда туризм мәдениетінің қарқынды дамып келе жатқанын да айтып өтті: «Ауыл халқының туризм мәдениеті күннен-күнге өсіп келеді. Ауылдастар ағылшынша үйреніп, балаларын оқытуда. Қонақтардың барлық жағдайын жасап беруге тырысады. Болашақта туризмге жақсы көңіл бөлінеді деген үмітпен жан-жақтан білімді, тәжірибелі кәсіпкерлер келіп, бизнесін жүргізіп жатыр...».
Туристерге жағдай жасау дегеннен шығады, Көлсай түбіндегі Саты ауылында интернет байланысы бар. Бірақ жылдамдығы өте баяу. Ал Көлсай мен Қайыңдының өзінде байланыс мүлде жоқ. Мұнда ағылған турист көргенін, білгенін суретке, видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желіге, интернетке салғысы-ақ келеді. Ал Көлсай мен Қайыңдыда байланыс та, интернет те жоқ. Ауыл интернетіндегі жылдамдықты арттыру үшін қосымша жабдық керек екен. Тұрғын саны аз болғандықтан, компаниялар ол жабдықты орнатуға құлықсыз көрінеді. Тұрғын саны аз болғанымен, Көлсай мен Қайыңдыға келетін туристердің көптігін ұмытпай, интернет жылдамдығын арттыру мәселесін әкімдік басшылары көтеріп, арнайы компанияларға ұсыныс жасап-ақ келеді екен. Болашақта ол мәселенің де түйіні шешіледі деп үміттенеміз.
Айта кетейік, Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов пен орынбасары Қайрат Омархалық, Алғабас ауылының әкімі Сырым Есенханұлы, Саты ауының бас маманы Мәлік Ыдырысов, А.Нүсіпбеков атындағы Көлбастау орта мектебінің директоры Рүстем Жеңісұлы журналистер сапарының қызықты да әсерлі өтуіне септігін тигізді.
Қайыңды мен Көлсайдан Алматыға бет алған жол – тақтайдай тегіс. Тегіс жолда ызғытып келе жатып ой ойлайсың, осы бір ұлан-байтақ өлкеде бәрі қалған – тұмса табиғат та, шежірелі аңыз да, аталы сөз де, жортқан жануар да, жайқалған көк те! Ол байлық – мына менікі, біздікі! Таңдайын қағып, тамсанған туриске соны айтқың, түсіндіргің келеді. Қорық қызметкерлерімен тілдесіп қалғанда бірден ескерткен еді: «Өсімдікті танымасаңыз, гүлді бейберекет жұлмаңыз, жайқалып тұра берсін, ағаштың бұтағын сындырмаңыз, айналаны ластамаңыз. Қоқысты жерге тастамаңыз». Жоқ, маған олардың бұл сөзі тыйым емес, туған жерді аялаудан шыққан мейірімді үн болып естілді. Иә, бұл мекен туризмді дамытатын-ақ аймақ шығар, бірақ ол, ең алдымен, біздің туған жеріміз! Көлсайдың, Қайыңдының аңыздары, әңгімелері бізге өзіміз туралы сыр-шежірені жеткізуден талмапты. Ендеше, біз де кейінгіге сол сырды аялай, әлпештей жеткізейік дегің келеді...
Қарагөз СІМӘДІЛ