Әр жылы тамыз айының алғашқы жексенбісінде құрылысшылар күні аталып өтеді. Бұл күн – олар үшін мереке. Бірақ осы әсерлі күнді мәнді қылып өткізгісі келгенімен, айлығын ала алмай қиналып жүргендердің бары қынжылтады. Бұл мәселе әлі күнге ушығып тұр. Бәрі уақытында шешіледі, жалақы беріледі дейтіндер, айтқан уәдеде тұрмай, біреудің еңбегін қанап, дер кезінде еңбекақысын санап бермеу фактілері азаяр емес...
Айлықты уақытында немесе мүлде бермеу сыбайлас жемқорлық, ортада мердігер болып бірнеше компанияның жүруінен орын алады.
2019 жылдың ақпан айында Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Бершүгір ауылындағы қиыршық тас шығаратын зауыт жұмысшылары жалақысын әлі ала алмай жүрміз деп наразылық танытып, облыс әкімдігінен көмек сұраған болатын. Инвестордың жұмысшыларға берешегі 44 миллион теңгені құраған. Сол кезде облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов инвестор өз міндетін толық орындамаса келісімшартты үзетінін мәлімдеген болатын. Арада алты ай өткенімен «Жаңатас-Ақтөбе» ЖШС-ның жұмысшылар алдындағы қарызы өтелмеген. Жоспардан тыс жеті тексеру жұмысы жүргізіліп, анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін нұсқау берілген. Оларға қатысты әкімшілік іс қозғалып, 2,4 млн теңгеге айыппұл салынған. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 64 қызметкерге 6,4 млн теңге төленгенмен, бүгінгі күні кәсіпорынның 100 қызметкер алдындағы жалақы қарызы 44 млн теңгені құрайды.
Ал ақпанда Алматыда психоневрологиялық интернаттың кірпішін қалап, сыртын әктеп-сырлаған құрылысшылар жарты жылдан бері маңдай тер ақыларын ала алмай сабылып жүргенін айтып, біраз мекеменің есігін қағып, табандарын тоздырған болатын. Мердігер компания 400-ге жуық жұмысшыға 40 миллион теңге берешек болып қалған. Сол кезде «құрғақ уәдеге тойдық» деген құрылысшылар ақыл-есі кеміс балаларға арналған интернаттың құрылысын тоқтатып та тастаған еді.
Қаржы қолдарына тимей қиналған құрылысшылар компанияның кеңсесіне баса-көктеп кіріп, өз ақшаларын талап еткен.
Бұл жерде де сол бір компаниядан екінші фирма делдал болып, құрылысты жүргіземіз деп серттесіп, жұмыс істеген. Арты осылай созылып кеткен.
Екі мердігер компанияның текетіресінен қарапайым құрылысшылар сабылып, жарымжан балалар жаңа мекемеге кіре алмай біраз уақыт сенделіп қалғаны да бар еді.
Көбінесе Еңбек инспекторлары іске араласқанда ғана жалақы беруді қолға ала бастайтын компаниялар жетіп артылады. Мысалы, Алматыда көпір құрылысында жұмыс істеп жүрген жиырмаға жуық жұмысшы наразылық білдірді. Қазақстандық «МО-25 Мостоотряд» компаниясының Алматыдағы жұмысшылары жеті-сегіз айдан бері айлық алмаған. Компания кеңсесіне жиналғандардың ішінде прораб, слесарь, жүргізуші мен асфальт төсеушілер бар. Компанияда слесарь болып жұмыс істейтін Бекболат Биделов соңғы рет былтыр қараша айында айлық алғанын айтты. «Содан бері ақша жоқ. Менің бес балам бар. Отбасымды туған-туыстан қарыз алып бағып отырмын» дейді ол. 15 шілдеде басшылықпен жолыққан. Еңбек инспекторлары араласқан кезде ғана басшылары «айлықтарыңды бүгін береміз» деп уәде еткен.
Астанада да көпір салып жатқан жұмысшылар 9 айдан бері жалақы алмаған. Төзімі таусылған құрылысшылар ереуілге де шықты. «Үйге кіруге де ұяламыз бала-шағамыздан. Айлық апармағасын. Ол бірден қолыңа қарайды, шынына келгенде». Айлап еңбекақысын ала алмай жүрген жұмысшылар осылай деп зар иледі. Таң атысымен олар жан-жақтан жиналып, құрылыс нысанына келді. Бірақ жұмыс істеу үшін емес, аштық жариялау үшін. Шиеленіскен жағдайға Бас мемлекеттік еңбек инспекторы араласуға мәжбүр болды. Сол-ақ екен тоғыз ай тыпыр етпеген жұмыс беруші, сол күні ақша аударуға дайын болып шыққан. «Бухгалтерияға осы жиналған жұмысшылардың тізімі жіберілді. Бүгін-ертең жалақы шоттарына аударылады» деп жібіп қалған жоба жетекшісі Александр Попов ағынан жарылды. Тізім бойынша 26 адам ғана. Ал айлығын ала алмай, ауылына қайтып кеткен қанша жұмысшы бар. Компания басшылығы алдағы күндері олардың да еңбекақысын береміз деп отыр.
Міне, осылай маңдай терімен тапқан ақшасын ала алмай жүргендер әлі күнге дейін жетерлік. Бұл көбіне ауызша келісімнің кесірінен орын алуда. Олай болса қандай жұмысқа кіріссеңіз де, екіжақты келісімшартқа отырған дұрыс. Сол жағдайда ғана сіздің сөзіңіз өтімді болады.