Мектепке бала сыймайды, оқулық тағы қинайды
Мектепке бала сыймайды, оқулық тағы қинайды
621
оқылды

Жақында Нұр-Сұлтан қаласы­ның әкімі Алтай Көл­гі­новтің жетек­шілігімен инвестиция мәселелері бойынша аймақтық үйлестіру кеңесі өткен болатын. Қала басшысы білім саласына құйылатын қаражаттың маңызы зор екенін атап өтті. Мәселен, елорда мектептерінде 20 мың орын жетпейді. Сондай-ақ үш ауысымда оқытуға мәжбүр болып отырған 8 мектеп бар. Білім саласындағы бұл мәселе тек бас қалада ғана емес, өзге облыстарда да шешілмей келеді. Жаңа оқу жылы болса, басталуға жақын қалды. Түйткілдің тағы қандай түрлері бар, оларды реттеу үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр?


ОРЫН ТАПШЫЛЫҒЫН ШЕШУ ОҢАЙ БОЛМАЙ ОТЫР

Жоғарыда атап өткен кеңесте елорда басшысы мектептердегі орын жетіспеушілігін шешу ке­­регін шегелеп айтты. «Мамырда 6 мың оқушы мектеп бітіріпті. Бірақ бірінші сыныпқа баратын оқушылардың саны 24 мың екен. Яғни, 20 мыңға жуық орын тап­шылығы байқалып отыр. Енді осы мәселені жеке мектептер құры­лысы арқылы шешуіміз керек. Ол үшін отандық инвесторларды да, шетелдіктерді де тартып білім ордаларындағы орын жетіс­пеу­шілігін реттеуіміз тиіс» деген болатын.

Инвесторлар тарту демекші, бүгінде TAMOS EDUCATION ЖШС жеке физика-математика мектебінің құрылысы жайлы жан-жақты қарастырып жатыр деседі. Тартылатын инвестиция көлемі 4 миллиард теңгеден астам. Singapore International School Kazakhstan ЖШС жобасына сәйкес, мек­теп қалашығын салу да жос­парланып отыр. Ол жерде білім мекемесінен бөлек, жатын орны бар кампус салынады. Сингапур инвесторлары шетелдік білім беру жүйесін ұсынып отырған көрінеді. Яғни, жазда ол ғимарат бос тұр­майтындай ету керек деседі. Базада семинарлар мен лекциялар өткі­зіп, тәжірибе алмасу мақсатында шетелден мықты профессорларды шақырған жөн деген ұсыныс айтып отыр. EURO AST KZ 2019 ЖШС болса, мектеп пен балабақ­ша құрылысын ұсынған. 500 оқу­шы мен 120 мектеп жасына дейінгі балаларды қамтуды жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, мектеп салғысы келетін тағы 8 компания бар екен.

Алтай Көлгінов мектеп сала­тын жерді таңдаған кезде ол жерде халықтың қаншалықты көп тұ­ратынын, инженерлік желілер мен инфрақұрылымдарға қосылу мүмкіндіктерін бағамдау керегін ескертті. Биылғы оқу жылының соңында Нұр-Сұлтанда 108 мектеп болған. Дәл қазіргі кезде 9 мектеп пен 10 мектеп жанындағы жап­сарлас ғимараттың құрылысы жү­ріп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин бүгінде бас қалада ішкі миграция мен тұрғын­дар саны жылдам өсіп келе жат­қанын айтып отыр.

«Соңғы жеті жылды алсақ, мектеп жасына жетпеген балалар саны екі есе өскен. Сонымен бірге, орта білім беру саласында да контингент жыл сайын өсіп жатыр. Мектептен 8-10 мың түлек түлеп ұшады да, 1-сыныпқа 23-25 оқушы барады. Мұның ішінде миграция­ның есебі де бар. Сол себепті, қар­жыландыру көлемін тиісінше кө­бейту керек. Осы тұста соңғы екі-үш жылда елордалық білім беру саласын дамытуға бағытталған бюд­жет шамамен екі еседей артты», – дейді Ә.Жанғозин.

Бала саны артты деген сөз кадр да тапшылық байқалатынын білдіреді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде мықты мамандар тарту және жақсы жағдай жасау үшін табанды жұмыстар атқарылып жатыр деседі. Мысалы, баспана алуға 1 миллион теңгелік 275 сер­тификат табысталған. Одан бөлек, сұранысы жоғары педагогикалық мамандықтарға еліміздің оқу орындарынан 316 орынды мем­лекеттік тапсырыс берілген. Олардың алғашқы легі 2023 жылы бітіреді деп жоспарланып отыр. Басым көпшілігі – бастауыш және арнайы білім беру педагогтары. Ал колледжерде 850 маманға мем­лекеттік тапсырыс орналасты­рылған. Жас мамандарға арналған 300 орынды жатақхананың құры­лысы бүгінде аяқталған. Алдағы оқу жылында ашылады деген жоспар бар.

«Колледж – университет» үз­діксіз білім беру жүйесін құру шеңберінде гуманитарлық кол­леджді басқармаға тапсыру үдерісі жүріп жатыр. Осылайша, жылына 1 000 педагог даярлауға арналған жаңа алаң пайда болады. Әкім­діктің ақпараты бойынша, қуатты педагогикалық қауымдастық қа­лыптастыру үшін 2018 жылдың қаңтар айында білім беруді жа­ңарту орталығы ашылған. Ол жер­де түрлі деңгейдегі 7 мыңнан астам ұстаз оқытылған. Мұның ішінде жеке балабақша тәрбиешілері де бар.

Астанада апатты жағдайда тұрған бір мектеп бар. Ол жер бүгінде жабық. Бұл мәселені шешу мақсатында осы ауданда келер жылдың аяғына дейін мектеп салынады. Елордада 5 жеке мектеп бар. Алдағы уақытта тағы үшеуі ашылады деп жоспарланып отыр. Ата-аналардың қалтасына ауыр­лық салмас үшін білім мекеме­ле­ріне мемлекеттік тапсырыс бері­леді. Сонымен бірге, биыл тұңғыш рет халықаралық инвесторларды тарту арқылы мектеп салуға ин­вес­тициялық келісімшарттар жа­са­лып отыр. Бұл дегеніміз – 10 мың орынды 8 жаңа мектеп. Құ­рылыс жұмыстары 2024 жылы бітуі тиіс. Бас қаладағы жағдай осындай.

Алматы облысындағы ахуалға келсек, аймақта құрылыс жұмыс­тары қызу жүріп жатыр. Өйткені биыл 14 білім беру нысанының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде жоспарға сәйкес, 6 мектеп, бір мектеппен жапсарлас ғимарат және 3 жатақхана пайдалануға беріледі. Осы мақсатта респуб­ли­калық және жергілікті бюджеттен 10 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Үш ауысымды мектеп мәселесін шешу үшін облыста қосымша 30 мектептің құрылысы жоспарланған. Мұның ішінде жеті нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатса, төрте­уінде – мемлекеттік экспертиза қорытындысы жасалған, жыл соңына дейін қалған 19 нысанға байланысты жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа іссапар­мен барғанда, алдағы екі-үш жылда орын тапшылығын түгелдей шешу керек деп қадап айтқан болатын. Осы мақсатта 20 жаңа мектеп са­лып, құрылыс жұмыстарына 29 мил­лиард теңге бөлуді тапсырған еді. Қаражат 2020-2021 жылдары бө­лінеді деп жоспарланып отыр.

Маңғыстау облысында аталған мәселені реттеу үшін 4 мектеп са­лынбақ. Сонымен бірге, бесіншісін салуға байқау жарияланған. Облыс әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, аймақта апатты жағдайда тұрған мектеп атауымен жоқ. Әйтсе де, алты мектепте бастауыш сыныпта 2 563 оқушы үш ауысыммен оқу­ға мәжбүр болып отыр. Мұны ше­шу мақсатында Басқұдық ауы­лында – 320, Атамекенде – 320, Ба­тырда – 960 және Ақшұқырда 600 орынды мектеп салынады. Ақ­тау қаласының 34 шағынау­да­нында 900 балаға арналған жаңа мектептің құрылысына байқау жарияланған делінген баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Солтүстік Қазақстанда үш ауы­сымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында жаңа мектеп­тердің құрылысы жоспарда бар. Петропавл қаласында алдағы уа­қытта үш жаңа мектеп бой көтереді деседі. Оның екеуінің құрылы-­сы бас­талып кеткен. «Береке» ша­ғы­нау­данында салынып жатқан ғимарат 1 қыркүйекте пайдалануға берілуі тиіс. Жергілікті биліктің жос­парына сәйкес, Қызылжар ауда­нына қарасты Бескөл ауы­лын­да және Тайынша ауданында мек­теп салынады. «Осы жылы білім саласына бөлінген қаражат 18 па­йызға артты. Яғни, облыс бюд­жетінің 30 пайызына тең. Атап айтқанда, 60 миллиард теңге бө­лінді. Соңғы үш жылды алар бол­сақ, осы саладағы шығын 13,6 мил­лиард теңгеге көбейді» дейді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов. Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 142 білім беру нысаны жөндеуден өткізіледі. Оның ішінде 94 ауыл мектебі бар. Бұл дегеніміз жаңа оқу жылынан бастап, облыс оқушы­ларының жартысы, 35 мың бала жөнделген мектепте оқитынын білдіреді.

Аймағамбетовтің айтуынша, оқулық сапасына қатысты мәсе­ленің кесе-көлденең шыға беруінің бір себебі – уақыттың аз болуы. Көпшілігі асығыс жазы­лып, соның салдарынан сапасы да төмен болып шығады. Сонымен бірге, министр жыл сайын өт­кізілетін экспертиза жұмыстарына қатысты да біршама сын айтты. 

Ұлттық экономика министр­лігінің деректеріне сүйенсек, бі­рінші сыныпқа баратын бүлдір­шіндердің саны жылдан-жылға жылдам қарқынмен өсіп келеді. Мысалы, 2017-2018 және 2018-2019 оқу жылдары 358 571 және 389 897 бала мектеп табалдырығын аттаған. Биыл да бірінші сынып оқушыларының саны көбейеді. Өйткені 2012 және 2013 жылдары 768 409 бала дүниеге келген екен. Демографияның жыл өткен сайын өсіп келе жатқаны қуантады. Енді қалғаны осы сұранысқа сай ұсы­ныстардың жасалғаны ғана. Был­тыр бір сыныпта 25 баладан астам оқыған. Бұл болса, норма­тивтік санитарлық-эпидемио­логиялық талаптарға қайшы келеді.

 

ОҚУЛЫҚТАРДАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚ ТА АЗАЙМАДЫ

Жаңа оқу жылымен келетін келесі мәселе – оқулықтардағы қа­телер. Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқулықтарындағы олқылықтарды көзбен көріпті. «Оқулықтар мәсе­лесі жыл сайын орын алғанымен, шешілмей келеді. Сапасына қа­тысты айтылатын сын – шын сын. Өйткені қате расымен бар. Кейбірі әріптерді терген кезде кетіп қал­ғанын, енді бірі техникалық қате деп жатады. Бірақ қоғамды ондай ақталған сөздер қызықтырмайды. Өзім көргендерін тізіп шығайын. Орыс әдебиетінде өрескел қателер өріп жүр. Бір кейіпкерді біресе атымен, енді бірде тегімен атайды. Сонымен бірге, физика оқулығын алып қарасақ, дұрыс жауабымен сәйкес келмейтін есептер бар. Географияны қарасақ, картаға қатысты мәселе көп. Ағылшын тіліндегі кейбір сөздердің қазақша аудармасы дұрыс емес» дейді сала министрі.

Аймағамбетовтің айтуынша, оқулық сапасына қатысты мәсе­ленің кесе-көлденең шыға беруінің бір себебі – уақыттың аз болуы. Көпшілігі асығыс жазы­лып, соның салдарынан сапасы да төмен болып шығады. Сонымен бірге, министр жыл сайын өт­кізілетін экспертиза жұмыстарына қатысты да біршама сын айтты. «Экспер­тизаны екінің бірі жасай алмайды. Мықты ұстаздың бар­лығы мықты сарапшы болмауы мүмкін. Сон­дықтан біз кәсіби са­рапшыларды дайындауды қолға алуымыз керек. Сол кезде экспер­тиза нәтижесі де қуантатын бо­лады. Бүгінде сарап­тама деген аты ғана бар» деген еді.

Оқулықтардың сараптама жұмыстарының сапасын жақсарту үшін не істеуге болады? Білім және ғылым министрлігі кәсіби сарап­шыларды дайындап, оларды ар­найы сертификаттауды ұсынып отыр. Осылайша, оларға оқулық­тарды тексеріп, сараптауға алдын ала мүмкіндік бермек. Мысалы, қазір сараптама жұмыстары жы­лына екі рет, бір аптадан өткізіледі. Ал енді алдағы уақытта оқулық жазылып бастаған кезінде тексеру үшін электронды форматта тек­серуге жіберіп отыру жоспарда бар деседі. Осылайша, сарапшы-ма­ман арнайы платформада тексеріп, ескертпелерін қалдырып отыруға мүмкіндік алады. Оқулықты құ­растырушылар болса, сол қателерді жөндеуге жауапты болады. Тағы бір айта кететін жайт, рецензиялау жұмыстары жасырын түрде өткі­зіледі. Яғни, эксперттер тексеру барысында автордың кім екенін білмейді. Сондықтан байыппен тексеріп, құрастырушының тара­пынан қысымға ұшырамай жұмыс істейтін болады. Министр осы ретте он қадамды атап өтті. Тіз­бектеп шығалық:

1. Ұстаздарды жинап, ар­найы курс өткізіп, серти­фикаттау керек. Тұрақты қатысу­шылардың базасын құру қажет. Эксперттік және пәндік комиссия мүшелері сол базадан құпия әдіс арқылы таңдау;
2. Оқулық авторларын оқыту;
3. Экспертиза жасау про­цесін жетілдіру. Ол үшін оқулықтардың сараптамасын жа­сауға арналған арнайы платфор­малар керек. Сарапшылар сол жер­де тұрақты жұмыс істеуге мүм­кіндік алады.
4. Ескертпелердің қанша­лықты ескерілгенін элек­тронды платформа арқылы қада­ғалау қажет. Әр айтылған ескерт­пенің нақты жауабы болуы тиіс;
5. Оқулықтарды рецензиялау жасырын жүргені жөн. Яғни, эксперттер тексеру бары­сын­да автордың кім екенінен бей­хабар болады. Ол болса қысымның болмауын қамтамасыз етеді.
6. Баспалар қате жіберген жағ­дайда оқулықтарды ауыс­тыруды өз мойнына алуы керек;
7. Баспа қатесін жөндемесе, арнайы санкциялар қарас­ты­рылады;
8. Оқулықтар бағасына ана­лиз жасау жұмыстарын министрлік бақылауға алады;
9. Оқулықтардың көлемін кішірейту;
10. Белгілі бір пәндердің бағдарламаларында кет­кен олқылықтарды жөндеп, ретке келтіру.

Қыркүйектің бірінен бастап БҒМ сайтына 1-10 классқа арнал­ған оқулықтардың электронды нұсқалары салынады. Олар EPUB форматында болады. Осылайша, оқушылар электронды құрылғылар арқылы кітаптарды қолдануға мүмкіндік алады. Көптен бері сын­ға ілініп жүрген мәселенің бірі – мектеп сөмкесінің салмағы. Егер осы жаңа бастама сәтті жүзеге асырылса, аталған проблема да шешілер еді. Әйтсе де, интернеттің барлық мектепке қолжетімді емес екенін де ескеру қажет.

Естеріңізде болса, Мәжілістің кеңейтілген отырысында Бақытбек Смағұл осы оқулықтардағы қате­лерді сынға алған болатын. Соның ішінде қазақ мектептеріне арнал­ғандарына тоқталды. «Шыны ке­рек, қазақша оқулықтардың көбі аударылады. Мысалы, «Физикада» қате тұнып тұр. Мәтіндер жөнді тәр­жімаланбаған, кей есептердің шешімі дұрыс емес. «Алматы­кі­тапқа» қатысты айтар болсақ, 4-сыныпқа арналған математика кітабын қараңыздар. 56-бетінде валюталар туралы жазылған. Алдымен, шетелдің валюталары, сосын барып төл теңгеміз туралы ақпарат жүр. Бұл – өте өрескел қате. Сонымен бірге, қазақ оқу­лық­тарына тән емес адам есімдері бар. Айталық, Дори Мори, Ори сынды аттарды көруге болады. Басқа қа­зақша есім табылмады ма? 4-сы­ныпқа арналған оқулықтағы мына­дай тапсырманы көрдік. «Рататуй» мультфильмін көріп, мазмұнын айтып беру. Қазақша шығарма аз ба? Бұл айтқандары­мыз – аз бөлігі ғана. Грамма­ти­калық, техникалық қателер көп. Осылай жалғаса берсе, оқушы­лардың ертеңі қандай бо­лады?» деп орынды сынаған еді. Ми­­­нистрлік уәдесінде тұрып, сарап­­тама жұмыстарының сапасын ретке келтірсе, олқылық азая тү­сер. Қы­зықтың көкесін қыркүйек­те, жаңа оқу жылы басталып, оқу­шылар оқулықтарын парақ­тағанда көреміз.

Айтпақшы, мектеп сөмкесінің салмағы туралы. Оқушының денсаулығына зиян тигізбес үшін сөмке қанша келі болуы керек? Бұл сауалға Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жан­дарбек Бекшин былай деп жауап берді. «Оқу процесінде мектеп оқулықтарының маңызы жоғары. Санитарлық экспертиза нәти­жесінен соң, мектеп басылым­дарының талапқа сай не сай емесін көрсететін эксперттік қорытынды жасалады. Бір оқулықтардың салмағы 1-4-сынып оқушылары үшін 300 граммнан, 5-6-сынып үшін 400 граммнан, 7-9-сынып үшін 500 граммнан және 10-12-
сынып үшін 600 граммнан аспауы тиіс. Осыған дейін бұл талаптарға сай болмаған оқулықтар, яғни салмағы асып кеткендері Комитет ұсынысымен бірнеше бөлікке бөлінді. Бір айта кететіні, егер осы бекітілген салмақтан асып кет­кенін байқасаңыздар, телефон не комитеттің сайты арқылы хабар­лауға болады» дейді Ж.Бекшин.

Оқулықтар саудасы қыркүйекте қара базарда қызады. Сондықтан көшірме нұсқаларының қаптап жүретіні де белгілі. Ондай өнімдер әлдеқайда арзанға шығады. Олай болатын себебі, қағаздың сапасы төмен. Бұл дегеніміз қарауға ыңғайсыз болып, көздің көруіне зиянын тигізуі мүмкін. Асылы, арнайы дүкеннен алған дұрыс.


ТАҚЫРЫПТЫҢ ТОҚЕТЕРІ:  

Білім саласында «былық» аз емес. Жаңа оқу жылы басталған тұстан көңілі толмай, арызданып жүргендер көбейеді. Шырылдаған ата-ана баласын үшінші ауысыммен сабаққа жіберіп, кеш батқанда уайымдай бастайды. Енді бірі оқулықтардағы олқылықтарды көріп, болашаққа алаңдайды. Бәрінің де негізі бар. Айтқан уәждері де орынды. Сынды министрлік қабылдап, түзетсе игі. Әйтпесе, «айта-айта Алтайдының» әңгімесі жыл сайын айтылады.