Селден келген сергелдең
Селден келген сергелдең
249
оқылды

14 тамыз күні Алматыда сел жүру қаупі туралы ресми хабарланып, қала халқы жаппай дүрлікпесе де біршама әбігерге түсті. №1 өзендегі су деңгейі 5 метрге дейін көтеріліп кеткен. Таңнан іске кіріскен Төтенше жағдайлар департаменті халықты қауіпсіз орындарға эвакуациялап, оқиғаны барынша оң бағытқа бұруға тырысқан. Сел кернеуінен асып кетер болса деп қала билігі «Қазәуеқұтқару», «АлматыҚұтқару» және Ұлттық Ұлан қызметін даярлап қойған.

Жағдай теріс тұсқа қарай ау­нап түскен жоқ, абырой болған­да. Қалалық ішкі істер қызметі 19 500 адамды қауіпсіз аймақтарға орналастырған. Сел қаупіне бай­ла­нысты Қарағайлы және Тау Са­малы ықша­мау­дандарына кі­ре­тін жолдар жабылған. Нәти­же­сін­де, Қаскелеңнің жоғарғы тас­­­­жолындағы көлік қозғалысы тоқ­таған. Сон­дай-ақ полиция қауіп­сіздік мақсатында Чапай мен Қарағайлы ықша­мау­дан­дарына баратын Нәжмединов кө­шесін де жапқан. Оқиға оры­нына келген қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жағдайдың тұрақты екенін, тұрғындарға және шаһар­ға табиғи қауіп төніп тұрмағанын жария етті.

– Тиісті шаралар қабылданып жа­тыр. Алаңдауға негіз жоқ. Жаз­дай жұмыстар атқарылды. Көл­дің басында жұмыс істеген экс­каваторлар жерді қазып су жі­берген. Яғни, 77 мың текше метр су 26 мың текше метр те­рең­дікке дейін кеткен. Соның арқасында қазір су әлдеқайда аз кел­ді. Көлден аққан су тоқтады де­ген хабар келді. Ол өз қар­қы­ны­мен келе жатыр. Бө­гет­ке дейін­гі 22 шақырым қашықтықта су өзен арнасымен ағады деп ой­лаймыз. Су арасында ешқан­дай тас жоқ. Тек ағынды лай су ғана. Әзірге тұрғындар үшін ауызсу мә­селесін қаладан тасу арқылы ше­шеміз. Шаһар бойынша су та­ситын 30 көлік белгіленеді. Су құбырлары да жөнделеді, – деді тұр­ғындарға жағдайды егжей-тег­жей түсіндірген әкім.

Жалпы, Қарғалы өзені ба­сындағы көлдің суын уақытылы ағызып, қауіптен арылту жұ­мыс­тары биыл 6 маусымда басталған. Оған 6 сорғыш және сифон же­лісі іске қосылыпты. Ал тран­зиттік суды жүргізу үшін басқа арна дайындалған. Төтенше жағдайлар департаментінің ха­барлауынша, көлден 1,6 млн текше метр су жіберіліпті. Бас­тапқыдағы қарқыны 77 мың текше метр болған. Егер жағдай ушығатын болса, онда аумақтағы 8 учаскені су басып қалуы мүмкін екен. Шұғыл әрекеттің арқа­сын­да 59 техника бірлігі мен 216 адам жұмылып, жағдайдың алдын алған. Ал Қарғалы өзені 1,2 млн текше метр су қабылдауға қау­қарлы көрінеді. Белгілі жур­на­лист Ришат Асқарбекұлының айтуынша, Алматы қаласының бюджеті бай. Сондықтан табиғи әрі техногенді апаттардың сал­дарын жою қиындық туғызбауы тиіс.

– 2015 жылы Қарғалы тасы­ған кезде бүкіл ел үйлерін тастай қашты. Наурызбай мен Алатау аудандарындағы қаншама елді­мекен лай көшкіні астында қалды. Бұл орасан шығын. Әрі қала билігі үшін үлкен сабақ. Ал бүгінгі су тасқыны босаңсуға болмайтынын тағы да көрсетті. Қала басшысы ең бірінші аймақ­тың қауіп-қатерлерге дайын­дығын пысықтап алуы керек.

Шаһар үшін аса қауіптісі Іле Алатауы ойыстарында жатқан моренналық көлдер. Мамандар қаланы қашанда қорқынышта ұстап келген осы су қойма­ла­рының белсенді фазаға енгенін көптен айтып жүр. Ондай көл­дердің саны 40-тан асады... Алдыңғы әкім бұл мәселеге мән берді. Оларды зерттеуге қыруар қаражат бөлдірді. Су сорғыш­тар сатып алынды. Көлдердің ба­­сына арнайы бекеттер қо­йылды. Десе де, бүгін сел қалаға лап берді, – деп жазады жур­на­лист желідегі парақшасында.


Расында, шаһардың бұрын­ғы әкімі Бауыржан Байбек Қар­ғалы өзенінің арнасын тазалап, жағалауын бекіткен болатын. Кеше сел қаупі туындаған сәтте жағдайдың тез саябыр табуына сол кездегі даярлықтың да әсер бергені сөзсіз. Қала билігі тө­тен­ше жағдайдан соң дереу авиа­циялық бақылау шараларын ұйымдастырған. Оның мәлі­ме­тіне сүйенсек, №1 өзенде су деңгейі 6-7 метрге дейін төмен­деген. Ал аққан су массасының көлемі – 20-25 мың текше метр. Маусым басталғалы бері жүр­гізілген сақтандыру шарала­ры­ның арқасында 14 тамыз күні өзендегі су көлемі 42 мың текше метрге дейін төмен түскен.

Табиғат – қашанда болжап болмайтын қауіптер тудырады. Әзірге адам баласы табиғат анаға толыққанды билік жүргізетін құзіретке ие емес. Сондықтан 3 жыл бұрынғы қатердің қайта­ланбауын ешкім де жоққа шы­ғара алмас. Дәл осындай жоққа шығармау ғана онымен үнемі күресуге, алдын алуға, ақыр түбінде жоққа айналдыруға әсер етпек. Профессор, экология және климат мәселелерін жіті зерт­теуші Борис Степановтың айтуынша, күннің ысуы – сел жүруіне себеп емес.

– Селдің қашан жүретінін болжау қиын. Мұздықтар мен мореналарды зерттеу көп шы­ғынды қажет етеді. Сондықтан қауіпті көлдердің арнасын босату әлдеқайда тиімді. Бізде ешкім моренді көлдерді зерттемейді. Сондықтан қауіп мерзімін және себебін тап басып айта алмайды. Алматыда №6 және №13 өзен­дерден қорқу керек. «Қазсел­ден­қорғау» мекемесі №6 көлдің әрі кеткенде 5 метрін босатады. Ал оның тереңдігі – 20 метр. Мұны қазір жасалып жатқан жолмен, яғни сифон арқылы босату мүмкін емес. Бес метрден кейін сифонның өзі-ақ жұмыс істеуін тоқтатады, – дейді про­фессор.

Оның айтуынша, жаңбыр жауса сел болады деп байлам жасауға келмейді. «Сел – көп факторлы процесс. Сондықтан оны әркез жаңбырмен байла­ныстыра алмаймыз. Мәселе – жаңбырдың қай жерге жауға­нында. Егер тауға жауса, онда қауіп туады. Ал егер ағаш өсетін орта таулы аймаққа жауса, онда қауіп онша емес. Ал егер жауын-шашын барлық жерді жаппай қамтыса, онда апаттың алдын алуға кірісу керек» дейді маман.

Расында, шаһардың бұрын­ғы әкімі Бауыржан Байбек Қар­ғалы өзенінің арнасын тазалап, жағалауын бекіткен болатын. Кеше сел қаупі туындаған сәтте жағдайдың тез саябыр табуына сол кездегі даярлықтың да әсер бергені сөзсіз.

Мамандардың айтуынша, Алматыдағы апатты сел соңғы рет 1921 жылы жүрген. Ол Кіші Алматы өзені бойымен жылжып, сосын батысқа қарай бағытын өзгертіп, қазіргі Қонаев көшесін басып қалған. Ал дәл қазір сел жүре қалар болса бірінші кезекте Әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан кез келген аумаққа қауіп әкелуі мүмкін. Қазір қала бойынша үш жерде ғана – Кіші және Үлкен Алматы өзендерінде, сосын Қарғалы өзенінде ғана бөгет бар. Олардың техникалық мүмкіндігі жоғары. Бірақ әрбірі тек бір селдің бетін қайтаруға қауқарлы.

Кешегі жағдайдан соң Ішкі істер министрлігі де ақпарат берді. Министр орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, №1 өзеннен келер қауіп жоқ, деген­мен қауіп-қатерден арылмаған участкелер бар.

– 2015 жылы жергілікті бюд­жеттен бөлінген қаражатқа жұ­мыстар жүріп, Наурызбай ауда­ны территориясындағы өзен арнасы тұрақтанды. Ол секун­дына 20 текше метр суға дейін өткізе алады. Қазір тек Алатау ауданы жағы – Рысқұлов даң­ғылынан төмен, Алғабас ауданы аумақтарында әлі де қысым бар. Аталған жерлерде қосымша бақылау бекеттері, инженерлік техникалар ор­наласып, өзен арнасын кеңейту және терең­детумен айналысу­да. Соңғы 4 жыл бойы бұл өзен­де су жи­налған жоқ, – дейді Ю.Ильин.

Сонау 1973 жылы болған сел апаты туралы осыған дейін де талай айтылды, сан рет жазылды. Көріп-білмей, оқып отырып-ақ жаның түршігеді. Тұйықсу мо­ренді өзенінен келген су жо­лындағының бәрін тегіс жайпап, Кіші Алматы өзеніндегі «Мың­жылқы» су қоймасын 3 минут ішінде толтырып, жарып жі­береді. Одан соң құрамында 
300 тон­наға жетерлік алып қой тастары бар сел «Медеу» бөгетіне дейін секундына 10-12 шақы­рыммен зулаған. Абырой бол­ғанда, сел қалаға дейін жеткен жоқ. Мұндай қауіп кез келген уақытта туа салуы бек мүмкін. Жайбарақат қарауға еш негіз жоқ. Әкім-қаралардың да «алаң­дамаңыз» дегені «Алаңдап жа­тырмыз. Айналысып жатырмыз» дегені шығар деп сенеміз. Әйт­песе, шаруаны бүгінгі «алаң­­дамаңызбен» тамам қылып, ертең – марафон өткізу, арғы күні флешмоб жасау, одан соң велосипед жолағы керек пе, әлде жоқ па деген сауалға бас ауырту қисынсыз сияқты.