2018 жылдың маусым айында Елбасының Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласын жалпы түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналдыруға нақты қадам жасалды. Бұл тарихи мәні мен маңызы зор шешім бүкіл түркі жұртын елең еткізіп,олардың санасындағы байырғы түркілік тамырын жаңғыртып, ата қонысқа деген перзенттік сезімін оятып, рухы мен мерейін асқақтатқаны рас.
Шілде айында Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың үйінде болдым.Мен барған кезде ол кісі залдың төріндегі үстелде кітап оқып отыр екен. Байқап қарасам, оның оқып отырғаны – өзі жазған «Шың мен шыңырау» кітабы. Мен қалжыңдап «Көке! Өмір бойы жинаған кітапханаңызды Ұлттық кітапханаға түгелдей тапсырып, енді өзіңіз жазған кітапты оқып отырсыз ба? – дегенімде, ағамыз: – Ия шырағым, осы кітапта қалың қазақтың Өзбекәлісі атанған Өзбекәлі Жәнібековтің 1992 жылы маған өз қолымен жазған «Әзіреті Сұлтан» қорығы жөніндегі хатын жариялаған едім. Ол кезде мен Премьер-министрдің орынбасары болатынмын. Соны қайта-қайта оқып, қайран қалып, аруағыңнан айналайын асыл ағамыздың ұлт тарихын, тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жаңғыртуға қосқан ұшан-теңіз еңбегі мен оның мәңгі өшпес және өміршең мұраларын еске алып отырмын, – деді де, беті ашық тұрған кітапты маған ұсынды.
Мырзекеннің айтуынша, аталған хаттағы Өзбекәлі Жәнібековтің «Әізреті Сұлтан» қорығы мен Түркістан қаласы туралы көтерген мәселелерді іске асыруға ол кезде ешқандай мүмкіндік болмаған. Кейіннен, онда жазылған мәселелердің біздің ұлтымыз үшін ерекше маңызды екенін ескеріп, хаттың толық мазмұнын және олар жөніндегі өзінің ойларын 1999 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған екен. Бірақ, бұдан кейін де бұл мәселелердің көбі әлі күнге дейін шешімін таппапты. Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, күннен-күнге түрленіп жатқан осы шақта оларды ескеріп, іске асыру өте маңызды. Сондықтан, оларды мемлекет деңгейінде қайтадан қарап, жүйелі түрде шешуге қолайлы кез келген сияақты.
Бұл әңгімеден кейін мен Өзбекәлі ағамыздың хатының мазмұнымен танысып, Мырзекеннің келісімімен осы мақаланы жазуға бел будым.
Өзбекәлі ағамыз көтерген мәселелер төменде көрсетілген төрт негізгі және бірнеше белгіленбеген пункттерден тұрады. Олардың нақ осы кезде Түркістанда болып жатқан өте ауқымды өзгерістерге байланысты аса маныздылығын ескере отырып, көтерілген мәселелердің ең басты жерлерін оқырманға ешбір өзгеріссіз жеткізуді жөн көрдім. Олар мыналар:
1) X-XII ғасырларда Оңтүстік Қазақстанның халқы көне түркі тілінің қыпшақ-оғыз диалектісінде сөйлегені хақ. Ахмет Ясауидің де өзінің «Хикметтін» сол көне түркі тілінде жазған. Оны әзірбайжандық зерттеушілер 1978 жылы дәлелдеген. Ал ол еңбекті қазір шағатай тілімен шатастырып жүр. Оны көне өзбек тілінде жазылған деу қисынсыз. Оны шағатай тіліне жабыстырудың да ыңғайы жоқ. Сондықтан оның қай тілде жазылғанын анықтау қажет.
Соңғы кезде қайсыбір «зерттеушілер» Түркістан мен Отырарды қазақтан алыстатқысы келіп, пікір айтып жүргені белгілі(Силипа, Смағұлов т.б.). Түркістанға өзбектер 1819 жылы қоқандықтардың жаулап алуымен байланысты келген. Одан бұрынғы материалдарда оның «автохонды» тұрғындары болған өзбектер жөнінде ештеңе айтылмаған. Керісінше, қазақ тұрғындары жөнінде қызықты материалдар берілген. Анықтамада көрсетілген қазіргі зерттеулердің «тауып» алғандары.
2) 1952-1957 жылдары «Әізреті Сұлтан» қорығын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бірақ Самархан технологиясы Сауранның бай топырағын одан сайын «байыту» арқылы, құбылмалы ауа райын ескермей-ақ өндіре салғандықтан көптеген кемшіліктерге жол берілген. Оның үстіне іргесіне бетон отмоска беріліп, аэродром плиталарымен жабу-температуралық режимнің бұзылуына әкеп соққанын да айтпай кетуге болмайды. Соңғы үш төрт жылда төбесінен су аға бастапты, оны көргендер көрмеген болып жүре беретін дертке душар болғанға ұқсайды.
Анықтамада 1977 жылғы жоба жөнінде дұрыс айтылған. Ескі қаланы құртып, жаңадан «ескі қала» сала қоямыз деп әлек болған жұрттың көп ескерткіштерден көз жазып қалғанын қалай ұмытарсыз. Негізгі идея өзбек реставраторларынан қалған, кейін Т.Бәсенов қолдаған іс-қарекеттер кезінде бұрын пантеон қызметін атқарған көне құрылысты «өліктерден» тазалауға бағышталған.Соның салдарынан көптеген құлпытастар, мүрделер (Есім ханның, Абылай ханның, Тәуке ханның, Жәңгір ханның, Бөгенбай батырдың, Жәнібек-Тарханның) тастары жоғалған. Ал қазіргі екі-үш тасты 1979 жылы музей ашылған кезде шартты қоюға тура келді.
3) Тығырықтан шығудың бір ғана жолы бар. Ол реставрация жұмыстарын жолға қоюмен байланысты. Кезінде мемлекеттік комитет, не басқарма құрылмағаны бекер-ақ болған. Бұл мәселемен түбегейлі айналысу қажет. Оны түріктер келіп, орнына келтіреді дегенге өз басым сенбеймін. Жауапкершілікті арттыру қажет-ақ, ол жетісе бермейді.
4) Түркістан қаласы жөнінде: оның мәртебесін көтеру қажет сияқты. Халқына (әсіресе қазақтарға) квота берген жөн болар. Өйткені, бұрын қалада қазақ халқы көпшілік болса,селода өзбек халқының ара салмағы басымырақ болатын.Қазіргі кездегі миграцияға байланысты қалада да, селода да өзбектердің ара салмағы 57-60 процентке дейін өскенге ұқсайды. Бұл жағын реттемесе, қиыншылыққа апарып соғуы мүмкін. Бұл ұлтшылдық емес, қалыптаса бастаған әлеуметтік ахуалға байланысты айтылып жүрген пікір. Түркістан үшін қазақ халқының қаны төгілген, ол – оның ең қасиетті орны. Үш жүз жылға жақын уақыт қазақ хандарының тұрағы-астанасы болған. Онда халқымыздың асыл азаматтарының, ең қалаулы ұлдарының сүйегі жатыр. Оны қастерлемеске болмайды. Көне көз қариялардан кезінде Ташкент те өзбек халқының пайдасына қалай реттелгенін талай естіген едік. Мұның ешқандай сөкеттігі жоқ.
Бәлкім, Түркістанда облыс орталығы құрылса жөн болар. Бұл бұрын да айтылған мәселе. Басшыны қазақтан қойған, онда да тарихтан, мәдениеттен, тілден саңлауы бар, солардың шотын шабатын ағайыннан қойған жөн болар.
«Светозвуковая видеопанорама» қоюдың орынсыз деп табылуы да ұйымдастырылған нәрсе сияқты.
Абылай ханның туған жері де, қайтыс болған жері де – Оңтүстік Қазақстан, оның ішінде осы Түркістан. Оның мүрдесінен бой жазып қалғанымыз – кешірілмес күнә. Ол-ол ма, Бөгенбай батыр, Әйтеке би, Жәнібек –Тархан (Есім хан, Тәуке хан, Тәуекел хан, Жәңгір хан, Iлияс хан сияқтыларды былай қойғанда) сияқты ел алдында еңбегі зор, әрқайсысына зәулім биік ескерткіштер тұрғызуға тұрарлық азаматтардың да мүрдесі жоғалған, сүйегі лақтырылған. Мұнан артық тарих алдында қылмыс бола қоймас. Енді сол үшін кешірім сұрауға міндеттіміз. Оның бірден-бір жолы Ахмет Ясауидің алдынан Рабия Сұлтан Бегімнің кесенесінен кем емес қырлы күмбезді, өрнектелген пантеон тұрғызып (ол міндетті түрде ескі стильде болуы керек), ол жерге адамдардың аты-жөні жазылған плиталар қою қажет.
Мырзатай бауырым! Абылайға қатысты Оңтүстік Қазақстандағы жерлердің бірде-бірінде белгі жоқ. Түркістандағы хан сарайының орны жоғалған.
Ордабасында тарихи-табиғи қорық ұйымдастыру керек сияқты. Ондағы тас ұнтақтайтын зауыттың жұмысы әлі тоқтамапты. Тау баурайын көгалдандырып, ағаш ексе, бұрынғы бұлақтар қайта жанданар ма еді деген ой көңілге орала береді. Тауды көгертіп, басына темірбетоннан монумент тұрғызып, кішігірім музей ұйымдастырып, жұрт сусындайтын шайхана салса – ол жұрттың демалыс орны болатыны сөзсіз. Оның үстіне Ордабасы – Шымкенттің түбінде орналасқан, «тоғыз жолдың» түйіскен жері.
Ал Сайрам ауданының Қарабұлақ қыстағынан теріскейге қарай 6-7 шақырым жердегі Абылай ордасының орнына (ол көп жылдар бойы Ханқорған деп аталып келген) да белгі қойған жөн.
Өзбекәлі ағамыздың газет бетіндегі осы хатына Мырзатай Жолдасбековтің көтерілген мәселелер жөніндегі қысқаша пікірі де қоса беріліпті, онда ол кісі Қазақстан тарихында Түркістаннан асқан қала, Абылайдан асқан хан жоқ. Абылай атын ардақтайтын да мезгіл әбден жетті деп жазыпты.
Бұл жерде аталған хат жарияланған кезге дейін де, одан соң да көтерілген мәселелер айналасында біраз жұмыстар істелгені туралы айта кеткен жөн. Атап айтқанда біраз отандық және шетелдік ғалымдар Ахмет Ясауидің «Хикметін» қайта зерттеп, бір тұжырымға келгендей болды, бірақ ол туралы күмән толығымен сейіле қойған жоқ.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бір түрік компаниясы «Әзіреті Сұлтан» кесенесін қалпына келтіруге байланысты жұмыстармен айналысты. Бірақ, өкінішке қарай, олар тиісті нәтиже бермеді, бұрынғы болған кемшіліктер одан да күрделеніп кетті.
Кесененің жанында балшықтан қорған, жаңа үлгідегі музей салынып және арнайы қабырға тұрғызылып, онда асылдарымыздың аты-жөні жазылған тақтайшалар орнатылды.
Түркістан қаласының жаңа жобасында «Әзіреті Сұлтан» кесенесінің маңында 8 ғимараттан тұратын рухани-мәдени орталық салу көзделген. Оларды қазіргі кезде 2-3 жылдың көлемінде тұрғызуға болады. Менің ойымша, осы жобаны іске асырмай тұрып, Өзбекәлі ағамыздың хатындағы көтерілген мәселелер ескеріліп, көне қаланы қалпына келтіру үшін арнайы жоба жасап, ескі қаланың алып жатқан аймағын тағы да толығымен анықтап, жаңадан салынатын ғимараттардың орындарында археологиялық және басқа да зерттеулер өткізіп, тек содан кейін ғана құрылыс жұмыстарын бастау керек деп ойлаймын. Егер олай істелінбесе, көне қаланың баға жетпес құндылықтары салынғалы жатқан ғимараттарды тұрғызу кезінде бүлініп, жойылып және олардың астарында көміліп қалуы мүмкін. Олай болған жағдайда тарих алдында күнәға белшемізден бататынымыз сөзсіз.
Егерде, Өзбекәлі Жәнібековтің аманаты орындалса, оның хатындағы аталған және аталмаған бабаларымыздың аруағы ырза болатыны сөзсіз.
Ержан ИСАКУЛОВ,
саяси ғылымдарының докторы