Сәтбаевтағы оқиға: Жеңіс Қасымбек аймақ тұрғындарына бейнеүндеу жолдады
Сәтбаевтағы оқиға: Жеңіс Қасымбек аймақ тұрғындарына бейнеүндеу жолдады
145
оқылды
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аймақ тұрғындарына бейнеүндеу жолдап, Сәтбаев қаласында бес жасар қызды ұрлау ісі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында екенін мәлім етті. Облыс әкімі күдіктінің ұсталғанын, қазір барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын айтты. Қыз ата-анасымен бірге үйінде. Өңір басшысы баланың денсаулығын үздік мамандар қадағалап жатқанын айтты.
«Өкінішке қарай, Сәтбаевта оқиға орын алған түні кінәсіз адамдарға зиян келген. Тәртіп бұзғандарды тоқтату үшін жеке құрам оқиға орнына жұмылдырылды. Мен азаматтарымыздың жүрегінде наразылық толы екенін түсінемін және келісемін. Бірақ біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз, сондықтан да эмоциямызды тыйып, болған жағдайды құқықтық алаңда қарауымыз керек», - деді Жеңіс Қасымбек.
Ол сондай-ақ тергеу аяқталғаннан кейін кінәліні қатаң жаза күтіп тұрғанын атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, биылғы 23 шілдеде Сәтбаев полициясына ер адам бес жасар қызының жоғалғанын айтып, арызданған болатын. Қызды іздеу жұмыстарына жергілікті полиция бөлімінің барлық жеке құрамы мен жүзден астам ерікті қатысты. Бала түнде көпқабатты үйлердің бірінен табылды. Бұл шаһарда үлкен шу туғызды. Қазір қалада жағдай тұрақтанды. Сәтбаев күнделікті режимде өмір сүріп жатыр. Бүгін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Сәтбаевтағы бес жасар қыз баланың жоғалуына қатысты оқиғаның мән-жайын айтып берген болатын. Сондай-ақ  Президент Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы жағдайға байланысты кеңес өткізді. https://www.youtube.com/watch?time_continue=107&v=cTWmBONRYU0&feature=emb_logo