Көзімнің қарасы: Абайдың әні алғаш рет жапон тілінде шырқалды
Көзімнің қарасы: Абайдың әні алғаш рет жапон тілінде шырқалды
324
оқылды
Абайдың әні алғаш рет жапон тілінде шырқалды, деп хабарлайды Қазақстанның сыртқы істер министрлігі. Жапон әншісі Ранка «Көзімнің қарасы» әнін жапон тілінде орындап, сол арқылы қазақстандықтарды қазақ ақыны Абайдың 175 жылдығымен құттықтады. Ол сондай-ақ коронавирус пандемиясы кезінде Қазақстан халқына осы сынақтан сүрінбей өтіп, қалыпты өмірге тез оралуын тіледі. Музыкалық композицияның дәстүрлі жапон аранжировкасы «кото» ұлттық шертпелі аспабының дыбысталуымен «Zerosta» продюсерлік компаниясымен жасалды. Әннің сөзін жапон тіліне «Wako» университетінің профессоры Хироки Сакаи аударды. Жалпы ол - қазақ халқының фольклорлық-мифологиялық мұрасы туралы бірнеше кітаптың авторы, оның ішінде Абайдың «Қара сөздерін» жапон тіліне аударған.
«Қазақстанның Жапониядағы елшілігінің достар тобы ізгі ниет жобасының мақсаты - Абай шығармашылығының көркемдік және эстетикалық мазмұнын жапон тілінде жеткізу арқылы қазақ мәдениетін дәріптеу», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Ранка - композитор, жапондық халық және заманауи музыканың орындаушысы, сондай-ақ «Japan Record Awards» музыкалық сыйлығының Гран-при иегері.