Қазақ руханиятына «Абай шапағатын» төгеді
Қазақ руханиятына «Абай шапағатын» төгеді
192
оқылды
Дәулеткерей Кәпұлы, Әсем Ережеқызы, Серікзат Дүйсенғазы, Айбек Қали сынды қоғам қайраткерлері жетекшілігімен «Абай шапағаты» халықаралық қайырымдылық қоры құрылды. «Nur Otan» партиясы қолдауымен 24 шілде күні «Жақыныңа жанашыр бол» акциясы аясында 10 отбасыға ақшалай көмек көрсетті. Акция мақсаты – әлемді жайлаған індеттің салдарынан  әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жәрдем беру. Ал қор жетекшілері бұдан басқа  тағы 2 пунктті негізге аламыз деп отыр. «Жақыныңа жанашыр бол» қайырымдылық акциясының демеушісі – кәсіпкер, меценат, қазақ руханиятын қолдаушы Толқын Ақанұлы. Сондай-ақ шараға Қазақстан Жазушылар одағы, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшелері және «Jas Otan» жастар қанатының еріктілері қатысты. Қордың мақсат-міндеті мен келешек жоспарын Әсем Ережеқызы тарқатып берді. « Дәулеткерей Кәпұлы, Әсем Ережеқызы, Серікзат Дүйсенғазы, Айбек Қали сынды бірқатар айтыс ақындарының қолдауымен «Абай шапағаты» халықаралық қайырымдылық қорының жұмысын бастады. Дәлірек айтқанда, қор Құрбан айт мерекесі қарсаңында, «Nur Otan» партиясының қолдауымен «Жақыныңа жанашыр»  акциясын ұйымдастырды. Оған қазақ руханиятының қолдаушысы, меценат, белгілі кәсіпкер Толқын Ақанұлы демеушілік жасады. Әуел баста мереке қарсаңында 10 көмекке мұқтаж жанұяға 10 қой апарсақ деген ниетіміз болған. Бірақ ақылдаса келек, Үкімет беріп жатқан көмекпен бірдей болсын деп 10 отбасыға 42 500 теңгеден таратып бердік» деді айтыскер ақын Әсем Ережеқызы. Мұқтаж отбасылардың тізімін қалай жасағанын сұрағанымызда, 3 жанұяны «Қарекет» бағдарламасынан, қалған 7-еуін Әзірет сұлтан мешіті арқылы тапқанын айтты. Әсем Ережеқызы әр отбасына қоңырау шалып, неге мұқтаж екенін сұрап шыққан. «Қоңырау шалғанымда олар «қазір пәтерақы төлей алмаған былай тұрсын, азық-түлікке мұқтаж боп отырмыз» деді. Сол себепті ақшалай көмектескенді жөн көрдік» деді айтыскер ақын. Жетекшілер Абайдың 175 жылдық мерейтойы құрметіне қор атауын «Абай шапағаты» деп қойған. Алда той тойланбайтыны белгілі. Айтыс ақындары да осыны негізге ала отырып, шешім қабылдаған. «Қор атауын ұлы ақынның құрметіне қойдық. Қазір Абайға той мен ақшаның, атақ пен айтыстың не керегі бар? «Оданда осындай қиын кезде қиналған қазаққа Абайдың шапағаты тисін» деп ойладық. Ойымыз жүзеге асса нұр үстіне нұр болмақ.Бұл қор бір айлық, бір күндік, бір жылдық қор емес. Бұл қордың жарғысында ең бірінші мұқтаж жандарға қайырымдылық жасау жайы жазылған. Екіншіден, ұлттық өнер оның ішінде айтыс, жыр-терме мен күйге көңіл бөлеміз. Одан кейін білім саласын қамтып, білімді жастарға стипендия тағайындаймыз. Әзірге жоспар осындай. Қазір пандемия кезінде тек қана қайырымдылықпен айналысуға бет бұрдық. Алла қалап, дүние өзінің қалыпты ырғағына түскен кезде халық қайтадан өзінің руханиятын іздейді. Сол кезде қалған екі пункті іске қосамыз» дейді Әсем Ережеқызы. Әсем Ережеқызының айтуынша, қордың алға қойған міндеті айқын, мақсаты бір. Қазақ халқының игілігіне, ұлттық мұрасының сақталуына қызмет ету. Руханиятты оятып, елді бір-біріне жанашыр болуға шақыру. Әрі ол қор жұмысы ғасырдан ғасырға жалғасқанын қалайды. «Кезінде Ататүрік өмірден өтерінде жиған-тергенін тілді сақтап, көркейтсін деген тілекпен Түрік тілі одағына аударып кеткен. Түрік тілі одағы әлі күнге дейін Ататүрік тастап кеткен қаражаттың бір тиынына тиіскен жоқ. Тек соның пайызымен ғана жұмыс істеп жатыр. Әрі ел игілігіне жарар ауқымды жобалары бар. Мен де «Абай шапағаты» қорының қазақтың мұқтаждарына, өнерпазы мен білімді жасына ғасырдан-ғасырға қызмет еткенін қалаймын» дейді айтыскер ақын.

Айбике ЖАНАСЫЛ