Комитет 81 адамның мүддесін қорғаған. Жалпы саны 177 билет сатып алынған. 3 шілдеде түсірілген талап 5,9 млн теңгені құрайды. Әуекомпанияға қойылған талаптарға келсек, тұтынушылардың кінәсінсіз жойылған әуе рейстеріне бұрын сатып алынған билеттің құнын толық көлемде қайтаруын, жауапкерді тұтынушының кінәсінсіз жойылған әуе рейстерге сатып алынған билеттің толық құнын өтеуін, «Бек Эйр» АҚ-нан тұтынушылар пайдасына әуебилет үшін төленген соманы өндіріп алу көзделген. Мақсат орындалды, талап қанағаттандырылды. Енді сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін комитет тұтынушыларға ақшаны тез арада қайтаруға жәрдемдеседі. Осыған дейін 26 мамырда сот тасымалдаушының мүлкін тәркілеген болатын. Сондай-ақ 17 маусым күні Түрксіб аудандық сот Bek Air әуекомпаниясын ұшпай қалған рейстер билетінің құнын қайтаруға міндеттеген еді. Жауапкердің жолаушыларға қайтаратын сомасы ол кезде 54,2 млн теңге болған. Осынша сомаға 1,6 млн билет сатып алынған. Араға 3 күн салып, Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті екінші талап-арыз дайындап жатқанын хабарлаған. Сонымен бірге айта кететін тағы бір жайт, сот Bek Air әуекомпаниясына 16,2 млн теңге көлемінде мемлекеттік баж салығын төлеуді тапсырған. Аталған сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Коронавирус пандемиясына байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұл іс ұзаққа созылып кетуі мүмкін деген еді. Есіңізде болса, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан бас қалаға қарай шыққан Bek Air ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Әуе апатынан 12 адам қаза тауып, 50 шақты адам жарақат алған. Осыдан соң Қазақстанның авиациялық әкімшілігі эксплуатанттың сертификаттары қызметі мен ұшуын тоқтатып, Бас көлік прокуратурасымен жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Нәтижесінде, Bek Air-дің біршама былығы ашылды. Соның ішінде, ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін де, өзге де өрескел заңбұзушылықтар табылды. Тексеріс нәтижесі әуекомпанияға жолданып, хатты алған соң 10 күн ішінде Авиациялық әкімшілікке қалай реттейтіні жөнінде жоспар жіберуі керек болатын. Сонымен бірге беті ашылған «былықтың» бәрін қалыпқа келтіруге жарты жыл уақыт берілген. Егер осы уақыт ішінде орындамаса, сертификаттар қайтарылатыны туралы да айтылды. Енді аталған ескертулер ескерусіз қалғандықтан, Fokker-дің барлық тоғыз әуекемесіне ұшуға тыйым салынып, сертификаттар қайтарып алынған. Ұшақтардың ұшпайтыны белгілі болған соң, Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті Bek Air-ді сотқа берді. Ондағысы –жолаушылардың ақшасын қайтаруға қатысты талап-арыз. Екі сот отырысының нәтижесінде енді алдағы уақытта жалпы саны 989 тұтынушының билет үшін берген қаражаты қайтарылады. Жолаушыларға әуекомпания қайтаруы тиіс сома — 60,1 млн теңге.
Айша ЕРСҰЛТАН