АҚШ vs Қытай: текетірестің жаңа деңгейі
АҚШ vs Қытай: текетірестің жаңа деңгейі
318
оқылды
Сауда соғысын бастан ке­шір­ген қос ел енді дипло­ма­­­­тиялық тартысқа көшті. Гон­­конг ұлттық қауіпсіздігі ту­ралы заңды қабылдап, арал­дың азаттығын ұрлаған Қытай АҚШ-тың «шабуылына» ұшы­­рады. Алдымен сол заң­ды жасаған Қытай ше­неу­нік­теріне санкция салынды. Оған қоса, Гонконг енді Қы­тай қарамағында болған соң Вашингтон олармен ер­кін сау­даны шектеді. Алай­да пре­­зидент Дональд Трамп үшін бұл шаралар аз көрін­ген секіл­ді. Ол 22 шілде күні Қы­тайдың  Хьюстон қала­сын­дағы консулдығын 72 сағатта жабуды талап етті. Бұл туралы Американың мемлекеттік де­партаменті хабарлады.  

Дипломатиялық қысым

Келесі кезек Сан-Франциско қаласындағы Қытайдың консул­дығына келуі мүмкін. Себебі онда Калифорния университетінде жұ­мыс істеген және Қытай әскериле­рімен байланыста болған деп айып­талған Цзюань Тан есімді био­лог жасырынып отыр деген күдік бар. Оның үйін тінту бары­сында әске­рилермен қарым-қаты­наста бол­ғанына қосымша дәлел табылған. Әзірге ол құрықталмады. Бұдан бөлек, АҚШ қытайлық бас­қа да ғалымдарды тұтқындады. АҚШ-тың Қытайға таққан айып­тары мұнымен шектелмейді. Вашингтонның пікірінше, екі қы­тай­лық хакер Америкадағы COVID-19 вирусына қарсы вак­цинамен айналысатын зертхананың серверін бұзып, басқа да ақпаратты ұрлаған. Егер естеріңізде болса, дәл осындай заңсыз әрекеттерді ресей­лік хакерлер де жасап жатыр деп Батыс елдерінің біраз барлау қыз­меттері мәлімдеген болатын. Айтпақшы, 72 сағатта Хьюс­тон­дағы консулдық ғимаратын жабу қажеттігін естіген Қытай дипло­маттары құжатты өртеуге кіріскен сыңайлы. Мұны ғимаратқа көрші тұратын азаматтар бірден байқаған. Алайда консулдық қызметкерлері мұндай жағдайда көмекке ұмты­латын өрт сөндіру қызметі мен по­лиция өкілдерін ғимаратқа кір­гіз­беген. Twitter-дегі Breaking911 аккаунт иесі консулдықтың ішкі алаңқайында талай құжаттың күл-қоқыс жинайтын орында өртке оранғанын дәлелдейтін видео жүктепті. Әрине, ресми Бейжің үнсіз қалмасы анық. Олар АҚШ әрекетін саяси арандатушылық, халықара­лық құқықты және екі ел арасын­дағы консулдық қызмет туралы келісімді бұзу деп мәлімдеді. Оған қоса, қазіргі процесс тоқтамаса, жауап ретінде Ухань қаласындағы АҚШ консулдығын жабуға уәде берді. Ал кеше Бейжің таңдауы Чэнду қаласындағы АҚШ-тың кон­сулдығына түсті. Неге? Өйткені Уханьда вирус тарағалы ол жақтан АҚШ дипломаттарының басым бөлігі көшіп кеткен. Ал Чэндудағы консулдық Қытайдың оңтүстік-батыс провинцияларындағы Аме­риканың негізгі өкілдігі болған. Осылайша, олар Хьюстонға сайма-сай соққы беруге тырысқан секілді. Жалпы, АҚШ-тың Қытайда 5 кон­сулдығы бар және Гонконг, Макаода бас консулдығы орналасқан. Ал өз кезегінде Қытайдың АҚШ-та 5 консулдығы болды. Біреуі жабыл­мақ. Екіншісінің мәселесі қарас­тырылуда. Ty  

Сауда соғысының жалғасы ма?

Ал енді Трамп неге мұндай қа­таң қадамға барып отыр? Оған бірнеше болжам бар. Біріншіден, қазіргі шара бұған дейін жүргізілген антиқытайлық саясаттың келесі кезеңі болуы мүмкін. Яғни, был­тырғы сауда соғысының логикалық жалғасы. Себебі 2018-2019 жыл­дар­дағы ол текетірестен америкалық көптеген кәсіпкер, фермерлер шы­ғын көрді. Трамп содан туған ашуды тағы Қытайға бұру үшін тыңшы-ғалым сылтауын тапқан болар. Өйткені әдетте барлау қызметі тыңшыларды тапса да, осындай кезде пайдалану үшін сырттай бақылай тұрады. Осы әдісті АҚШ пен Ресей кезінде өзара бірнеше рет қолданды. Екіншіден, әлем және АҚШ коронавирустан қатты зардап шекті, экономика тұралап қалды. Трамп о бастан бұл дертті «қытай­лық вирус» деп атап жүрді. Яғни, вирус Уханьнан шыққан соң жауап­кершілікті Қытайға артқысы келді. Осы арқылы елдегі пандемиядағы сансыз сәтсіздіктерін өзгеден көр­гісі келетіндей. Бұл биылғы прези­денттік сайлауалды кампания ал­дындағы арзан саяси әрекет сияқты. Үшіншіден, осы саяси науқан алдында Қытайды АҚШ-тың басты жауы ретінде көрсетіп, оған қарсы Америка қоғамын біріктіргісі ке­летіндей. Бұл – саяси кампаниялар алдында кандидаттар жиі қолдана­тын әдістің бірі. Мәселен, Путин сайлау алдында Батысқа қарсы ба­тыл сөздер айта бастайды. Бас­қаша айтса, сайлау алдында ұпай жинаудың амалы. Төртіншіден, бұл демократиялық Гонконгты бір заңмен «тұншықтырған» Қытай әрекетіне дипломатиялық жауап болуы мүмкін.  

Қол бастайын десе, қолдаушысы жоқ

Трамп 4 жыл ішінде біраз елмен арақатынасын бұзып, енді Қытайға қарсы ерікті және еріксіз (саяси қысым жасап) коалиция құрғысы келіп жатыр. Мәселен, мемлекеттік хатшы Майк Помпео тарихи одақ­тасы Британияға келіп, премьер Борис Джонсонды қытайлық Huawei компаниясын Тұманды аль­бионда 5G байланысын орналас­тыр­мауға көндірді. Бұған дейін Жа­пония мен Австралия да Ва­шинг­тонның осы талабын орындап, Huawei-дің қызметін елінде шек­теген еді. АҚШ-тың екі құралы бар: біріншісі, қытайлық компания­ларды байланыс құралдары арқылы барлау жүргізеді деп айыптауы және екіншісі, ел Huawei-ден бас тартса, шығынын АҚШ төлеуге даяр. Алайда көптеген дамушы елдер, еуропалық мемлекеттер Huawei-дің арзан құрылғылары мен қызметіне қызығып, оларға 5G байланысын орнатуға рұқсат беріп жатыр. Жалпы, Трамптың Қытайға қар­сы коалиция жинау саясаты сәтсіз болуы әбден мүмкін. Неге? Өйткені ол әлемдік саяси аренадағы ірі ойын­шылардың түгелімен дер­лік арақатынасын бұзып шықты. Енді олар Вашингтонның ұсынысы бо­йынша Қытайға қарсы әрекет жа­сауы неғайбіл. Мәселен, 1945 жыл­дан бері қалыптасқан трансат­лан­тикалық «АҚШ-Еуропа» бай­ла­ны­сын Дональд Трамп өз қо­лымен өткен 4 жылда үзді. Нақты­рақ айтса, Еуропадағы Германия секілді ірі елдерге НАТО аясында бірнеше мил­лиард долларлық жар­на төле­ме­дің деп қоқан-лоқы көр­сетті. Ал Франция ірі технологиялық компа­нияларға 3 пайыздық салық салған соң жауап ретінде осы айда АҚШ француз косметикасы мен сөмке­ле­ріне баж салығын 25 пайыз­ға өсірді. Иранға қарсы саясатында Меркель мен Макронды тыңда­ма­ды. Енді олар Трампқа құлақ асады дегенге се­ну қиын. Оған қоса, Қы­тай инвес­тициясы Еуропаға артық­тық етпейді. АҚШ Ресейге 2014 жылдан бері сансыз санкция салып келеді. Енді Мәскеу Қытайға қарсы Вашинг­тон­ды жақтай қояды деу қиял-ға­жайып әңгіме сияқты. Трамп Бей­жіңге қарсы Үндістанды да өзіне жақтас ретінде тартқысы келді. Себебі Қытай мен Үндістан жерге таласып, шекарада оқ атысып қа­латыны бар, оған қоса қытайлықтар іргедегі Пәкістанды қолдайды, өз кезегінде Үндістан олармен Каш­мир үшін сан жылдар бойы шекісіп келе жатқаны белгілі. Алайда осын­дай жағдайға қарамай, үнді премьері Нарендра Моди Трамптың антиқы­тайлық коалициясына қосылуға асықпады. Жалпы, үнді елі саяси блоктан іргесін аулақ салатынын ХХ ғасырдан бері әлемге мәлім еткен. Бәлкім, Неру мұрасы шығар.  

Не ексең, соны орасың

Сонымен, Трамптың Қытайға қарсы саясатын астыртын кейбір араб елдері (Сауд Арабиясы, Ку­вейт) және өзі жанұшыра қорғаған Израиль қолдауы мүмкін. Бірақ олар да Қытайдың арзан несиесі мен инвестициясынан арылғысы жоқ. Қысқасы, қарашадағы прези­дент сайлауы жақындаған сайын Трамптың сыртқы саясаты сыр бе­ріп келеді және оның қазіргі әре­кет­тері өзінің соңғы тұяқты сермеуі секілді көрінеді.  

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА