COVID-19: банктерге қалай әсер етті?
COVID-19: банктерге қалай әсер етті?
166
оқылды
Таратып айтсақ, кірісі жоғары банк­тер­дің алғашқы бестігін 144,8 млрд теңге та­­быс тапқан Халық Банк бастайды. Екін­­ші орында 108,1 млрд теңге табысқа ке­­нелген Kaspi Bank тұр. Қалған үш орын­ды ForteBank – 28,9 млрд, Сбербанк – 28,7 млрд, Ситибанк 26,3 млрд теңге та­быс­пен қорытындылайды. Ал Ұлттық банктің мәліметіне сүйен­сек, 1 шілдедегі жағдай бойынша  екінші дең­гейлі банктердегі депозит те өсім көр­­сеткен – банктердегі депозиттердің жал­­пы көлемі 19,3 трлн теңгеге жет­кен. Соңғы бір жылда депозит 2,65 трлн тең­геге өскен.  Осыған қарап коро­на­­дағдарыс банктерді айналып өткен бе деп ойласаңыз, еркіңіз. Бір анығы, ко­ронадағдарыстың екінші деңгейлі банктерге ықпалы түрлі-түрлі бол­ғанын кө­реміз: бірі табысқа кенеліп жа­тыр, енді бірі жабылуға жақын тұр.  

Наурыз айы кімге сәтті, кімге сәтсіз болды?

Жалпы, банктердің қаржылық жағ­дайына алғашқы жарты жылдың ішінде наурыз айы айтарлықтай өзгеріс әкелді деуге болады. Себебі дәл осы айда мұнай бағасымен қатар ұлттық валютамыз да құл­дырауды бастан кешті. Ресми бағам бір доллар үшін 381,1-ден 448,01 теңгеге жет­ті. Сәуірде 1 доллардың бағасы 429,41, мамырда 412,55 теңгеге дейін кө­терілді. Теңгенің нығаюы маусымның алғашқы он күнінде тіркелді. 9 маусымда тіркелген  айырбастау бағамы 1 доллар үшін 397,31 теңге болды. Содан кейін ұлттық валюта қай­та әлсіреп, айдың соңында 403,83 дейін төмендеді. Қазіргі күні 1 доллар ба­ғасы 410-415 теңге арасында құбылып тұр. Біз теңге бағамы туралы текке сөз қозғап отыр­ған жоқпыз. Себебі депозиттер ста­тистикасы теңгедегі деректермен жұ­мыс істейтіндіктен, айырбастау ба­ға­мының барлық өзгерістері автоматты түрде депозиттік портфель көлемінің өз­геруіне ықпал етеді.  Мысалы, Халық Бан­кінің депозиттік қоржыны наурыз айын­да бірден 539 млрд теңгеге өскен. Сбер­банктің салымдары бірінші жар­ты­жылдықта 194 млрд теңгеге ұлғайса, нау­рыз айындағы үлес осы соманың 76 пайызын құрады. Альфа банк те ұқсас көр­сеткішке ие – 52%, Банкцентркредит (43%), Jysan Bank (93% ) те депозиттік қор­жынды ұлғайтуға қол жеткізген. Осы­лайша, бірқатар банктерде наурыздағы түсім­дер жарты жылдағы өсімнен жоғары болды. Халық банк әдетте 6 айда 283 млрд теңге депозит тартса, наурызда 539 млрд теңге тартқан. Citibank  (52 млрд – 126 млрд), Forte (58 млрд – 115 млрд), Алтын банк (24 млрд – 52 млрд) осы­лай жалғасып кете береді. Бірақ бұл елдегі банктердің бәрі бірдей депозитін молайтып алды дегенді білдірмейді. Мысалы, наурызда депозиттік базаның өсуі бойынша рекордқа жетпеген төрт банктің қатарында RBK банкі, Eurasia, Home Credit және ATF болды. Мысалы, RBK банкінің клиенттерінің арасындағы  жеке тұлғалар өз есепшоттарынан 22 мил­лиард теңгені шешіп алды, бірақ ал­­­дыңғы айда жекелеген клиенттер RBK-ға 25 миллиард теңге алып келді. Сон­дықтан наурыздағы клиенттердің ақ­шасын алып кетуі банкке аса ауыр соққы болмады. Себебі жалпы алғанда, бірінші жартыжылдықта RBK-дағы салымдар 76 млрд теңгеге өскен. Ал бұл өсімдегі заңды тұлғалардың үлесі басым  болып отыр – 72 млрд теңге. Хоум Кредит үшін де наурыз айы сәтсіз болды. Бұл айда банк клиенттері 18 млрд теңгесін алып кетсе, 6 ай ішінде заңды тұл­ғалар банктен 29 миллиард теңге­сін шешіп алған. Банк салымшы­лардың мінез-құлқына тәуелді. Бәсекелестеріне қарағанда Хоум Кредит міндеттемелеріндегі клиент қаражатының үлесі бар бол­ғаны 44% құрайды, бұл нарық­тағы орташа көрсеткіштен 78% төмен. Еуразиялық банктегі де­по­зиттер наурызда азайған жоқ, бірақ өсім де мәз емес, бар бол­ғаны – 2,4 млрд теңге. Есесіне, сәуір мен маусым аралығында банкке 36 млрд теңгеден астам қар­жы тартылды. 6 айдың ішінде депозит көлемі 64 млрд теңгені құрады. Банк сарапшылары бұл банкті RBK банкпен тағдырлас деп санайды. Себебі екі банктің де акционерлері тау-кен активтеріне иелік етеді. АТФ банктің депозиті 6 айдың ішінде 58 млрд теңгеге азайған. Құлдырау бизнес клиенттер қор­жынында болған – 57 млрд теңге. Салыстырмалы түрде бұл ағын қауіпті емес көрінеді.  

Бізде банктер бәсекесі бар ма?

Соңғы 1 жылда депозиттер ди­намикасында Kaspi банк жақ­сы нәтижеге қол жеткізген, депо­зитіне 489 млрд теңге қосқан. Бұл тұрғыда Халық банк Kaspi банктен 23 млрд теңгемен 2-орында тұр. 3-орында – Сбербанк (+344 млрд). Одан кейінші орында – Citibank пен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, бірақ банк сарапшылары Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі­нің бизнес ерекшелігіне байла­нысты оны бұл рейтингте бәсекелес санамайды. Сондықтан 4-орын Forte-ге (+153 млрд.) тиесілі, ал алғашқы бестікті Альфа банк (+149 млрд.) жабады деп санайды. Жалпы, Kaspi мен Халық арасындағы бәсекенің күшейгенін байқауға болады. Өткен жылдың соңында Халық Kaspi-ге қарағанда 1,8 есе көп пайда тапты, бірақ бірінші жартыжылдықта түсім 1,3 есеге дейін төмендеді. Бұл бә­секе екі банкке де қызметті жақ­сартуға және технологияны жетілдіруге ынталандырады. Жасыра­тыны жоқ, бүгінгі таңда халық­тың көпшілігі Kaspi қосымша­сын тұты­нады. Ал бірер күн бұрын бұл қосымша уа­қыт­ша істемей қалғанда Kaspi клиенттері үшін тіршілік тоқтап қалғандай болды. Бұл аталған банктің нарықта монополияға ие болғанын білдіреді. Оған банк кінәлі емес. Бұған Kaspi банкке бәсекелес екінші бір банктің шықпай тұрғаны себеп. Kaspi қосымшасындағы қызметтің барлығы дерлік Халық банкте бар, бірақ клиенті көп емес. Соның себебін зерттеу Халық банкке сын. Біз мұны неге айтып отырмыз, себебі банктердің қаржылық ахуалына шолу жасағанда ресейлік банктердің жергілікті банктерге салмақты бәсекелеске айнала бастағанын көреміз. Мысалы, Сбербанк клиенттердің қаражаты бойынша 3-орында (1,8 трлн теңге) және өткен жылы бұл көрсеткішті 24% -ға арттырды, бұл нарықтағы 16% -дан 1,5 есе жоғары. Альфа ( активтер бойынша 12-орын) депозиттік портфелін екі есе жылдам арттырып жатыр. Егер соңғы жылы депозиттердің өсуі 85% құраған ВТБ-ны еске алсақ, онда ресейлік еншілес компаниялардың клиенттерді қаржыландыру нары­ғында жергілікті банктерге елеулі бәсеке тудыратынын мойын­дауымыз керек. Қазірдің өзінде Сбербанк карта ашқан клиентке картасын үйіне жеткізіп береді. Несие беруді де жеңілдете бастаған. Ал өзге банктердің есебінен экономиканы кредиттеу азайып отыр. Мысалы, 2020 жылғы мамырдың соңында экономиканы несиелеу көрсеткіші 0,6%-ға төмендеді. Заңды тұлғаларға берілген кредиттің көлемі 7 284,9 млрд теңгеге (0,4%), жеке тұлғаларға – 6 687,9 млрд теңгеге (0,7%) дейін азайды. Банктер ұзақмерзімді кредит беруге құ­лықты болмай отыр. Соның дәлелі – 1 айда ұзақмерзімді кредит беру 0,9%-ға азайды, есесіне қысқамерзімді кредит көлемі 1,6%-ға ұлғайыпты. Мемлекет коронадағдарыс кезінде шағын және орта бизнесті қолдау үшін екінші деңгейлі банктер арқылы кредит беруді жолға қойды. Соның есебінен болса керек, шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу мамыр айында 2,9 пайызға көбейген. Салалар бойынша айтсақ, банктер беріп жатқан несиенің үлесі өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 14,0%), сауда (12,1%), құрылыс (4,7%) және көлік (3,8%) сияқты салаларға тиесілі.  

Х.БҰҚАРҚЫЗЫ