Алакөл «жабылды»
Алакөл «жабылды»
323
оқылды
Яғни, облыста және Үржар ауданында коронавирусты жұқтырғандар санының өсуіне, республиканың басқа өңірлерінен коронавирус инфекциясын тасымалдаушылардың келу қау­пінің, сондай-ақ жаппай жұқтырудың нақты қаупінің болуына байланысты шешім қабылданды. Себебі Алакөлдің шығыс жағалауының басқа демалыс орындарынан айыр­машылығы – ортақ серуендеу аймағы мен салыстырмалы түрде шағын жағажайы есебінен жоғары эпидемиологиялық тәуекелдің болуы. Үржар ауданының бас са­ни­тарлық дәрігері Ләззат Шоко­балинованың қабылдаған қау­лысына сәйкес, 23 шілдеден бастап Алакөлдегі демалыс орындары демалушыларды қабылдамайтын болды. Тауарлар мен қызметтердің са­пасын және қауіпсіздігін ба­қылау департаментінің ақпараты бойынша, Үржар ауданы мен облыс аумағында коронавирус жұқтырған науқастар санының артуына байланысты карантин режимі мен шектеу шараларын күшейту туралы шешім қабыл­данған. Қазіргі таңда мұндағы эпидемиологиялық жағдай аса күрделі. Аурудың өршу кезеңі әлі аяқталған жоқ. Осыған орай, тұрғын­дардың, демалушылар мен қызметкерлердің арасында ау­рудың жаппай өршуінің ал­дын алу мақсатында Үржар ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері «Үржар ау­данының тұрғындары арасында коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша әрі қарайғы шаралар туралы» №7 қаулыны қабылдап отыр. Соған байланысты демалу­шылар мен жергілікті тұрғындар арасында аурудың таралуына жол бермеу мақсатында Алакөлдегі демалыс базаларының жұмысы уақытша тоқтатылады. Мобильді посттардың жұмысы қайта жанданып, патруль қойылады, көлге апаратын автожолдар жабылады. Бұл бағыттағы жұ­мыс­тарды ұйымдастыру Үржар ауданының әкіміне және аудандық полиция бөліміне тапсырылған. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін күн сайын патрульдеу жүргізіледі. «2020 жылдың 23 шілдесінен бастап Үржар ауданының Ала­­көл көлі аумағындағы туристік-рекреациялық аймақта демалуға және тұруға келушілерді қа­былдауға тыйым салынады. 23 шілдеге дейін келген демалу­шыларға демалыс базаларында жолдама уақыты біткенге дейін қалуға рұқсат етіледі» делінген қаулыда. Бұл ретте Үржар ауданы Алакөлдің туристік-рекреациялық аймағын басқа өңірлерден кейін жауып отырғанына, бүкіл еліміз бойынша ұлттық саябақтар, көл жағалаулары, оның ішінде «Бурабай» шипажайының демалыс базалары да жабылғанына назар аударған жөн. Alakol1 Сонымен қатар ауданның бас санитарлық дәрігері қабылдаған құжатта шектеу шараларының тәртібі мен мерзімдері аудан аумағындағы коронавирус инфек­циясының таралу жағдайына сәйкес өзгертілуі мүмкін екені айтылған. Аталған қаулы меншік ны­санына қарамастан, барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті саналады. Айта кетсек, Шығыс Қазақстан облысында өткен тәулікте ғана 216 адамнан коронавирус инфек­циясы анықталды. Оның 128-інде аурудың симптомдары байқалса, 88-і ауру белгілері жоқ тасымалдаушылар. Ал 16 науқас коронавирустан емделіп шыққан. Жалпы, пандемия басталған уақыттан бері өңірде ауырғандар саны 4 914 адам болса, қауіпті індеттен жазылып шыққандар – 2 700 адам. Ел көлемінде өткен тәулікте 1 687 адам коронавирус індетімен ауырғаны белгілі болса, оның ішінде 776 адам клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушы болып шықты.  

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы