Яғни, облыста және Үржар ауданында коронавирусты жұқтырғандар санының өсуіне, республиканың басқа өңірлерінен коронавирус инфекциясын тасымалдаушылардың келу қаупінің, сондай-ақ жаппай жұқтырудың нақты қаупінің болуына байланысты шешім қабылданды. Себебі Алакөлдің шығыс жағалауының басқа демалыс орындарынан айырмашылығы – ортақ серуендеу аймағы мен салыстырмалы түрде шағын жағажайы есебінен жоғары эпидемиологиялық тәуекелдің болуы.
Үржар ауданының бас санитарлық дәрігері Ләззат Шокобалинованың қабылдаған қаулысына сәйкес, 23 шілдеден бастап Алакөлдегі демалыс орындары демалушыларды қабылдамайтын болды.
Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің ақпараты бойынша, Үржар ауданы мен облыс аумағында коронавирус жұқтырған науқастар санының артуына байланысты карантин режимі мен шектеу шараларын күшейту туралы шешім қабылданған. Қазіргі таңда мұндағы эпидемиологиялық жағдай аса күрделі. Аурудың өршу кезеңі әлі аяқталған жоқ.
Осыған орай, тұрғындардың, демалушылар мен қызметкерлердің арасында аурудың жаппай өршуінің алдын алу мақсатында Үржар ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері «Үржар ауданының тұрғындары арасында коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша әрі қарайғы шаралар туралы» №7 қаулыны қабылдап отыр.
Соған байланысты демалушылар мен жергілікті тұрғындар арасында аурудың таралуына жол бермеу мақсатында Алакөлдегі демалыс базаларының жұмысы уақытша тоқтатылады. Мобильді посттардың жұмысы қайта жанданып, патруль қойылады, көлге апаратын автожолдар жабылады. Бұл бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру Үржар ауданының әкіміне және аудандық полиция бөліміне тапсырылған. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін күн сайын патрульдеу жүргізіледі.
«2020 жылдың 23 шілдесінен бастап Үржар ауданының Алакөл көлі аумағындағы туристік-рекреациялық аймақта демалуға және тұруға келушілерді қабылдауға тыйым салынады. 23 шілдеге дейін келген демалушыларға демалыс базаларында жолдама уақыты біткенге дейін қалуға рұқсат етіледі» делінген қаулыда.
Бұл ретте Үржар ауданы Алакөлдің туристік-рекреациялық аймағын басқа өңірлерден кейін жауып отырғанына, бүкіл еліміз бойынша ұлттық саябақтар, көл жағалаулары, оның ішінде «Бурабай» шипажайының демалыс базалары да жабылғанына назар аударған жөн.
Сонымен қатар ауданның бас санитарлық дәрігері қабылдаған құжатта шектеу шараларының тәртібі мен мерзімдері аудан аумағындағы коронавирус инфекциясының таралу жағдайына сәйкес өзгертілуі мүмкін екені айтылған.
Аталған қаулы меншік нысанына қарамастан, барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті саналады.
Айта кетсек, Шығыс Қазақстан облысында өткен тәулікте ғана 216 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның 128-інде аурудың симптомдары байқалса, 88-і ауру белгілері жоқ тасымалдаушылар. Ал 16 науқас коронавирустан емделіп шыққан. Жалпы, пандемия басталған уақыттан бері өңірде ауырғандар саны 4 914 адам болса, қауіпті індеттен жазылып шыққандар – 2 700 адам.
Ел көлемінде өткен тәулікте 1 687 адам коронавирус індетімен ауырғаны белгілі болса, оның ішінде 776 адам клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушы болып шықты.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ,
Шығыс Қазақстан облысы