Мойынқұмда ауылым

Мойынқұмда ауылым

Кең-байтақ қазақ даласының әр аймағының әлі де ашылмаған сыры бар, әрбір өңірінің өзіндік орны да бар. Осыншама жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кеудесін оққа тосып қорғаған бабалар­дың рух күшіне қалай риза болмайсың!

Жамбыл облысы аумағы­ның қырық екі пайызын алып жатқан Мойынқұм туралы айтқанда да талай орнықты ойға қаласың.

Жерінің асты да, үсті де қазы­на байлыққа толы осы алып ау­дан­ның атағы алысқа кет­кен десек те артық емес. Мұн­да жыр алыбы – Жамбыл баба­мыз дүниеге кел­ген, қос жұл­дызды Жазылбек Қуа­ныш­баев ерен еңбек еткен, Халық қаһар­маны Қайрат Рыс­құл­бе­ков туып-өскен. Ол әрі алғаш­­қы қазақ хандығына алтын бесік болған.

Сонымен бірге, тұщы су­дың үлкен қоры да Мойын­құм жерінің астында жатқанын екінің бірі біл­меуі мүмкін. Көпшілікке белгі­лі, тұщы су араб елдерінде алтынмен баға­­ла­­натынын ескерсек, осы шөл да­ла деп жүрген жеріміздің жар­қын келешегі әлі де алда екені даусыз.

Ауданды кесіп өтіп жатқан элек­­трлендірілген Шу – Мойын­ты екі қатарлы теміржолы, Хантау, Мыңа­рал беке­тін­­дегі екі бірдей цемент зауы­ты да игілікті арттыра­ды деп білеміз.

Ал аң-құсы туралы сөз қоз­ғай­тын болсақ, өзінше бір үлкен ең­бек жазуға да болар еді. Мәсе­лен, мұнда ақбөкен, ар­қар, қарақұй­рық, қоян, қабан, елік, қырғауыл, дуадақ, үйрек, қаз және балықтың сан түрі бар. Сондай-ақ әлемде екі-үш жерде ғана кездесетін торан­ғы талы және сексеуіл өседі. Олар­­ды қорғай білсек – ұрпақ­тан- ұрпаққа қалар жер байлығы, таби­ғат сыйлығы.

Сексеуіл дегеннен шығады, атақты Кенесары ханның әске­рі­нің қысқа қарай Шу өзенінің бойына жылжуында да мән бар. Оларға Мойынқұмның сек­сеуілі мен баялышының үл­кен қажет­ті­лі­гі болған шығар деген де ойға қала­сың. Керей мен Жәнібек үшін, алғашқы қазақ әскері үшін де осындағы сексеуіл мен тораңғы, баялыш қысы-жазы таптырмас өте қа­жет отын болғанын да ешкім жоққа шығара алмас. Бұл қа­жет­ті­лік әлі де жалғасуда. Себе­бі, сексеуіл құм көшкініне жол бер­мей, ұстап тұрады. Сондай-ақ оның шоғына пісірілген кәуап­тың дәмін, тіл үйірер тәт­тілігін ешкім жоққа шығара ал­майды деп ойлай­мыз. Жа­рық­тық сексеуіл түті­нінің хош иісі мұрынды жара­ды емес пе! Бұл да мойынқұм­дық әр азаматтың елге деген сағыныш сезімін оятатыны анық...

Хантауындағы Қызылқай­нар, Түлкібай сайын аралап, Сұңқар­дың биігіне шығып көрсеңіз, 25-30 шақырым ай­мақ көз алдыңызда анық жар­қырап көрінеді. Ертеде бұл стра­тегиялық маңызға ие бол­ған, яғни жаугершілік заман­да, дұшпанмен айқаста көп көме­гін тигізген. Кейіннен Қызыл­қайнар­да­ғы Аңырақай шайқа­сына арна­лып қойылған тас белгі де осыны айқындап тұр ғой.

Сол Қызылқайнардың жер­ас­т­ы суы әлі тоқтамай ағып тұр. Өкінішке қарай, дәл осы көпке қажетті бұлақ­тың маңы заман талабына сай, белгілі бір жөндеу­ді күтуде. Тағы да бір айта кетер жай, дәл осы маңай­ға, Шу – Мо­йын­ты теміржолы мен Жам­был – Карағанды – Нұрсұлтан тас­жолы бойының қиылысар тұ­сына «Қазақ елі» деп пе, бас­қа­лай атап па, мону­мент-белгі қойылса, бұл бар қазаққа қуа­ныш әрі азаттық пен тәуел­сіз­дік үшін шайқасқан батыр­лар­дың аруағына бас игеніміз болар еді.

Аталарымыз айтқандай, «елдің атын ер шығарады». Мойын­құмда да оны дамытуға, көр­кейтуге еңбек еткен аза­мат көп болған. Жоғарыда ай­тыл­ған малшылар­дың «марша­лы» Жазылбек Куа­ныш­баев­тың, осы ауданды 25 жыл­дан аса басқарған Айтбай Назарбе­ков­тің де өмірі өнеге, олардың аудан тарихында қайта­лан­бас тұлға болып қалғаны елге аян. Сондай-ақ бұл күнде жасы 96-ға келген, Жамбыл облысы көле­мінде партия кеңес-орган­дарын­да қызмет істеген, Хан­тауы­ның Қотыр қыстауын­да дү­ние­ге келген Тұрсынбала Абдра­­­манова анамыздың есі­мін мақтанышпен атаймыз. Жасы келгеніне қарамас­тан, Тұрсынбала апамыз әлі де ауыл, ел жаңалығына елеңдеп отырады. Сол кісінің жолын жал­ғас­тырып жүрген педагоги­ка ғылымдарының докторы, профес­сор Ботагүл Тұрғым­баева деген жерлесіміз де бар. Иә, тізе берсек талай азаматтар­дың есімін, өмірін үлгі ретінде ұрпақ үшін көрсетуге болар еді.

Осы орайда тағы бір қоса­рым, бүгінде түгел мойын­құм­дық жігіттерден тұратын әйгілі «Тараз» триосы туралы қалай айтпаймыз. Ондағы Асылхан Шүңіреков, Ержан Ыдырысов, Ноян Сейділдаев – нағыз өнер иелері.

Әр қазақтың азаматы өзінің кіндік қаны тамған жерін еш­қа­шан ұмыта қоймас деп ой­лаймын. Біз сыртта жүр­сек те, ауданы­мыз­ды, ел жаңалы­ғын аңсап, әр­дайым құлақ түре­міз. Әрі онда өтіп жатқан барлық үлкен іс-шараға үлесімізді қосып келеміз.

Жақын арада Алматыдағы мо­йынқұмдықтар «Мойын­құм­­да ауылым» атты кеш өткі­зу­­ді жос­парлап отыр. Онда ту­ған же­рі­мізге қатысты бірқатар мә­се­­лелерді ортаға салмақшы­мыз.

Халық бірлігі, татулық тә­уел­­сіз мемлекетіміз – Қазақ­стан­ның негізі екені даусыз. Мақ­сат – жас ұрпақ­қа жол көр­сету, ел ынтыма­ғын сақтау, салт-дәстүрімізді жал­ғастыру.

Иә, Мойынқұм жері, елі – осы аймақтан түлеп ұшқан аза­маттар үшін үлкен мақта­ныш. Ол біздің қасиетті қара шаңырағымыз!

 

Бейсенбай ЖАҢБЫРБАЕВ,
Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы,
Қазақстанның Құрметті теміржолшысы