Цифрлы технология – дамудың кілті
Цифрлы технология –  дамудың кілті
5,284
оқылды

Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың мұң-мұқтажын түсінетін, проблеманы дер кезінде шешетін басқару жүйесіне көшу қажетін айтқан болатын. Өйткені мемлекеттік басқаруда азаматтар пікірін ескеру – қоғамның басты талабы.

Алдымен осыған назар аудар­ған жөн. Азаматтық қоғамға жаңа­ша бет бұруға түрткі болып отыр­ған себеп көп.

Біріншіден, қазақ қоғамында азаматтық сананың парадигмалық өзгеруі айқын байқалуда. Азамат­тар арасында ашық қоғам құнды­лық­тары басымдыққа ие бола бас­тады. Азаматтық бастамалар – қоғамдық пікірдің басты қозғау­шы күші.

Екіншіден, қоғам тарапынан мемлекеттік аппараттың ашықты­ғы мен нақтылығына сұраныс артуда. Мәселен, халық қазына қаржысының тиімсіз жұмсалуына түбегейлі қарсы.

Үшіншіден, азаматтар жай ғана бақылаушы болып қалғысы келмейді. Олар пікіріне құлақ салу­ды қалап отыр. Байқап қара­сақ, министрлік немесе әкімдік қабырғасында шешімді қабылдап алып, оны халықтың талқысына салмай, жүзеге асырғанды қолда­май­ды. Бұған қоса бүгінде жергі­лікті және ұлттық деңгейде аза­маттар пікірін жинақтап, жүйелеп шешім қабылдау процесіне дейін жеткізетін тиімді тетіктердің тапшылығы сезілуде.

Шынтуайтында, бұл азамат­тық қоғам дамуының жаңа фазасы басталғанын айғақтайды. Ашық қо­ғамға сұраныстың мұндай үр­діс­тері орын алған жағдайда әлем­дік тәжірибеде тиімді қолданылып жүрген. Кең көлемді диалогқа бастайтын, озық технологиялар көмегімен азаматтардың шешім қабылдау процесіне конструктивті қатысуына мүмкіндік беретін элек­тронды демократия құрал­да­рын дамыту тиімді болмақ. Бұл тәсіл күн тәртібінің өзекті мәсе­ле­лерін көпшіліктің қатысуы­мен анықтап, оның шешімдерін қоғам­мен бірге іздеуге бастайды.

Осы орайда, әлеуметтік желі­лер арқылы қоғаммен тікелей байланыс орнатып, оның тыныс-тіршілігін тануға талпыныстарды қолдауға лайық. Әлеуметтік коммуникацияның артында әлемдік ірі бизнес тұрғаны мәлім. Олар әлеуметтік желі аудитория­сын кеңейту үшін қомақты қаржы, интелектуалдық ресурстарды шоғырландырып отыр. Тиісінше, әлеуметтік желі көптің көңілінен шығып, танымал коммуникация құралы болып таралуда. Сондық­тан да, қоғамдық диалогтың жаңа тәсілдері осындай цифрлы құрал­дармен етене тығыз байла­ныста дамуы тиіс.

Алайда әлеуметтік желілер тенденциялық феноменмен ауы­рады. Оның ленталарында сал­мақты оймен қатар, қолдану­шыны еліктіріп әкететін fake news, жалған аккаунттар қатар жүреді. Әлеуметтік желінің деструктивті әлеуеті туралы баршаға аян. Сонымен қатар желідегі сан түрлі ақпарат ішінен тек сарабдал пікірдің суырылып алынатынына немесе тәуір ойдың тасада қалып қоймасына кепілдік жоқ. Одан бөлек, әлеуметтік желімен айна­лысу әжептеуір уа­қыт­ты та­лап етеді. Оған жұмсалған уақыт пен күш айталық әкім мен министрдің жұмыс сапасына әсерін тигізбей қоймайды. Осын­дай себептерге байланысты, таны­мал­дығына және қолайлылығына қарамастан, әлеуметтік желілер қоғаммен байланыстың басты арнасы бола алмайды.

Сондықтан да, цифрлан­дыру­дың қазіргі кезеңінде аза­маттар пікірін жинақтап, жүйе­леп конс­трук­тивті әрі теңге­рім­ді түрде шешім қабылдау процесіне дейін жеткізетін, жаңа толқын электрон­ды коммуни­ка­ция құралдарын қалыптастыру туралы ойлануымыз қажет. Ашықтығы мен қолдануға қолайлылығы жөнінен мұндай құралдар әлеуметтік желінің мемлекеттік баламасы болуы тиіс.

Осы орайда, әлеуметтік желі­лер арқылы қоғаммен тікелей байланыс орнатып, оның тыныс-тіршілігін тануға талпыныстарды қолдауға лайық. Әлеуметтік коммуникацияның артында әлемдік ірі бизнес тұрғаны мәлім. Олар әлеуметтік желі аудитория­сын кеңейту үшін қомақты қаржы, интелектуалдық ресурстарды шоғыр­лан­­дырып отыр. Тиісінше, әлеуметтік желі көптің көңілі­нен шығып, танымал коммуникация құралы болып таралуда.

Озық интернет технологиялар мен соңғы IT мүмкіндіктерге негізделген E-gov 2.0 толқынды электронды үкіметтің құрамдас бөлігі ретінде дамып келе жатқан элек­тронды демократия қосым­шалары көптеген елде кеңкөлемді диалогты қамтамасыз етіп отыр. Мұндай цифрлы құралдарды дамы­тудың ортақ стандарттары жоқ. Әйтсе де, әлемде сәтті іске асырылған жобаларға сүйене отырып төмендегідей интернет қосымшалар топтамасын дамыту тиімді деп санаймыз.

Бірінші, е-ақпарат қосымшасы – оның мақсаты, азаматтарға мем­ле­кеттік органдардың (жергі­лік­­ті және орталық) жоспар­лары­мен, бюджеттерімен және басқа да азаматтар өміріне қатысты жоба­лары­мен еркін танысуына жол ашу. Олардың іске асырылу бары­сына тұрақты бақылау жасауға мүмкіндік беру. Бұл мемле­кеттік құрылымдар қызметі­нің ашық­ты­ғын және олардың халыққа тіке­лей есептілігін қамта­масыз етеді. Қоғамдық бақылауды және сенім­ді нығайтады. Қосым­ша арқылы азаматтардың қаты­суымен бюд­же­ті қалып­тастыру жобасын енгізуге болады.

Екінші, е-арыздар – бұл қо­сым­ша жеке шағымдармен жұмыс­ты жақсарту үшін ғана емес, адамдардың күнделікті тәжірибе­сі­нен мәліметтер жинауға және соның негізінде саясатты әзірлеуге бағытталған. Әдетте азаматтар мемлекеттік органдарға жүгінген­де өздерінің өзекті мәселелерін жеткізеді. Егер осы деректердің барлығын жинап, талдау жасасақ қоғам үшін ортақ жүйелі пробле­ма­ларды анықтауға болады. Қосым­шада азаматтардың барлық электронды және қағаз жүзіндегі арыз­дары, хабарлама­лары жинақталып, деректерді инте­лек­туалды сараптау бағдарла­ма­лары (data mining) арқылы талданады. Мұндай талдау жүйелі пробле­ма­ларды, олқылықтарды және оның көлемін анықтай ала­ды. Осылай­ша, жүйелі кемші­лік­терді жою бойынша кешенді шараларды жасауға көмектеседі. Талдау нәти­желерін мемлекеттік органдар­дың тиімділігін бағалау жүйе­сіне қосу арқылы оның аяқ­сыз қалмауын қадағалауға болады.

Үшінші, е-кеңес – бұл аза­мат­тармен онлайн кеңесуді қамта­масыз ететін көпфункциялы қосым­ша. Қосымша арқылы азаматтар мемлекеттік органдар­дың ағымдағы қызметіне қатысты пікірлерін білдіріп, олардың жобаларына ұсыныстарын енгізе алады. Сонымен қатар бұл қосым­ша өзекті мәселелер бойынша қоғамдық пікірді жинауға мүмкін­дік береді. Кеңесуді түрлі форма­да ұйымдастыруға (электрон­ды форум, электронды сауалнама және электронды тыңдаулар және т.б.) болады.

Төртінші, е-петиция қосым­шасы азаматтарға өз бастамалары мен идеяларын онлайн-петиция жариялау арқылы үкіметке ұсы­ну­ға жол ашады. Барлық петиция жарияланбас бұрын тексеруден өтеді. Олардың мазмұны белгі­лен­ген талаптарға сай болуы тиіс. Мәселен, пети­ция­да жаңа идея ұсынылуы керек. Сондай-ақ кадрлық ұсыным мен сотта қара­луы тиіс дауларды петицияға айналдыруға болмайды. Петиция жергілікті немесе орта­лық орган­дар деңгейінде қаралуы үшін, ол белгіленген көлемде (санда) қол жинауы қажет.

Ескерер жайт, мұндай қосым­шалар нәтижелі жұмыс істеу үшін, ең алдымен, олар цифрлы технологиялардың заманауи даму трендтеріне сай болуы ләзім. Әлемдік бизнес алпауыттары, IT индустрияның флагмандары Apple, Google, Facebook, Amazon компаниялары өткен онжыл­дық­тан бастап сервис саласында жетістікке жеткізетін жаңа тренд­тің негізін қалады. Бұл тренд «қолданушылар үшін жасау дәуірі» деп атауға лайық. Әрдайым қол­данушылардың ойынан шы­ғып, олардың сан түрлі қала­уын қалт еткізбей қамтып отыру аталмыш компаниялардың, қала берді барлық жемісті бизнес­тің басты қағидасына айналды. Ал қолда­нуға жеңіл, функционалдық тұрғыдан ыңғайлы сервистер қолдауға ие болып, IT ре­волю­ция жасады. Бұл тренд­тің басты артықшы­лығы қажеті жоқ кедергілер мен кри­те­рийлерді алып тас­тау, қызмет көрсетуді, байла­ныс жасауды ба­рын­­ша жеңілдету. Екін­шіден, мұндай қосым­шалар мемлекет үшін оңтайлы жағдай туғызу (government-centred) кон­­цеп­циясына емес, азамат­тар үшін қолай­лы­лық жасау (citizen-centred) концеп­циясына негіз­де­луі тиіс.


Еділ ОСПАН, 
заң ғылымдарының кандидаты