Сәтпаев қаласында жоғалып табылған 5 жасар баланың ата-анасы Манар және Өтеубай Сүлеймендер Жезқазған мен Сәтпаев тұрғындарына үндеу жолдады.
«Алдымен біздің қызымызды іздеуге көмектескен еріктілер мен жанашыр жандарға зор алғысымызды білдіреміз. Сіздердің арқалараңызда біз Айсезімді жедел таптық.
Сіздердің Айсезім мен біздің отбасыға бағыттап айтқан қолдау сөздеріңіз үшін рахмет. Бүгінгі күні қызымыздың жағдайы жақсы деп бағалануда. Бізбен күнделікті психологтар мен дәрігерлер жұмыс жасауда. ҚР Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен @aruzhan_sain-мен күнде байланыстамыз, ол қажетті мамандар мен оңалтуға арналған аурухананы табуға, адвокаттар мен құқық қорғауды ұйымдастыруға көмектесуде.
«Корпорация Қазақмыс» ЖШС қазіргі сәтте көрсетілген көмек үшін жеке алғыс айтамыз. Компания басшылығы Айсезімді оңалту мен қалпына келтіруіне жұмсалатын барлық қаражатты төлеуді мойнына алды. Қаржылық көмекке мұқтаж емеспіз.
Біз @gulyana.mamachic-aның Айсезімді оңалтуға ақша жинап жатқанын естідік. Гульяна бізге хабарласқан жоқ, қаржы жинауға рұқсат бергеніміз жоқ. Оның бізге көмектесіп қолдағысы келетінін түсінеміз, бірақ біздің отбасы қаржылық көмекке зәру еместігін тағы қайталап айтамыз. Корпорация толықтай психологиялық және қаржылық қолдау көрсетуде.
Соңында біздің қызымыздың фотосын көбейтіп, оны коменттарийлерде талқылап, тексерілмеген ақпараттарды таратпауларыңызды сұраймыз. Біз болған оқиғаны тезірек ұмытқымыз келеді. Әртүрлі жиындар жасамауды сұраймыз, біздің қайғымыз басқалардың қайғысына себеп болмағанын қалаймыз әрі ол бізге сол зұлым түнді еске салатын болады. Барлығыңызға рахмет», – деп жазады Сүлейменовтар отбасы.
Бүгінгі күні Сәтпаев қаласы бұрынғы қалпына оралды. Дегенмен әлеуметтік желілерде елді дүрліктірген оқиға әлі талқыланып жатыр. Қарағандылық белсенді Майра Абдрахманова осы оқиға туралы бірнеше пост жазды. Соның біреуінде сол күні көшеге ішімдік ішкен адамдар да шыққан деген ақпарат айтылады. Сол күні «Қазақмыс» корпорациясы жұмыскерлеріне 100 мың теңгеден сыйақы беріпті.
«Чаттардағы, әлеуметтік желілердегі деректерден ойымды бөліп, осы қаладан өзім сенер қариямен хабарластым. "Арақ жүрген жер оңады дейсің бе, қарындасым» болды алғы сөзі. Наразылық топта қызулылар көбірек болып, солар басып кетті деді! «Ана топ алдына кім шықса да танитын, тоқтайтын халде болмады» дейді. Шыдамай шығып едім тобырды көрдім. Алдарына келген қария, имамды ысырып, әкімге де қолдарына түскенін жұмсап, азаматтар жарақаттанғанын естіп, тоқтамасын байқап, өз орталарында жазатайым кісі қазасы болмаса екен деп, олар милицияға бет бұрғанда үйге жетіп, аулада көз ілмей таңды көрдік деді. Иә, «Қазақмыс» алдында 100 000 теңгеден көмек ақы таратқан еді ғой. Тағы да атадан қалмаған қарғыс атқыр арақ білгенін істеген-ау!», – деп жазады Майра Абдрахманова.
Азғынды қолдарына беруді талап еткен адамдар алдарына шығып басу айтқан Сәтпаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысовқа тас лақтырып жарақаттаған. Оны көзіне таққан көзілдірігі аман ақтап қалған дейді куәгерлер.
https://www.instagram.com/p/CDEkVOlMRRS/
Еске сала кетейік, 23 маусым күні сағат 21.00-де Сәтпаев қаласының ІІБ Жезқазған қаласының тұрғыны өзінің 5 жасар қызының жоғалып кеткені туралы хабарлайды. Жоғалып кеткен бала Сәтпаев қаласына туысының үйіне келген.
Жергілікті еріктілер барлық мессенджерлер мен әлеуметтік желілерге жоғалған баланың фотосы мен дерегін салып іздеу салады. Тұрғындардың айтуынша бала түскен үй жақында ғана туысынан айрылып қара жамылып отырған шаңырақ.
Қыз бала күндіз жоғалып кеткен. Полиция қызметкерлері бірнеше сағат бойы қала көшелерін, үй маңын дауыс зорайтқышпен хабарлап іздестірген. Көрші-қолаңға сұрау салған. Бұл жағдайға көп адам куә болады.
Жоғалған бала көрші подьездің бірінші қабатындағы пәтерден табылған. Полицейлер бала тоқтаған үйдегі барлық пәтердің есігін қағып жүргенде, бір пәтерден баланы дауысын естиді.
Сол кезде қыз баланы 60-тан асқан адамның қамап отырғаны туралы ақпарат мессенджерлерде лезде тарап кеткен. Хабарға дүрліккен жүзден аса адам сол үйдің алдына жиналып, күдіктіні өз қолдарына беруді талап етті. Жан-жақтан жиналған азаматтар терезені сындырып, үйге кіруге ұмтылды. Полицияға көмекке қосымша күш келіп, шлем мен бронжелет киген қызметкерлер үйді қоршап алды. Болып жатқан жайтты қатысушылар дереу телефонға түсіріп, әлеуметтік желілерге салып жатты. Әлеуметтік желілерде сол пәтерде тұратын әкелі-балалының суреті де лезде тарап кетті.
Сағат 00.00-де табылған баланы бетін орамалмен бүркеп, көтеріп алып шыққан. Жалаңаштап шешіндірген, аузы скочталған баланы төсектің астына тығып қойған деп хабарлады атын атағысы келмеген бір тұрғын. Үй иесінің бұрын сотты болған баласы полицейлер келгенше ізін суытып үлгерген деген де ақпарат бар.
Оқиға орнына келген облыстық ІІД басшысының орынбасары Ернат Қалиақпаров халықты тарауға шақырады. Онымен бірге қала әкімі Асқар Идрисов пен қала имамы да халықты тыныштандыруға тырысты. Дегенмен ашулы халық күдіктіні өз қолымен жазаламай қайтпайтынын айтып, тарқамай қойған.
Баланы алып кеткеннен кейін халық күдіктінің үйіне лап етіп кіріп, барлығын қиратқан. Бұл оқиға басқа көршілердің де үрейін туғызды.
Сағат таңғы 4:00-ке қарай ашулы халық полиция бөліміне келеді. Қыз баланың ауруханада жатқандығы туралы хабар жиналғандарды одан сайын өршітіп, олар күдіктіні беруді талап етті. Сағат 4:30-те полиция ғимаратына СОБР тартылады. 4:35-те полиция қызметкерлері аспанға оқ атуға мәжбүр болған. Жиналғандар ғимаратқа қолына түскенді лақтырып, тас пен өртегіш құралдар жаудырғаннан кейін өрт сөндірушілер шақырылған. Полиция бөлімінің жанында тұрған бір автокөлік өртке оранған. Таңға жақын халық үйлеріне тарады. Таң атысымен қала әкімдігі мен құқық қорғау органдары ресми мәлімдеме жасады.
Елді дүрліктірген оқиға туралы Нұр-Сұлтан қаласында Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев брифинг өткізді.
– Жас қызды зорлады деген күдікпен бір азамат қамауға алынды. Тәртіпсіздікке жол бермеу үшін қосымша күштер тартылды. Пәтерден ұсталған күдіктіге қатысты 2 бап, «ұрлап кету» және «зорлау» деген баптар бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бала ауруханада. Сәтпаев қаласында бұзақылық жасағандар жауапқа тартылады, – деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.