Білімдегі теңсіздіктің құны – 1,9 млрд доллар
Білімдегі теңсіздіктің құны – 1,9 млрд доллар
309
оқылды
Дүниежүзі банкінің сарапшылары еліміздің эконо­ми­касына қатысты жасаған болжамы кісі қызығарлық емес. Оған сәйкес, 2020 жылы ІЖӨ Қазақстанда минус 3 пайыз болмақ, яғни өсім емес, керу кету сезіледі. Мұндай жағдай елімізде 1990 жылдардан бері болмаған. Тіпті, 2016 жылдың өзінде 1,1 пайыз өсім тіркелген. Алайда 2021 жылы жағдай оңа­лып, 2,5 пайыз оң көрсеткіш болады-ау деген болжам бар. Биылғы экономикалық дағдарыс республикамызда ке­дейлік деңгейін 12,7 пайызға жеткізіп, 800 мың азаматты тө­менгі күнкөріс табалдырығына апарады деген пікір де жоқ емес. Қысқасы, коронавирус пандемиясы 2020 жылы Қазақстанға ауыр соққы болып тиіп жатыр. Оның эко­номикалық әсерін күзде ерекше сезінетін секілдіміз. Төтенше жағдай жарияланып, ел карантин режиміне ауысқалы бері 2,5 миллион оқушы үйінде қалып, қашықтан білім алуға көшті. Ел тарихында алғаш рет кездескен жағ­дай болғандықтан, кедергі мен түсініспеушілік жиі кездесті. Әлсіз интернет байланысы, компьютер, ноутбук секілді құрылғының тапшылығы, байланыс ақысы, бір үйде бірнеше баланың оқуы, онлайн білім саласында тәжірибенің жетіспеуі – бәрі де ата-анаға, шәкірттерге және ұстаз қауымына ауыртпашылық салды. Дүниежүзі бан­кі сарапшыларының болжамынша, аталған жайт елдегі ада­ми капиталдың хәлін ауырлатпақ. Нақтырақ айтсақ, жоғары сы­нып оқушыларының (15 жастағы) оқу үлгерімінің негізінде жасалатын PISA халықаралық рейтингінде елдің көрсеткіші на­шарлауы мүмкін. Бір жыл ішін­де оқушы PISA бойынша 40 ұпай жи­найды. Ал егер шәкірт­тер 4 ай үйде қалса әрі қашықтан оқыту күндізгі оқуға қарағанда екі есе тиімсіз деген пайымға сүйенсек, онда Қазақстан аталған рейтингте 8 ұпай жоғалтады деп отыр. Яғни, оқушылардың жалпы үлгерімі нашарлай береді деген сөз. Қашықтан оқытудың тиімділігі отбасылардың әлеу­меттік жағдайына да тікелей байланысты екен. Мәселен, ата-аналар үйде жұмыс істей бас­тағандықтан, олар компьютер атаулыны иемденеді. Ал сабақ оқығысы келген оқушылар ке­зегін күтеді. Осы себепті сарап­шылар тек жақсы бай­ланысы бар және компьютер, электронды құрылғы, теледи­дардың қа­жетті саны бар отба­сылардың оқу­шылары қашықтан оқыту мүмкіндіктерін толық пай­далана алады дейді. Компьютер әр адамның күнделікті құралына айналған уақытта өмір сүріп жатқандаймыз. Алайда биыл көктемде 300 мың қазақстандық оқушы ком­пью­терсіз отырғаны мәлім болды. Ал министрлік 80 мың данасын сатып аламыз деп уәде берген болатын. Сондай-ақ бұған дейін 2,5 млн бала мектептегі партаға отырып келсе де, білім ордалары бар-жоғы 405 мың компьютерге ие екені мәлім болды. Ал олардың көпшілігі тым ескіргенін министр Аймағамбетовтің өзі хабарлады. Осылайша, көптеген отбасы карантин барысында амалсыз смартфондағы WhatsApp мобиль­дік қосымшасы арқылы үй тап­сыр­масын алып, орындағанын ұстазына жіберуге мәжбүр болды. bilim Банк сарапшылары қашықтан оқытудың экономикаға және бүгінгі шәкірттердің келешектегі табысына келтіретін шығынын да есептеп шығыпты. Егер мек­тепте оқудың бір жылы орта есеп­пен кірістің 8 пайызға артуын қам­тамасыз етеді десек, COVID-19-дың білім алуға теріс әсері және мектепте оқу ұзақ­ты­ғының қысқаруы, қазіргі жастар­дың күтілетін табысының шамамен 2,9%-ға төмендеуіне әкеледі екен. Яғни, бүгін білім сапасы құлдыраса, ертең білікті маманды күтудің қажеті жоқ. Ал жалпы экономикалық шы­ғын 1,9 млрд долларды құрауы мүмкін. Бір өкініштісі, 2020 жылғы карантиннің білім сала­сын­дағы зардабы алдағы онжыл­дыққа да кері ықпалын ти­гізуі ғажап емес. Сондықтан Дүниежүзі банкінің сарапшылары онлайн-фор­мат­тағы білім процесінің сапасын арттырып, оқушылардың дағды-қабілеттерін дамытып, алдағы уақыт­та орта білім жүйесіне ин­вес­ти­цияны арттыруға кеңес беріп отыр. Білімге, әсіресе мектепке дейінгі, орта білім жүйесіне қа­ражат құю қажет екенін бір­неше зерттеулер дәлелдеген. Олар­дың қысқаша тұжырымы мы­надай: балаға сәби кезінен қажет дағ­дыларына, біліміне көбірек инвестиция салсаңыз, келешекте оның табысы да жо­ғары болмақ. Мәселен, 2017 жылы Ка­надада жарияланған зерттеу мек­тепке дейінгі білім бағдар­ламасына салынған әр дол­лар ертең эко­но­микаға 6 доллар бо­лып қай­тады, сондай-ақ ата-ана­лардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, отбасының тұрақты табысы болуына да ықпал етеді дейді. Ал канадалық отбасылар табысының төрттен бір бөлігін бала күтіміне жұм­сайды екен, бұл әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Ал 2009 жылы жазылған өзге зерттеу бойынша (авт. Бернард және Эрик), орта есеппен білім алған ер-азаматтар өз өмірінде 186 мың доллар тапса, АҚШ, Италияда бұл көрсеткіш 300 мың долларға жетеді. Әрине, алдымен білім үшін төлеу керек. Кемі 4 жыл уақыт кетеді. Біраз шығын. Бірақ осыған қарамай, жоғары білім саласына салынған инвестициядан қоғам да пайда көреді, әр ер адамнан 52 мың дол­лардан, әр әйел кісіден 27 мың доллардан. Яғни, білімді адам тек өзіне ғана емес, қоршаған орта­сына да пайдасын тигізеді. Жо­ға­ры­дағы қос автор сол пай­да­ны нақты ақшамен есептеп шығарған. Былтыр Қазақстан білім саласына аз ақша бөлмеді, 2,33 трлн теңге. ІЖӨ-нің 3,62 пайызы. Ал республикалық бюджеттің 19,4 пайызы. Бұл біз үшін ғаламат қаражат секілді көрінеді. Алайда әлемнің жетекші елдері ІЖӨ-нің 6 пайызын бөледі, бізден екі есе көп. Қысқасы, білімді мыңды жығатын заман келді десек, адамның білімді алуы, сіңіруі және оны келешекте қолдана алуы арзан тұрмайды. Егер мұндай маңызды іске қазір жомарттық танытсақ, жауапкершілікпен қарасақ немесе бюджетті бөлмей, салғырттық танытсақ, оның пайдасын да, зардабын да жылдар бойы өзіміз де, ұрпағымыз да көреді.  

Нұрмұхамед БАЙҒАРА