Медициналық жарнама кімнің бағын ашады?
Медициналық жарнама кімнің бағын ашады?
© коллаж: Қуаныш Аманғали
240
оқылды
Денсаулық сақтау министрлігі ел тарихында бұрын болмаған жаңа құжат жариялады. Бұл – «Меди­циналық көрсетілетін қызметтердің (көмектің) жарнамасын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» деп аталатын, министр Алексей Цойдың бұйрығымен қолға алын­ған жаңа жоба. Құжат биылғы 7 шілдеде күшіне енген «Халық денсау­лығы және денсаулық сақ­тау жүйесі туралы» кодексіне сай әзір­ленді. Бұған дейін тек дәрі-дәрмек пен медбұйымдар жарнамасына қатысты ереже ғана болатын. Құжат медицина ұйымдарының насихатына жол ашады, олар жарнама орналастыра алатын жерлердің тізімін бекітеді. Атап айтқанда, енді меди­циналық қызметтерді не көмекті газет, телеарна және басқа бұқара­лық ақпарат құралдарында, ем­хана-аурухана секілді денсаулық сақтау ұйымдарындағы электронды ақпараттық ресурстарда, маман­дан­дырылған медициналық басы­лымдарда, тіпті анықтамалық-ақпараттық орталықтар арқылы насихаттауға рұқсат. Бұдан бө­лек, ондай жарнаманы ғылыми кон­ференцияларда, симпозиумдарда, медицина мамандарына арналған көрмелерде, акциялар кезінде, сондай-ақ сыртқы жарнамада орналастыруға жол беріледі. Мұндай бейнероликтер, хабар­ландырулар міндетті түрде мем­лекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болса өзге тілдерде беріледі. Бұл ретте жарнама мазмұнын бір тілден екінші тілге аударған кезде оның негізгі мағынасын бұр­малауға жол берілмейді.  

Тыйымдар мен шектеулер

Дәрі-дәрмек секілді, медкөмек қызметінің жарнамасы бойынша да бірқатар шектеулер енгізіліп отыр. Біріншіден, денсаулық сақтау министрі не басқа биік лауазымды шенеунік қандай да бір клиниканы мақтаса, ол ұйым беделді цитатаны пайдалана алмайды. Себебі ме­дұйым жарнамасында денсаулық сақтау қызметкерлерінің және өзге мемлекеттік қызметшілердің, ғалымдардың немесе басқа адам­дардың ұсынымдарына сілтеме жасауға болмайды. Екіншіден, медициналық қыз­меттерін және емдеу әдістерін «ең тиімді және қауіпсіз» деп дәріптемеуі қажет. Үшіншіден, азаматтардың өз бе­тінше қате диагностика қоюына соқтырмау үшін жарнама­да ау­рудың симптомдары сипатталмауы тиіс. Дәрігерге өз практикасында кез­дескен жағдайды әңгімелеуіне болмайды. Төртіншіден, жарнамаланатын медициналық қызмет немесе емдеу әдісі «келушілердің барлығы дерт­терінен құлан-таза айығып шы­ға­тынын» кепілдендіретіндей, одан еш­қандай жанама әсерлер болмай­тындай ұғым тудырмауы керек. Бесіншіден, «егер дәл сол емдеу әдісін қолданбаса, науқастың жағдайы нашарлайтынын» айтып, қорқытуға болмайды. Алтыншыдан, бір клиниканы көкке көтеру үшін басқа бәсе­келес­терін төмендетуге, жаман­дауға, тіпті өзгесімен салыстыруға рұқсат жоқ. Жетіншіден, жарнама эффек­тін күшейту үшін жазылып шық­­­­қан адам­­дардың пікірлерін беруге, со­­ны­­мен қатар қате немесе адам­­дарды жаңы­лыстыратын тер­миндерді қолдануға шектеу қойы­лады. Бұйрық жобасында нақты тыйымдар да бар. Біріншіден, тиісті қызмет түрін жүзеге асыруға лицензиясы жоқ адамдардың медқызметтерді және емдеу әдістерін жарнамалауына тыйым салынады. Бұл коронавирус ин­фекциясын арақпен, спиртпен, зімбір тамырымен, сарымсақпен, қойдың құйрығымен емдеуді ұсын­ған емшісымақтарға ден­саулық сақтау министрінің жауабы болса керек. Екіншіден, медициналық қызметпен айналысуға лицензиясы немесе клиникалық практикаға жіберілгені жөніндегі сертификаты жоқ адамдар, соның ішінде ше­телдік мамандар көрсететін медқыз­­меттердің жарнамасы заң­мен қудаланады. Үшіншіден, халыққа арналған жарнамада келесідей ауруларды: жыныстық жолмен берілетін, он­кологиялық, психикалық, қауіпті жұқпалы ауруларды (мысалы, COVID-19), АИТВ-инфекциясын, туберкулезді, қант диабетін емдеу тәсілдерін паш етуге тыйым са­лынады. Төртіншіден, жарнамаланатын қызметке тікелей қатысы жоқ ақ­паратты келтіруге, бесіншіден, адам­ның ағза-органдарына және тіндеріне қатысты келісім жасасу туралы ұсыныстарды жар­намалауға тыйым салынады. Мы­салы, адам бүйрегін сату туралы хабар­лан­дырулар ары қарай да заңсыз болып қала береді.  

Медициналық турист неден үркеді?

Қазақстанда медициналық қызметтер мен емдеу тәсілде­рі­нің жарнамасы шамалы. Те­ле­ар­­наларда негізінен, дәрі-дәр­­­­­мектер көрсетіледі. Кли­ни­­ка­­лар­­дың жар­намасы газет-жур­­нал­­дардағы ма­қалалардан, кө­ше­дегі бил­борд­тан, лифтілердегі жарқағаз­дан әрі аспайды. Ақпарат құрал­дары­ның жарнама бөлімі жеке медұйым­дардың жарнаманы көп бермейтінін біліп, оларға хабарласуға уақыт жоғалтпайды. Ал мемлекеттік емха­налар мен ауру­ханалар жарнамаға тіпті жола­майды. Инфекциялық ауруханалар тұрмақ, өзге емдеу мекемелері де жаппай коронавирус індетімен күреске жұмылдырылып жатқанда, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың бұл бұйрығының жобасы бір жағынан қажетсіз, өзекті емес көрінеді. Дегенмен, шетелдік маман­дардың айтуынша, қазіргі жаһан­дық пандемия – медициналық туризмді дамыту үшін қолайлы кезең көрінеді. Мысалы, дүние­жүзінде COVID-19 дертіне шал­дығып, емделіп шыққан қалталы азаматтар ары қарай сауығудан өту үшін Швейцария, Корея, БАӘ секілді озық медицинасымен әйгілі елдерге бет қоюда. Куба мен Түркия да осы істен мол пайда табу жолдарын қарастыруда. Мәселен, Украина туризмнің осы түрін өрістетуге кейінгі жеті жылдан бері баса мән беріп келеді. Бұл мемлекеттің емдеу және сауықтыру мекемелері көрсететін қызметтерге әлемнің әр тарапында қызығушылық артуда. Бұған жарнаманың дұрыс жолға қойылуы зор серпін берді. Жыл сайын жүз мыңға жуық медициналық турист посткеңестік кеңістіктегі осы рес­публикаға ағылады. Мамандар өзге саяхатшыларға қарағанда медтуристердің көбірек табыс түсіретінін еске салады. Украинаның Медициналық туризм қауымдастығының (УАМТ) президенті В.Янышевскаяның мәліметінше, әрбір медтурист елде орташа есеппен 2,5 мың доллар қалдырады. «Украина медицинасы Батыс Еуропа, АҚШ, Израиль, Ұлыбритания, Қытай, араб елдері және бірқатар Африка мем­лекеттерінің тұрғындары ара­сында сұранысқа ие. Украинада шамамен 200-ден аса жеке және мемлекеттік медициналық меке­ме шетелдік пациенттерді қабыл­дайды, соған маманданған. Тиісін­ше, олар ең үздік техникамен жарақ­талған, мамандары озық техно­логияларды меңгерген. Бұларда емдеудің инновациялық әдістері қолданылады», – дейді Виолетта Янышевская. Тіпті, АҚШ, Еуропа елдерінің ауруханалары мен клиникалары кейде жергілікті қымбат меди­циналық қызмет ақысын кө­тере алмайтын клиенттеріне украи­налық медұйымдарға жүгінуге кеңес беретін көрінеді. Бұрынғы кеңестік республиканың бұған қалай қол жеткізгенін А.Цой ко­мандасы мұқият зерделесе артық болмас еді. Әйтпесе, Қазақстанда меди­циналық туризмнің дамытылатыны он жылдай бұрын сөз етілді. Осы мақсатта елордада қаптатып ме­дициналық жаңа орталықтар салынды. Бүгінде оның бірқатарын Үкімет жекенің қолына тапсыру амалын қарастыруда. Нұр-Сұлтанда медтуризмге қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жауап береді екен. Бірақ ол КВИ таралуы кесірінен «байтал түгіл бас қайғы» күйде. Демек, Қазақстанға жеткен медтурист өз дертіне бөгде елде кездесер өзге проблемаларды жамап, қиналуы ғажап емес. Бізде әзірге шекаралар жабық, бірлі-жарымын айтпағанда, әлем­нің көп еліне ұшақтар ұшпайды. Бұл кедергілер алда жойылар, алай­да ауыр індеттен қатты зардап шек­кен қазақстандықтар біразға дейін кез келген туристке үрке қарайтын түрі бар. Ал осы кезде басқа әбжіл мемлекеттер болашаққа бағдар алып, алға қарай ілгерілеп барады.  

АйханАйхан ШӘРІП