Жалпы, осы жылдың 21 шілдесінде Мәскеу қаласында Қазақстан және Ресей үкіметтері «Минералды тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану» жобасын іске асыру туралы үкіметаралық келісімге қол қойған. Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Ермек Көшербаев пен Ресей өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану жөніндегі «ЕвроХим» минералды-химиялық компаниясы» ААҚ жобасын іске асыру туралы мәмілеге келді. Жоба Жамбыл облысына қарасты Қаратау фосфорит бассейнінің кен орнын игеруді және қуаты 1 миллион тоннаға дейін минералды тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер өндіретін жаңа зауыт салуды көздеп отыр. Қазіргі уақытта инвестиция көлемі шамамен 270 миллион долларды құрауда. Алдағы уақытта тағы 800 миллион доллар инвестиция келеді деп күтілуде. «Химиялық кәсіпорынның жұмысы Жамбыл облысында кемінде 1 200 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының дамуына айтарлықтай үлес қоспақ. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Қазақстан мен Ресей арасындағы интеграциялық бизнес байланыстарды нығайта түседі», – дейді Ермек Көшербаев. Бүгінде «ЕвроХим» МХК» ААҚ фосфорит кен орнын барлау және игеруді бастау, жыл сайынғы қуаты 640 мың тонна фосфорит ұны өндірісін құрайтын тау-кен өндірісі кешенін пайдалануға беру бойынша жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыруды сәтті аяқтады. Енді қол қойылған мәміленің негізінде жобаның екінші кезеңін іске асыруға мүмкіндік туып отыр. Оның аясында қолданыстағы өндірісті кеңейту және келесі жылы химия саласындағы ең үздік қолжетімді технологияларды пайдалана отырып, зауыт құрылысын бастау көзделген. Негізі жылдан-жылға өтпелі жобада көп өзгеріс болып жататыны белгілі. Оған қоса, әлемдік пандемия кезінде мұндай ауқымды бастамаларды аяғына дейін жеткізу қиынға соғатыны түсінікті. Сол себепті «екі ел арасындағы инвестициялық жобаның келешегінен не күтуге болады?» деген сауалды химия өндірісі саласының білікті маманы, Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС директоры Мұқаш Ескендіровке қойған едік. – Негізінен «ЕвроХим» компаниясы бұл жобаны жүзеге асырамыз деп жүргеніне 10 жылдан асты. Сондықтан биыл жобаны бастауға бел буғандарын қуаттаймын. 1 миллион тоннаға дейін өнім шығаратын зауытты алып жоба деп айтуға келмес, бірақ бұл бұқара үшін қажет. Себебі жаңа жұмыс орны ашылып, қазіргідей қиын кезеңде қара халықтың «екі қолына, бір күрек» табылады. Қаратаудың бөктерінде қазір 45 кен орны бар. «Қазфосфат» ЖШС соның алтауын пайдаланып отыр. «ЕвроХим» болса, біреуін-ақ қолдануда. Сондықтан қанша зауыт салса да Қаратауда шикізат жеткілікті. Қытай мемлекетінде осындай кен орнында 20-30 компания жұмыс істейді. Ол дегеніміз компаниялар арасында бәсекелестік туып, сапалы өнім шығарыла бастайтынын білдіреді. Әрі жоғарыда айтқанымдай жаңа жұмыс орны ашылады. Біздің компания бүгінде қызметкерлерін 100 пайыз жергілікті жердің адамдарынан жасақтаса, жаңадан салынғалы жатқан зауытқа да жұмысшылардың басым бөлігін жергілікті тұрғыннан алу туралы талап қою қажет. Сонда екі жақ та ұтылмайды. Жалпы айтқанда, сырттан келіп жатқан инвестициядан қорықпау керек. Түбі бұл дүниелердің барлығы өзімізге қалады, – дейді «Қазфосфат» ЖШС директоры Мұқаш Ескендіров. Таластықтар да зауыттың келешегінен мол үміт күтуде. Олардың бір ғана тілегі – жергілікті жұртшылыққа жұмыс орнының табылғаны. Базбіреулер «қаржы сырттан келіп жатқаннан кейін тірліктің тартпасы Ресейде болады» деген ой айтуда. Алайда өңірімізде 10 жылдың бедерінде жұмыс істеп келе жатқан серіктестік бүгінгі күнге дейін мұндай қырын қылық танытқан емес. Сондықтан Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров айтқандай, инвестициялық жобаны біз жатсынбауымыз керек.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы