Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық жоғары оқу орындары ректорларын тағайындау тәртібін қайта қарау туралы Жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ Жарлыққа Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректорларын, Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайының директоры мен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының басшысын тағайындау тәртібі енді.
Жарлыққа сәйкес аталған мекемелердің бірінші басшыларын тиісті саланы жетекшілік ететін уәкілетті органдар тағайындайтын болады. Жауапты лауазымдарға үміткерлерді іріктеу конкурс негізінде жүргізіледі. Енді білігі мен білімін ұштастыра білген ректор Үкімет қаулысымен тағайындалады. Бастысы – ректорлыққа үміткердің білім саласындағы тәжірибесі мен жасы. Жақында құзырлы министрлік бағдарлама дайындап, конкурстың қалай өтетінін жариялайды.
Жаңа тағайындау тәртібі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті,Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақ ұлттық өнер университеті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті, Қазақ ұлттық хореография академиясы мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне қатысты.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында ұлттық университет басшыларын байқау негізінде бекіту жайын айтты. Министрдің пікірінше бұл шешім ректорлар арасындағы бәсекені арттырады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен ұлттық ЖОО-ның ректорларын тағайындау тәртібі өзгерді. Меніңше, бұл – маңызды шешім. 2008 жылдан бастап ұлттық жоғары оқу орындары ректорларын ҚР Президенті тағайындап келді. Бұл шешім сол кездегі ірі жоғары оқу орындарына басқару және академиялық дербестік беру қажеттілігінен туындаған болатын.
«Назарбаев Университеті» ДББҰ жұмысының мысалында ұлттық университеттердің жұмысына Білім және ғылым министрлігі тікелей араласпауды көздеді. Мұндай саясат өз нәтижесін берді. Дегенмен бәсекенің жоқтығы және «Президент тағайындауы» мәртебесі оқу орнының дамуына оң ықпалын тигізбейді. Сонымен қатар өткен жылы Академиялық және басқару дербестігі туралы заңның қабылдануына байланысты барлық жоғары оқу орындары қосымша өкілеттіктер мен еркіндіккке қол жеткізді. Сол себепті, Мемлекет басшысы 2019 жылдан бастап ұлттық жоғары оқу орындары ректорларын конкурстық негізде тағайындау туралы шешім қабылдады. Ректорларды конкурстық негізде тағайындау нәтижесінде қандай артықшылықтарға қол жеткіземіз? Біріншіден, ашық конкурс. Бұл кезеңде ректор лауазымы кандидатурасы талаптарына сәйкес келетін кез келген адам конкурсқа қатысуға өтініш бере алады. Екіншіден, айқындылық. Барлық кандидат тиісті ЖОО-ның Бақылау кеңесінде әңгімелесуден өтеді. Үшіншіден, бағдарламалар сайысы мен бәсекелестік. Бұдан ары Білім және ғылым министрінің төрағалығымен республикалық комиссия үміткерлері ұсынып отырған «Жоғары оқу орындарын дамыту бағдарламалары» жобаларын қарастырады. Төртіншіден, қоғам алдындағы жауапкершілік.
Мемлекет басшысының тапсырмасы сөзсіз жүзеге асырылатын болады. Өз тарапымыздан, өткізілетін конкурстардың айқындылығы мен адалдығын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз» деп жазды министр Facebook парақшасында.
Асхат Аймағамбетов аталған жүйені жаңа механизмге балады. Дұрыс-ақ. Көпшілік конкурс ұйымдастырылатынына қуанды. Себебі, университет басшылығына білімімен қатар іскерлігі келіскен тұлға керек. Осыған байланысты министр парақшасында қарапайым қолданушы да, Кембридж түлегі де пікір қалдырыпты.
Асхат Аймағамбетов аталған жүйені жаңа механизмге балады. Дұрыс-ақ. Көпшілік конкурс ұйымдастырылатынына қуанды. Себебі, университет басшылығына білімімен қатар іскерлігі келіскен тұлға керек. Осыған байланысты министр парақшасында қарапайым қолданушы да, Кембридж түлегі де пікір қалдырыпты.
«Ректорларды университет қызметкерлері мен оқытушы құрамы және студентер сайлауы керек. Бұл – уақыт пен заманның талабы» дейді ҚазҰМУ оқытушысы Ғани Садыров. Кембриджде білім алған Нұрмұхаммед Досыбаевтың ойынша жаңа реформа білім жүйесін дамытудағы Президенттің сәтті қадамы. Ұлттық университеттердің өркендеуіне қосар үлесі бар жүйе. Желі қолданушысының төмендегі ойы кез келгенді толғандырады. «Білім және ғылым министрлігі конкурс туралы ақпаратты барынша тарату қажет. Конкурс біз қалағандай кең ауқымда өтпеуі мүмкін. Бір орынға өз ісін нақты білетін 20-30 үміткерден түйіндеме түсуі керек. Сонда бәсеке болады, конкурс талабы күшейеді» дейді ол.
Қоғам қайраткері Рахман Алшанов ашық конкурсты қолдайды. «Ашық конкурс өткен жерде бәсеке күшейеді. Бәсеке бар жерде нәтиже бірден білінеді. Халық сенімі артады. Есеп беру жүйесі жолға қойылады. Қазірдің өзінде бірнеше ректор ауысты. Университеттерде Бақылау кеңесі жұмыс істейді. Конкурсқа үміткерлерді Бақылау кеңесі ұсынатын болады. Қызылордада 14 адам ұсынылыпты. Жақсы көрсеткіш.
Ұлттық университеттер шетелмен байланыс орнатады. Жалақылары да басқаларына қарағанда жоғары. Бетке ұстар оқу орны екендерін дәлелдеуі қажет. Қаншама студенттің шетелдік байқауға қатысқанын, жаңалық ашқанын естиміз. Нәтижесі қайда? Мақсат тек байқауға қатысу болмауы керек. Ашқан жаңалығын өндіріске жіберу – ұлттық университеттің еншісінде. Жарнама күйінде қалатын дүние көп. Техникалық, гуманитарлық ғылым төңірегіндегі жаңалықтар нәтижесін беретін күн жетеді. Бәріне дәлел, негіз, талап деңгейінде қарайтын боламыз» дейді Рахман Алшанов.
Президент Жарлығы жаңа бастамаға жол ашты. Ендігісі – конкурс бағдарламасының құрылымы. Осындайда «білімі мен білігі келіскендер қатыса алады» деген еске түседі. Аграрлық университет басшылығына мәдениет саласында өнімді еңбек еткен тұлға кандидат бола ала ма деген сұрақ туады. Бағдарлама талабында осы жағдайды ескеру керек секілді. Басшы болатын адам университет тынысынан хабардар болғаны жөн. Көпшіліктің топшылауы да осыған саяды. Екіншіден, университет менеджментін дамыту. Бәсекеге қабілетті білім ошағын құру. Түйіндемеде университет стратегиясы жөнінде пунк болғанын қалайтындар көп. Бірнеше тіл білетін, белгілі жоғары оқу орындарын бітіргендерді басшылықтан көргісі келетіндер бар екен. Үшіншіден, А.Байтұрсыновтың ұлт және оның мүддесі парадигмасы. Ұлт мүддесі жолында қызмет ететін тұлға өз ісін абыроймен атқарары белгілі. Бұл Аймағамбетов ұсынған төртінші пункпен байланысты. Жауапкершілік ұлттық мүддемен астасқанда жұмыс нәтиже береді.
Ұлттық университет дегеніміз – елдің айнасы. Халықаралық деңгейде қауқар көрсететін оқу орны. Демек, ректоры талапқа сай болу керек. Осы тұста жаңа Жарлық көмекке келеді. Білім және ғылым министрлігі алдағы уақытта конкурс құжаттарын дайындайды. Нәтижесінде, ашық қоғамда бәсекеге қабілетті ректорларды көретін боламыз.
Айбике ЖАНАСЫЛ