Абырой биігіндегі азамат

Абырой биігіндегі азамат

Өзі де, өмірі де өзгеге өнеге боларлық жақсы ағалар тірлікте аса көп емес. Бірақ жоқ деп кесіп айту да қиын.

Біз жақсы білетін көшелі кісі, абыройлы ағалардың бірі – Әбдімүтәліп Әбжаппаров.

Ол 2005-2013 жылдары Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг универ­си­тетінің ректоры болды, техника ғылымдары­ның док­торы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық инженерлік академияның, Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының және халықа­ралық Жоғары мектеп академиясының акаде­мигі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері. Оны құрмет тұтпайтын адам жоқ шығар, сірә! Қасиетті Маңғыстаудың әр жаны туысындай, әр жеткіншегі баласындай болып кеткен асыл ағаны киелі жер абырой­ға бөледі. «Мен басшымын» деп кеудесін керген жоқ, елге басын иген Әбекең тек құрметке бөленді. Ректор бол­­ған жылдарында елге өзінің дара қолтаңбасын қал­дыр­ды. Бүгінде талай білім қуған жастарға білім нәрін беріп жатқан Ақтаудың көркіне көрік қосқан еңселі көк орда Әбдімүтәліп Әбжаппарұлының жылдар бойы ойында қордаланып, қасиетті жерде жүзеге асқан тамаша идеясы еді. «Осы ғимаратқа алыстан қарасақ, ағамыз қол бұлғап тұрғандай көрінеді» дейді Әбекеңнің ректор болған тұсында осы университет ғимаратының салынуын өз көзімен көрген замандастары. Сол кезде игілігімізге жараған оқу орнының бас ғимараты да, жаңа заман талабына сай салынған бес жүз орындық жатақ­хана мен спорт кешені де, құрылысы енді бастал­ған қызметкерлерге арналған тұрғын үй де, әрине, бұлар ешкімнің таласы жоқ, ағамыздың дара қолтаңбасы еді.

Қырғызстанның Ош облысының шалғайдағы ауылында Асқар ата әулетінде отыз жыл зарыға күткен ұл дүниеге келеді. Тұңғыш немересіне азан шақырып, Анар әжесі Әбдімүтәліп деп ат қойып, бауырына салып, өз тәрбиесіне алады. Қырғызстанның Ош облысының шалғайдағы ауылында бейбіт күн кешкен қазақ жұрты Атамекенін аңсамай тұра алмайды. Қырғызстанда тұрақтап, қоныс тепкен әулет Қазақстанда қаны тамған Сталиндік заман өткен соң, оның озбырлық саясаты да саябырсып, заманның беталысы түзеле бастаған 1954 жылы Атамекенге ат басын бұрыпты. Осылайша Әбе­кең балалық шағында ата жұртының қасиетті топырағын басады. Сол жылы қазақ жерімен қайта қауышқан Асқар атаның отбасы қонысқа қолайлы жер деп Түркі­стан жеріне көшіп келеді. Түркістандағы №386 темір­жол қазақ орта мектебіне барған бала Мүтәш алғыр­лы­ғымен өз қатарластарынан озып тұратын еді. Мектепте химия пәнін ерекше сүйіп оқиды. Әдебиетті де керемет жақсы көр­ген екен. Мектепті медальға аяқтаған жас Алматыға келіп химия саласы бойынша оқуға тапсырып, сол кездегі В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық инс­ти­тутының металлургия факультетін 1972 жылы үздік біті­ріп, инженер-металлург атанады. Одан кейін ғылымға бет бұрады. Ғалымның зерттеу жұмыстары негізінен Қазақстандағы төменгі сапалы сазтопырақты шикізатты кешенді өңдеу технологиясы мен физика-химиялық негізде жүйелі зерттеуге арналды. Бұл зерттеу­лер өз жемісін беріп, нәтижелері технологиялық үдерістердің тиімді режимдік жағдайларын ғылыми талдауға жол ашты. Ғылыми зерттеулерінің негізінде гидрохимиялық өңдеу кезінде қайталама шығынды төмендетуге арналған технологиялық тәртіп ұсынды. Әбдімүтәліп Әбжаппарұлының ғылыми зерттеулері соны сипатымен, тың тұжырымдарымен ғылыми орта­ны елең еткізіп, тек Қазақстан мен ТМД елдері ғалым­да­рының ғана емес, шетелдік әріптестерінің де назарын аудара білді. 1988-1989 жылдары Германия Федеративтік республикасының екі бірдей жоғары оқу орнында – Клаусталь техникалық университеті мен Ахен қаласын­да­ғы Рейн-Вестфаль техникалық мекте­бін­де машық­та­ну­дан өтіп, шетелдік әріптестерімен ғылыми тәжірибе алмас­ты. 1994-1995 жылдары Целли қаласындағы Тө­мен­гі Саксон Басқару академиясында білімін жетіл­дір­ді, басқару саласынан «Білім беру сала­сында персонал­мен жұмыс жасау» тақырыбында дип­лом жұмысын неміс тілінде қорғап шықты. Шетел­дің жетек­ші уни­вер­ситеттерінде білімін толықтырып кел­ген Әбе­кең енді бар қажыр-қайратын тәуелсіз елдің дамуына арнады.

 

* * *

Ә.Әбжаппаров 2005 жылы Ақтау қаласындағы мемлекеттік университетке ректор болып келгеннен бастап, оқу орнында кең көлемдегі қайта құрулар жүзеге асырыла бастады. Университет дамуының жаңа кезеңі, заманауи талаптарға сай түбегейлі өзгерістер кезеңі басталды. Білім ордасын оқу үдерісінің ұйымдастырылуы мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының тиімділігі жағы­нан да, сыртқы бейнесі мен материалдық-техникалық жарақ­тандырылуымен де әлемдік жетекші универси­тет­тер деңгейіне сәйкестендіруге арналған түбегейлі өзгерістер жасаудың стратегиялық міндеттері айқын­да­лып, ауқымды шаралар қолға алынды. Университетті дамыту мен әлемдік стандарттарға сай қазіргі замандық жоғары оқу орны етіп қайта құру үшін 2006 жылы уни­вер­ситет ректоры Ә.Әбжаппаровтың ұсынысымен, сол кез­дегі облыс әкімі Қ.Көшербаевтың басшылығымен «Қам­қорлық кеңесі» құрылды. «Қамқорлық кеңесін» құру­дағы мақсат – университеттің білім беру, ғылыми және ғылыми-өндірістік бағдарламаларды жүзеге асы­ру­­дағы мақсатқа жетуіне ықпалдасу, өзекті мәселелерді ше­шуге көмек көрсету, оның отандық және шетелдік білім нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуіне ықпал жасау болды. Университет EURASHE-Еу­ра­зиялық жоғары білім институттарының қауымдас­ты­ғы­на, Еуразиялық университеттер ассоциациясына мү­­ше болды, 2008 жылы қыркүйекте Болонья (Италья) қа­ла­сындағы университеттердің ұлы хартиясына қосыл­ды.

Ұзақ жылдар бойы Маңғыстаудағы осынау іргелі оқу орнының жеке ғимараттары болмағандықтан Ақтау қаласының әр жеріндегі әкімшілік ғимараты, мектеп, балабақша, жатақхана ғимараттары сияқты түрлі нысандарды пайдаланып келгені белгілі. «Ақтауда шетелдік үлгідегі университет қалашығы салынса» деген тілек-өтінішін талай мінбеден айтқан Әбекең ақырында арманына қол жеткізді. Бұл мәселе Әбекеңе дейін де талай келелі жиындарда сан рет айтылды да. Бірақ құр сөз күйінде қала берген еді. Өзінің табандылығымен талай табалдырықты тоздырып, Ақтаудың жаңа шағынауданынан елу төрт гектар жер алуға қол жеткізді. 2007 жылдың маусым айында Ақтау қаласының 32 шағынауданында университет кампусының құрылысы басталды. 2009-2010 оқу жылын университет ұжымы жаңа оқу ғимаратында бастағанда ғажайып әлемге ен­ген­дей күй кешті. Жарық та жайлы аудиториялар, кең дәліз, атриум, мәжіліс залдары мен дәріс залдары, дәм­ха­на мен асхана, кітапхана мен оқу залы – барлығы талап­қа сай жабдықталып, білім алушылардың білім алуына барлық жағдай жасалған.

Ғылыми зерттеулерінің негізінде гидрохимиялық өңдеу кезінде қайталама шығынды төмендетуге арналған технологиялық тәртіп ұсынды. Әбдімүтәліп Әбжаппарұлының ғылыми зерттеулері соны сипатымен, тың тұжырымдарымен ғылыми орта­ны елең еткізіп, тек Қазақстан мен ТМД елдері ғалым­да­рының ғана емес, шетелдік әріптестерінің де назарын аудара білді.

Каспий мемлекеттік технологиялар және инжи­ни­ринг университетін құру тұжырымдамасы жасақталып, ол 2007 жылғы 21 маусымдағы университет ғылыми кеңесінің отырысында бекітілді.

Ректор болып тұрған жылдарында Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы әр білім алушының жағдайын біліп отырды. Студент жастармен жиі-жиі кездесіп, олардың ойларымен санасып, шешілмеген сұрақтары болса, дер кезінде шешіп отырды. Оқуда озат, қоғамдық жұмыс­тар­да белсенді студенттерге атаулы стипендиялар та­ға­йын­далды. Мәселен, Ш.Есенов, Қ.Сыдиықұлы, Г.Поме­ранцев, Ә.Кекілбаев, М.Жолдасбеков, С.Зима­нов және университет ректоры атындағы стипендия­лар­дың студенттерге ай сайын үздіксіз берілуі – білім алу­шы жастардың білімге деген ынтасын одан ары артты­ра түсті. Сол жылдары жыл сайын өткізілетін халықа­ралық, республикалық пәндік олимпиадаларда университет студенттері жоғары нәтиже көрсетіп келді.

Ә.Әбжаппаров оқу орнына басшы болып келгенге дейін оқу орнында бұрын-соңды «Болашақ» бағдарла­ма­сымен шетелде білім алған ешкім болмаған еді, 2012-2013 оқу жылында он сегіз ғалым-ұстаз шетелдің жетек­ші оқу орындарына барып, аталмыш бағдарламамен бі­лім алып келді. Бұл да университет тарихындағы ал­ғаш­қы оқиға еді. Әбекең ректор болған тұста универ­си­теттің әнұраны жазылып, қандай шарада да шырқалып, жас­тарды жігерлендіріп отыратын. Студенттік филар­мо­ния, «Қоғаммен және БАҚ-пен байланыс бөлімі», «Жастар саясаты және әлеуметтік жұмыстар бөлімі», Оқу телесту­диясы, «Жұмысқа орналастыру және ман­сап» орталығы, «Арал-Каспий» халықаралық ғылы­ми-зерттеу орталығы сияқты бөлімдер университет ұжымы үшін де, білім алушы жастар үшін де тиімді еді. «Барыс­тар» КВН командасы республикада алдыңғы қатар­лы көңілді тапқырлар клубы болып аталса, Лон­дон олимпиадасының күміс жүлдегері Ә.Ниязым­бетов, әлем чемпионы Ж.Нежимов, әлем чемпионатының жүлде­гері Х.Халидов, Азия чемпионы А.Имашев озат студенттер болды.

 

* * *

Қазір киелі өлке тұрғындары Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің жаңадан бой көтерген бас ғимаратын Маңғыстаудағы білім мен ғылымның Көк ордасы деп атайды. Осынау «Көк орданың» авторы, Маңғыстаудың мақтанышына айналған тұлғаға Маңғыстау облысының Құрметті азаматы атағы да осындай ерен еңбегі үшін беріліп еді. Университетке Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы басшылық жасаған жылдарды замандастары мен әріптестері университеттің көркею кезеңі деп бағалайды. Оның Есенов университеті үшін атқарған игі істерін бір шағын мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Бұл кезеңді қысқаша былай сипаттауға болады: жоғары сапа, халықа­ралық тартымдылық, академиялық ұтқырлық, білім берудегі инновация, заманауи университет кешені.

Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­те­ті ректорының кеңесшісі қыз­ме­тінде жүрген Әбдімүтәліп Әбжаппарұлына мықты денсаулық, қажымас қайрат тілейміз.

 

Нағбду ҚАМАРОВА,
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік
техноло­гия­лар және инжиниринг
универ­си­тетінің профессоры