Елімізде такси қызметі бақылауға алынады, – деп жазады 24.kz.
Халықтың қауіпсіздігі үшін тек ресми тіркелгендеріне ғана жолаушы тасымалдауға рұқсат беріледі. Карантинде қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтағандықтан, такси қызметіне сұраныс артты.
Терапевт-дәрігер Анжела Ашихмин: «Коронавирус жұқтыру қаупі барлық жерде бар. Әсіресе, таксиде аса сақ болу керек. Көліктің зарарсыздандырылуына зор мән беріңіз. Отырғанда жүргізушінің маска таққанын назарға алыңыз. Үнемі қолыңызды антисептикпен жуыңыз. Бетіңізді ұстамаңыз. Себебі сізге дейін де, сізден кейін де ол көлікке біраз адам отырады. Абай болыңыздар!», – деп ескертеді.
Қазір Нұр-Сұлтандағы таксилердің 80 проценті ресми тіркелмеген. Олардың барлығын бақылап, қадағалап отыру мүмкін емес.
Қалалық көлік қызметкерлері қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов қадағалаудың жоқтығын заңның осалдығынан көреді.
«Мемлекет көлік нарығын реттеп отыр деп айта алмаймын. Сыртқы жүйелерге қосылған жүргізушілерді ұстап, жауапкершілікке тартуға болмайды. Оның үстіне ешқандай белгі орнатпай-ақ, жолаушы тасып жүргендер бар. Мұндайда заңды бұздың деп біреуді кінәлауға тағы болмайды. Себебі сол заңның өзі ақсап тұр. Құқықтық жағын тағы бір пысықтау қажет», – дейді.
Ал ИИДМ көлік комитетінің баспасөз хатшысы Дархан Кәрібаев: «Қазір анықтау қиын емес. Барлығы жинақталып, бір жүйеге енгізілген. Бұл тұрған көліктің құжаттарын бір жүйеге енгізетін болсақ, деректері, бұрын такси қызметін атқарған ба? Соның барлығы шығып тұрады. Ешкім-ешкімді қазір алдай алмайды. Жалған ақпарат беретін болса, жазаға тартылады», – дейді.