Жүлде қоры қомақты
Жүлде қоры қомақты
202
оқылды

Жастар жылы аясында көптеген жобалар жүзеге асуда. Мақсат – жастардың жүрегіндегі Отанына деген махаббатты ояту. Осы арқылы туған жердің көрікті жерлеріне саяхаттар жүргізіп, мейлінше туристерді тартуды да басты міндет қылып қойған еді. Соның бірі A kind heart қоғамдық бірлестігі қолға алған I’m from Qazaqstan видеороликтер байқауы болатын. Бұл жоба да мәреге жетті.

I’m from Qazaqstan видеоро­ликтер байқауына 200-ден астам жұмыс түсті. Жастар жылы аясында A kind heart қоғамдық бірлестігі қолға алған жобаға Қазақстанның түкпір-түкпірі­нен 969 өтінім түскен, 233 адам толыққанды видеоблог түсірген. Олардың 15-і ақтық сынға өт­кен. Байқау шарты бойынша қатысушылар өзінің туған қала­сы немесе ауылы туралы бейне­ро­­лик түсіріп, онда көрікті жер­­лерді көрсетуі, туристер үшін қызықты мәліметтер ұсы­нуы керек болатын. «Үміт­кер­лердің 40 пайызы – Алматы­дан, 13 пайы­зы – Нұр-Сұлтан­нан. Қал­ған жұмыстар Өскемен, Шым­кент, Семей, Ақтау, Көк­ше­тау, Қарағанды, Бурабай, Қостанай, Түркістан, Павлодар қалала­ры­нан түсті. Аудандар мен ауыл­дардан да ролик жібер­ген­дер бар. Олардың жұмысын құрамына белгілі шетелдік және отандық блогерлер енген қазы­лар алқасы бағалайды». A kind heart қоғам­дық бірлестігі тарат­қан ақпаратта осылай делінген. Байқау шарты бойынша ең үздік видеоролик авторы бас жүлдеге 1 млн теңге алады. Екінші орын­ға – 500 мың теңге, үшінші орын­ға 300 мың теңге беріледі. Бәйге қоры­тындысы бойынша, финалға жеткен қатысушылар Қазақ­стандағы YouTube компа­ния­сы­ның ресми өкілімен келі­сім­шартқа отырып, өз арна­ла­ры­ның дамуына қатысты ма­ман­­дардан кеңес алады. Жеңім­паз­дарды ұлықтау рәсімі 24-25 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылатын «Қазақ­стан­­ды аша отырып» атты ха­лықа­­ралық блогерлер фору­мын­­да салтанатты түрде өтеді. Бай­қау Азаматтық бастамаларды қол­дау орталығы мен Ақпарат және қоғамдық даму министр­лі­­гінің қолдауымен іске асы­рылу­да.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ