Еңбек қатынастары саласында шешілмеген мәселе жетерлік. Олар ушығып, көпіршіктей үріле келе еңбек даулары мен жанжалдар түрінде жарылады. Түйіні шиеленіскен түйткілдердің бірі – аутстаффинг. Ол мәселен, былтыр елордада «сақалды құрылысқа» айналып бара жатқан Әбу-Даби Плаза заңғар ғимаратын салуға тартылған қазақстандық жұмысшылардың жаппай ереуіліне соқтырды.
Атауы ағылшынның out («тыс») және staff («штат, персонал») сөздерінен құралған бұл тәжірибе Қазақстанда 1998 жылғы қаржылық-экономикалық дағдарыстан кейін тарала бастады. Дегенмен аутстаффинг елімізде бірнеше жыл бұрын ғана кең танымал болды.
Оған сәйкес, қандай да бір кәсіпорын өз ісін дамыту, әлдебір акция өткізу үшін төл штатына кірмейтін мамандардың еңбегін пайдаланады. Басқаша айтқанда – «персоналды белгілі бір мақсатқа жалға не қарызға алады». Әрине, бұл – дамыған елдердегі үлгі.
Ал жоспарлы экономикадан жабайы нарық құрдымына құлаған кеңестен кейінгі республикаларда бұл құбылыс «құбыжық» сипат алды: кәсіпорындар өз ұжымын да аутстаффингке шығарып жіберуде.
Facebook-тегі жеке парақшасында Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл салалық ведомство мәліметіне сілтеме жасай отырып, бір деректі хабарлады.
– Еңбек құралын, көлік түрін және басқасын лизингке алуға болады. Ал тұтас ұжымды лизингке алу туралы естіп пе едіңіз? Қазір Қазақстанда осындай кесір құбылыс жүруде. Оны жатжұрттық «аутстаффинг», «лизинг персонала» деген сөздерімен «көркемдеп», бүркемелеуге тырысады. Қарапайым тілмен айтқанда, кәсіпорын ұжымын штаттан шығарып тастайды да, оны жеке жұмыспен қамту агенттігіне тапсырады. Содан кейін агенттік ол қызметкерлерді әлгі компанияға жалдамалы персонал түрінде қайта ұсынады. Осылайша, жұмыс беруші қызметкерлерін әлеуметтік қолдаудан және қорғаудан «құтылады». Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, өткен 2018 жылы 13 жеке жұмыспен қамту агенттігі KAZENERGY қауымдастығының 10 мекемесіне шамамен 6 мың қызметкерді ұсынған. 2014 жылдан бері «АрселорМиттал Теміртау» да аутстаффинг, яғни еңбек күшін қарызға алу формасын кеңінен пайдаланып келеді. Ведомство дерегінше, бүгінде 600-ге жуық «қарыздық қызметкер» «АрселорМиттал Теміртауда» жұмыс істейді, олардың жалақысы штаттық қызметкерлер жалақысына қарағанда 35%-ға төмен. Бұл еңбек дауларының туындауына түрткі болады, – дейді депутат Б.Смағұл.
Расында, 2018 жылғы ақпан айының басында «Әбу-Даби Плаза» құрылысында жұмыс істейтін қазақстандық жұмысшылар мен мердігер арасында қақтығыс туындағаны мәлім. Шиеленістің тарқауын Nur Otan партиясы ерекше бақылауға алды. Бас қаладағы аспанға бой созған алып ғимараттың құрылысын жүргізген отандық жүздеген жұмысшының мәселесін шешу үшін жергілікті әкімдік, кәсіподақ, прокуратура бірлесе жұмыс атқарды. Сонда анықталғандай, мердігерлік ұйымдардың құрылысшылары World monitoring, «Экспо Строй», «Казахстан Строй техно», «Казинжиниринг провайдер» компаниялары аясында аутстаффинг бойынша жұмыс істеген. Жұмысшылардың айтуынша, кейін мердігер біржақты түрде арадағы келісімді бұза салады. Өтемақы да төленбеген. Себебі, еңбек келісімшартының бұл түрінде өтемақы қарастырылмайды. Рас, мемлекеттің бас мердігер Arabtec-пен арасындағы келіссөздер нәтижесінде жұмысшылардың біразына өтемақы берілді. Құрылысшылар Нұр-Сұлтан қаласындағы өзге құрылыс алаңдарында орындарын тапты.
Бірақ мәселе қалды.
Әлгінде аты аталған World monitoring рекрутингтік компаниясы өзінің ресми интернет-ресурсында «Әбу-Даби Плаза» көпфункционалды кешен құрылысын жүргізуші Arabtec және Сonsolidated Сontractors Сompany секілді БАӘ-нің ірі құрылыс компанияларына персонал ұсынатынын және жобаға жұмылдырылған осындай жұмысшы маман саны – 850-ге жететінін хабарлайды.
Онда сондай-ақ World monitoring компаниясының аутстаффинг қызметі бизнеске қандай пайда әкелетіні дәріптеледі. Аутстаффер, яғни делдал компания жалақы, салық төлеу, еңбек заңнамасын орындау, соның ішінде жұмыстан босату секілді мәселелерді өз мойнына алады.
Аутстафферге жүгінген жұмыс беруші қызметкерлер алдындағы заңды жауапкершіліктен құтылатыны; қызметкерлермен арадағы еңбек даулары бойынша міндеттемеден босайтыны; персоналға қатысты сақтандыру және басқа да жазатайым оқиғалар туындауының тәуекелі төмендейтіні; өтемақылық пакет шығындары азайтылатыны айтылған. Кәсіпорын жұмыскерлерін басқарудан және соған ілеспе әкімшілік және қаржылық жүктемеден арылады.
«Қазіргі уақытта компаниялар нарықтағы тұғырын сақтап қалу үшін бар күш-жігерін негізгі үдерістерді басқару бойынша ұзақмерзімді жоспарларды іске асыруға шоғырландыруы қажет. Сол арқылы оның бәсекелестік артықшылықтары қамтамасыз етіледі. Біздің компания клиенттерін HR саласындағы бейінді емес міндеттерді орындаудан босатуға, сол арқылы төл стратегиялық міндеттерін шешуге, барынша тиімді дамуға мүмкіндік беруге тырысады», – дейді елордалық осы аутстаффер.
Ол «жаңа қызметкерлерді олармен еңбек қатынастарын рәсімдемей-ақ сынақтан өткізетіндерін» білдірді.
Қазақстанда кейбір компаниялар директор, бас бухгалтер секілді бірлі-жарым қызметкерден басқасының бәрін «штаттан тыс» деңгейге көшіруде. Мұндайда олар кадр бөлімінен де бас тартады. Осы арқылы ірі кәсіпорындардың өздері штатын оңтайландырып, шағын не орта кәсіпкерлік санатына кіреді де, соларға қарастырылған салықтық жеңілдіктер мен артықшылықтарды пайдаланады.
Ондай жұмыс берушілер қажетті мамандарды іріктеуге және жұмысқа алуға жұмсалатын уақыт пен қаражат шығынын outstaffing арқылы үнемдеуге ұмтылады. Оның үстіне құқық пен еңбек қатынастары саласында дау туа қалса, жауапкершілікті аутстаффер компанияға сырғыта салуға мүмкіндік бар. Өйткені жаппай босатылатын жұмысшылар жұмыс беруші штатының бір бөлігі болмайды. Ереуіл жасамаса, ондай жағдайлар туралы қоғам да бейхабар қалады, шу да сыртқа шықпайды.
Қазір Ресей өз аумағында аутстаффингті шектеді. Мәселен, солтүстік көршінің федералдық заңнамасына сәйкес, ереуілге шыққан мамандарды алмастыру үшін аутстафферден жұмысшы жалдауға, зияндылығы жоғары (3-4 дәрежедегі) өндірісте және қауіпті (І-ІІ сыныпты) нысандарда жұмыс істеу үшін жұмыскерлерді осы тәсілмен жалдауға қатаң тыйым салынған.
Қазақстанда да Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірнеше жыл қордаланған проблеманы шешуге қам-қарекет жасауда. Нақтырақ тоқталсақ, арнайы әзірленген «Кейбір заңнамалық актілерге қарыздық еңбекті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасы аясында жеке жұмыспен қамту агенттігін тартпай, персоналды беру қызметін көрсетуге арналған шарт жасасуға тыйым салу ұсынылып отыр.
– Жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің «қарыздық» персоналды беруі елімізде еңбек заңнамасымен реттелмеген, әрі бұл мәселе бойынша статистика жүргізілмейді. ТМД елдерінің және Қазақстанның тәжірибесі көрсеткендей, қарыздық еңбек күшін пайдаланушылар ондай қызметкерлерге қатысты еңбек заңнамасында белгіленген міндеттемелерін орындаудан жалтарады. Сондай-ақ олардың жұмыс уақыты нормасынан асып кетеді, алатын жалақы мөлшері де тұрақты қызметкерлермен салыстырғанда төмен, оларға жыл сайынғы еңбек демалысы берілмейді. Еңбек қарқынының жоғары болуы, еңбек қауіпсіздігі мен олардың сақталуын қадағалау бойынша жұмыс беруші жауапкершілігінің анықталмауы, сонымен қатар кейде кәсіби біліктіліктің жетіспеуі – аталған қарыздық еңбек секторын өндірістік жарақат пен кәсіптік сырқат қаупі жоғары салаға айналдырады. Жалпы алғанда, жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің персоналды беру қызметі заңнамалық реттелмейді, – дейді министрлік өз талдауында.
Министрліктің байламынша, республикадағы кейбір кәсіпорындарда жыл сайын төл персоналын аутстаффинг тәсілімен сыртқа теуіп шығарып, аулақтату үдерісі жүруде. Мұндай кесірлі құбылыс негізінен, Атырау, Маңғыстау және Қарағанды облыстарының кәсіпорындарында белең алған көрінеді.
«Көбінесе, жұмыс беруші өз қызметкерлерін штаттан шығарады да, басқа мәртебеде кері қабылдайды. Мұндай қызметкерлер төмен жалақыға келісуге мәжбүр. Ал жұмыс беруші қауіпсіз еңбек шарттарын қамтамасыз ету және әлеуметтік пакет ұсыну бойынша міндеттемелерден арылады», – дейді еңбек ведомствосы.
Сондықтан егер қабылданған жағдайда, жаңа заң арқылы мемлекет жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің персонал ұсыну қызметін реттеуді жоспарлауда.
«Бұдан бөлек, аталған норманың енгізілуі жұмыс берушілерді персоналды тек өзара еңбек қарым-қатынасы бар жеке жұмыспен қамту агенттіктері арқылы ғана тартуға міндеттейді. Бұл агенттіктер жұмыс беруші болып есептелетіндіктен, қызметкерлердің құқықтары толықтай еңбек заңнамасына сай қорғалатын болады» деген сенімде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Қорыта айтқанда, Қазақстан аутстаффингке тыйым салмайды, одан бас тартпайды. Тек реттеу көзделуде.
Сонымен бірге, талапты бұзғандарға қомақты жаза қарастырылмаған. Мемлекеттік еңбек инспекторлары жеке жұмыспен қамту агенттіктерін тартпай, персоналды беру жөніндегі қызметтер көрсету бойынша шарт жасасқандарға бұлай жасауға жол берілмейтіні жөнінде нұсқама ғана береді деп белгіленуде.