Қазақстанда реформа жөніндегі жеке агенттік құрылуы мүмкін. Ал Үкімет қызметі «қайта жандандыруды» бастан кешпек. Бұл жөнінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті. Жиында еліміздің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылып, осы жылға жаңа міндеттер белгіленді.
Бүгінде Қ.Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасының негізгі міндеттері іске асырылуда.
– Бұл еліміздің орнықты дамуына, халқымыздың әл-ауқатының артуына зор серпін береді. Басты мақсат – қолдағы бар мүмкіндіктерді толық пайдалану, – деді отырысты ашқан Президент.
Алдымен баяндама жасаған Үкімет басшысы Асқар Маминнің мәліметінше, 2019 жылы ЖІӨ өсімі 4,5% құрады. Негізгі капиталға құйылған инвестициялар 8,5%, ал жеке инвестициялар 9,5%-ға ұлғайды. Былтыр шамамен 25 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған, оның 58%-ы – тау-кен және мұнай өндірісіне, тек 14%-ы – өңдеу саласына, қалған 12%-ы – сауда секторына салынды. Инфляция Үкімет белгілеген 4-6% шегінен шықпады: жыл қорытындысында 5,4% болды.
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Тапсырмаларыңызды орындау аясында Үкіметтің 2020 жылғы жұмысының негізгі мақсаты – экономика өсімін 4,7-5% деңгейінде қамтамасыз ету болмақ. Сонымен бірге, Үкіметтің алдында 430 мың жаңа жұмыс орнын құру, инвестициялар көлемін ЖІӨ-нің 20%-ы деңгейіне жеткізу, шикізаттық емес экспортты 18,6 млрд доллардан асыру, халықтың нақты табысын 6% арттыру міндеті тұр. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 30% дейін ұлғайтылады. 15 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады, – деп уәде етті Асқар Мамин.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев та өткен жылы инфляция 5,4% болып, нысаналы дәлізде сақталғанын қуана жеткізді.
– Нан-тоқаш өнімдері мен жарма бағасының 16,1%, ет және ет өнімдерінің 13,2% өсуінен азық-түлік тауарлары 9,6%-ға қымбаттады және инфляцияға ең көп үлес қосты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының өсуі қалыпты, – деді Е.Досаев.
Алайда биік лауазымды тұлғалардың бұл қуанышы іле-шала су сепкендей басылды. Мемлекет басшысы экономикалық дамудың сапасына қатысты біраз түйткіл барын жеткізді.
– Ресурстық әлеует пен бюджеттік шығындар сол бұрынғыдай өсімнің қозғаушы күші болып қалуда. Экономиканы несиелендіру стагнацияға ұшырады: 2019 жылдың 11 айында ЖІӨ-ге шаққандағы қарыз портфелінің көлемі 23-тен 22 пайызға дейін төмендеді. Былтырғы жылы біз, өкінішке қарай, Еуразиялық одақта инфляцияның деңгейі, яғни қымбатшылық бойынша чемпион атандық, – деді Қ.Тоқаев.
Ол шикізаттық емес экспорт үлесінің артуын мардымсыз деді.
– Елбасы қойған стратегиялық мақсаттарға міндетті түрде қол жеткізуіміз керек. Бірақ Үкіметтің оған жету бойынша тәсілдерін қайта жүктейтін (перезагрузка) кез келді. Реформаларды іске асыру қарқыны бәсеңдегенін ашық мойындауға тиіспіз. Сондықтан ел экономикасын терең, бәлкім, радикалды реформалаудың бағдарламасы әзірленуі тиіс. Бізге жаңа экономикалық бағыт қажет! Ол басты проблемаларды нақты көрсетіп, оларды шешу әдістерін нұсқайды. Реформа мықты ерік-жігер мен батылдықты талап етпек. Үкімет осы қасиетті көрсетеді деп үміттенемін. Басқа жол жоқ. Өйткені уақытымыз да жоқ, – деді Қ.Тоқаев.
Президенттің байламынша, әзірге мемлекеттік аппарат әртүрлі нормативтік актілерге жалтақтап, ведомствоаралық келісімдерге уақыт жоғалтып, негізгі шешімдерді баяу қабылдап жатыр.
– Халықаралық бәсекелестік қатаң сипат алған және халық әділетті талаптарын қойып отырған қазіргі жағдайда енді бұлай жұмыс істеуге болмайды. Мұндай реформаларды тізеге сала отырып өткізуге тура келеді. Президент бәрінің үстінен қадағалап, әр шенеунікті жұмысын жылдам әрі сапалы орындауға мәжбүрлеп отыра алмайды. Тіпті Премьер-Министр де мұндай режимде жұмыс істемеуі керек. Оның алдында мүлдем басқа міндеттер бар. Ендеше мемаппараттың өзі тиімді әрі ұтқыр жұмыс жүргізуі тиіс. Тек сонда ғана біз мемлекет алдындағы стратегиялық маңызды мақсаттарға жете аламыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ол мақсаттар қатарында жүздеген мың жаңа жұмыс орындарын ашу, жақсы жалақыны қамтамасыз ету, сол арқылы қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру аталды.
– Айқын мақсаттар, түсінікті міндеттер, олардың толық орындалуы экономикалық өсімнің жаңа сапасына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сол себепті бірыңғай бағдарламалық құжатты әзірлеу қажет. Оның көлемі мейлінше қысқа, ал мазмұны терең болуы тиіс. Ол Үкіметтің орта мерзімді кезеңдегі жұмыс жоспарына айналады. Аталған құжатты Үкімет, Президент Әкімшілігі, «Атамекен» палатасы биылғы 15 мамырда дайын етуі керек. Шайқалып-найқалып жүруге уақыт жоқ, – деді Мемлекет басшысы.
Ол қолға алынатын реформалардың бақылауы әлсіз болуы мүмкін екенін ескертті. Өйткені атқарушы билік реформаларды өзі даярлайды, өзі жүзеге асырады және өз жұмысының сапасын өзі бағалайды. Қ.Тоқаев бұл тәсіл өзгеретінін мәлімдеді.
– Президент Әкімшілігі жанынан Әлеуметтік-экономикалық реформаларға мониторинг және талдау жүргізу орталығын құруды тапсырамын. Орталық қоғамдық негізде жұмыс істейді. Яғни, ешқандай бюджеттік шығын шығарылмайды. Орталық құрамына әкімшілік қызметкерлері сыртында, ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері кіреді. Бұл институт дами келе, болашақта Президент жанындағы Реформалар жөніндегі агенттік болып қайта құрылуы мүмкін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол шенеуніктердің нәтижеге бағдарлануы керегін баса айтты.
– Жалаң жасампаздық-креативке елігу, елге еш пайда әкелмес жарқын жобалармен әуестену, кез келген тәсілмен жылдам жеңіске жету тактикасы секілді кең таралған кесір құбылыстарға жүйелі түрде тосқауыл қою қажет. Өмір көрсеткендей, мұндай жеңістер көзбояушылық болып шығады және қымбатқа түседі. Одан статистикаға нұқсан келеді, бюджеттік қаражаттар тиімсіз жұмсалады, қажетсіз зауыттар ашыла сала, жұмыссыз қаңтарылып тұрып қалады, инфрақұрылым пайдаланылмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті шенділерге жаңа көлік пен жиһаз алуға тыйым салып тастады.
– Еш қиналыссыз кейінге қалдыруға болатын шығындарды анықтауымыз керек. Алғашқы шара ретінде құны қымбат автокөлік және жиһаз сатып алуға, сантүрлі форумдар, семинарлар мен конференциялар өткізуге ұзақмерзімді мораторий жариялауды ұсынамын. Ысырапшылдыққа жол бермеу керек. Шығыстар орынды болуы қажет. Бөлінген қаражат елдің мүддесіне қызмет етсін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкіметке квазимемлекеттік сектор қызметін ретке келтіруді жүктеді. Бұл салада біраз былық қордаланған, ол әшкере болған сайын қоғамның наразылығын өршітеді. Айталық, 2007-2018 жылдар аралығында мемлекет холдингтерге жалпы алғанда 7 триллион теңгеден астам қаржы шығындаған.
– Бұл – ғаламат қаржы. Демек, ел оның ауыз толтырып айтарлықтай қайтарымын көруі қажет. Есеп комитетінің талдауы нәтижесінде бірқатар жүйелі мәселелер анықталды. Олар бірінің қызметін бірі қайталайды, құрылымы мен штаты шектен тыс ұлғайып кеткен. Мысалы, «Бәйтерек» холдингі 63 ұйымнан тұрады. «ҚазАгро» 2 мыңдай қызметкері бар 3 еншілес кәсіпорынға ие. «Бәйтеректің» әкімшілік шығыстары 54 млрд теңгеден асып кетті. Оның 24 миллиардын тек жалақыға шығындайды. Мен «Бәйтерек» басшылығының холдингті реформалауға деген күш-жігерін байқамай отырмын. Ұқсас проблемалар квазимемсектордың өзге компанияларында да кездеседі. Бірін-бірі қайталайтын, басы артық компанияларды
жою бойынша шұғыл шаралар қабылдау керек, – деп тапсырды Президент.
Жалпы, барлық министрлер, әкімдер шақырылған осы үлкен құрылтай қарсаңында бірқатар сарапшылар Үкіметтің отставкаға кететіні туралы болжам айтқан. Бірақ Мемлекет басшысы қазіргі Үкіметке риза екенін анық білдірді және «жақсы» деген баға берді.
– Жалпы, елдегі макроэкономикалық ахуал тұрақты. Біз әлемдік даму қарқынынан қалыспай, елді өркендетіп келеміз. Үкімет жоспарлаған макрокөрсеткіштердің бәріне қол жеткізді. Бірқатар маңызды бағдарлама қабылданды. Сайлауалды бағдарламаны және Жолдауымды жүзеге асыру жолында Парламент пен Үкімет үйлесімді жұмыс атқарып жатыр. Үкімет Президент тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз етіп отыр деуге болады. Бұл – жақсы! – деп түйді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айхан ШӘРІП