Базарбек Атшабаров есімі өткір тілді журналист ретінде аға буын оқырмандарына жақсы таныс. Оның оқығанға ой салатын, көкейдегіні дөп басатын фельетондары анау жылдары аудандық газеттің бетінен түспейтін. Жергілікті баспасөзде жемісті еңбек еткен ардагер бүгінде сексенге толды. Абыздық жастағы Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері кезінде «Жетісу», «Лениншіл жас» газеттерінде де қызмет еткен.
Әкесінің азан шақырып қойған аты Жармағамбет екен. Қабылтайдың өжет ұлы жастайынан тақымы мықты шабандоз болғандықтан, жұрт оны Атшабар атап кетіпті. Сол Атшабардың Қарақыстақтағы шаңырағында, 1939 жылдың шілдесінде Базарбек есімді ұл өмірге келеді. Базарбектің анасы Зарауха әйгілі Сүйінбай Аронұлының немересі, яғни Сүйінбайдың кенже баласы Жетібайдың қызы. Бала Базарбек көбінде Бұрған ауылындағы нағашы атасы Жетібайдың шаңырағында, нағашы апасы Мәстураның қолында өседі. Сүйінбай келіні Мәстура Кәрібайқызы арабша оқыған, құран аяттарын жатқа білетін, көзі ашық, көкірегі ояу жан екен. Зерек жиен шығыстың қисса-дастандарын құлағына сол кісіден сіңіреді.
Мектепте сынып жетекшісі Ғалия Мамытбекова деген өте білімді, сауатты апайы болды. Нағашы жағынан туыстығы бар еді. Ол кісі Әбдіжәміл Нұрпейісовпен бірге оқыған екен.
Әдебиетке қызығушылығына тікелей сол апайы түрткі болды. Ұстазының ұсынуымен оқушылар шетел әдебиетінен Джуль Верн, Даниал Депо, Стивенсонның бірталай әңгімелеріне қанықты. Қазіргідей теледидар, радио, телефон дегенді білмейді. Олар үшін кітаптан асқан қызық жоқ. Балалар әр кітапты зор ынтамен оқып, қызығына терең бойлап, оқыған шығарманың мазмұнын бір-біріне айтатын. Бала Базарбек кітап кейіпкерлерін, ондағы оқиға желісін жатқа соғатын. Ғалия апайы оның болашағынан үлкен үміт күтті. Ұстаз үміті алдамапты.
Сегізінші сыныпты бітірген соң Жамбыл ауылындағы малшы балалары оқитын интернатқа ауысты. Жазуға бейімі осында білінді. Қабырға газетін шығаруға белсенді араласып, шымшымалар, өлеңдер жазды. Мектепті 1959 жылы бітіреді. Ол кезеңде мектептен соң екі жыл жұмыс істемегендерді жоғары оқу орнына қабылдамайтын. Білімге ынтық жас 1960-1961 жылдары қой бақты. Зейнетке шыққан әкенің шопан таяғын қолына алған жас қойшы жұмыс барысында көрген-білген жөнсіздіктерді қалт жібермей қағазға түсіріп, аудандық газетке жолдап тұрды. Тілі өткірлігімен баспасөз бетінде таныла бастады. Екі жылдан кейін қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне түсті. Бірінші курста Мырзатай Жолдасбеков сабақ берді. Жазушы Дулат Исабековпен қатар оқыды. Кейін елге белгілі болған басқа да қыз-жігіттермен сабақтас болып, қызығы мол студенттік өмірдің тәтті шақтарын өткерді.
Жазу-сызуға үйірлігі осы кезде арта түсіп, оқу орнының қабырға газетіне мақала жазуды жиілетті. Бесінші курста оқып жүргенде «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа шақырылды. Бас редакторы Шерхан Мұртаза еді, газеттің партия тұрмысы бөліміне қабылданып, тілшілік қызметтің алғашқы баспалдағын аттады. Жұмекен Нәжімеденов, Ахат Жақсыбаев, Дулат Исабековпен бірге бәрі бір лек болып газет жұмысына кіріседі. Жастайынан малды ауылда өскендіктен малшы өмірін жақсы білетін оның бұл тақырыптағы очерк, суреттемелері нағыз өмірден алынған шынайылығымен ерекшеленді. Алғашқы күндерден-ақ нөмір сайын «Таңсәріде», «Шырағдан мәңгі сөнбейді», «Ақшоқы асуында», «Бүркітшілер әулеті» тәрізді очерктері іркес-тіркес шықты. Бір мақаласы поляк тіліне аударылып, шетел газетінде басылды. Одан кейінгі «Бұлақ басындағы қыз», «Сейдахмет сарқырамасы», «Асулардан асқанда» атты шығармалары да оқырман көңілінен шықты.
Білімге ынтық жас 1960-1961 жылдары қой бақты. Зейнетке шыққан әкенің шопан таяғын қолына алған жас қойшы жұмыс барысында көрген-білген жөнсіздіктерді қалт жібермей қағазға түсіріп, аудандық газетке жолдап тұрды. Тілі өткірлігімен баспасөз бетінде таныла бастады.
Жас қызметкерді Шерағаң бірде Бауыржан Момышұлына жұмсайды. Соғыс туралы жазғаннан естеліктерін дайындап қойған екен, барып алып қайтады. Сонда Баукең гүрілдеген зор дауысымен: «Мынаның еш жерін қысқартпай, түгел салыңдар» дейді. Шерағаң батырдың тапсырмасын бұлжытпай орындап, жазған дүниесін түгел жариялайды. Газетке шыққан соң Шерағаң газеттің оншақты данасын қолына ұстатып, Баукеңе апарып беруге қайта жібереді. «Совмин» ауруханасында емделіп жатқан Баукең газетті мұқият шолып шығып, сондағы дәмханада жеңешеміздің қолынан шай ішкізіпті. Кейін аңыз адаммен болған осы кездесуден естелік жазды. Газетте істеген бір жылы ғұмыр бойы естен кетпес осындай сәттерге толы болды.
Алайда қалада тұратын үйдің ыңғайы болмағандықтан, талайға қол жетпес арман болған жастар басылымымен амалсыздан қимай қоштасты. Ауданға қайтып келіп, Үмбетәлі, Айдарлы ауылдарында бірнеше жыл мұғалім болды. Мұнда жас ұстаз көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі болып, халық театрының жандануына атсалысты. 1970 жылы Жамбыл Жабаев музейіне жұмыс ауыстырды. Музейде аға ғылыми қызметкер ретінде біраз шаруа атқарып, жамбылтануға өз үлесін қосты. Базарбек аға Жамбыл музейінде бес жылдай жұмыс істегеннен кейін «Жетісу» газетінде бірер жыл тілші болды. Ауыл шаруашылығы саласын жазудың асқан шебері Мұғалімбай Жылқайдаровпен бірге ел аралап, артта қалған кеңшарлар туралы сын мақалалар топтамасын жазды. 1977 жылы аудандық газетке ауысып, өзі маманданған ауыл шаруашылығы бөлімінде еңбек етті. Малшылардың өмірі туралы жазу үшін қыста бір қыстаудан келесісіне шанамен қатынайтын еді. Ауданда тілші табаны тимеген елдімекен, қыстау, күздеу жоққа тән. Әр сапарынан газет бетінде «қаны сорғалаған» фельетон жарқ етіп, биліктің талқысына түсіп жататын. Тақырыбы айтып тұрғанындай, «Бота неге боздайды?», «Жанармай жұтқан жалмауыздар», «Жеті инженердің желдірмесі», «Ақшоқыда «аю» бар», «Гүдізге барсаң сәлем айт», «Қылғымалар қылтиып тұр», «Ғалымдар хикаяты», «Бензин көл боп ағып жатса», «Аспаннан шу жауған күн», «Қасапкүл қасымызда жүр», «Аруақ келеді, аруақ!» тәрізді іздеп жүріп оқитын дүниелер елдің аузында жүретін. Әдетте сәлемге қолының ұшын ғана беріп, шіренгенде үзеңгісін үзердей кеңшар директорлары қаламының бізі бар тілшінің алдында құрдай жорғалайтыны рас еді.
Базарбек Атшабарұлы 1989-1994 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде қызмет істеп, одан кейін Жаңақұрылыс ауылындағы орта мектепте ұстаздық етті. Аталған мектеп ұжымы оны 2002 жылы зейнет демалысына салтанатпен шығарып салды. Зайыбы Орынбасар Әбдірақышева ұзақ жыл мектепте жемісті еңбек еткен Білім беру ісінің үздігі. Базарбек ата мен Орынбасар апа бүгінде сексен жасқа қатар толып, еңбектерінің жемісін көруде. Екеуі Талғат, Салидат есімді ұлағатты ұл-қыз тәрбиелеп өсірді, келіні Шолпан, күйеубаласы Тілеужанмен бастарына бас қосылып, өрісі кеңіді. Ұл мен қыздың әрқайсынан төрттен немере сүйіп, шөбере көріп отыр. Балалары жауапты қызметтер істейді. Салидат Алматы қаласында баспасөз өнімдерін тарату мекемесінің директоры. Мектепте оқитын немересі Алина жазу-сызуға жақын болып өсіп келеді. Оның Жамбыл баба, Бауыржан Момышұлы туралы жазған мақалалары Алматы қалалық оқушылар шығармалары байқауында жүлделі орын алды.
Ардагер журналисті жуырда өзі туып-өсіп, еңбек еткен аудан жұртшылығы мерейтойымен құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Мәдениет қайраткері Күмісжан Байжанның ұйымдастыруымен аудандық кітапханада келелі кездесу өтті. Мерейтой иесіне Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың төсбелгісі тапсырылды. Қарымды қаламгер жамбылтануға, баспасөзге сіңірген еңбегінің бағаланғанына ризашылығын білдіреді.
Біз де ардагер әріптесіміздің деніне саулық, отбасына құт-береке тілейміз. Жамбылдың жасына жетіңіз, Базке!
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Жамбыл ауданы,
Алматы облысы