Біраздан қалыптасқан демократиялық қалып бойынша бұл жоба да қабылданбас бұрын қоғамдық талқылауға шығарылды. Қорғаныс министрлігінің түсіндіруінше, құжат Қарулы Күштердің қолданыстағы әскери нышан-символдарын біріктіріп, бірегейлендіруге және жетілдіруге бағытталған. Нәтижесінде, олардың сапасы және сыртқы түрінің эстетикасы жақсаруы тиіс. Әйтпесе, 1996 жылғы 18 шілдеде қабылданған қолданыстағы әскери нышандар туралы Жарлық содан бергі армия құрылымында болған өзгерістерді ескермейді, құжаттың кейбір ережелері мүлдем ескірген.
Өзгерістер мәні неде?
Сонымен, егер Жарлыққа ел Президенті қол қойса, әскери салада қандай елеулі жаңалықтар жолдама алмақ? Біріншіден, Қарулы Күштердің бұрын болмаған, жаңадан дайындалып отырған әскери нышандары, олардың сипаттамасы, түсі және схемалық бейнесі және олар туралы ережелер бекітілмек. Екіншіден, ұлттық армиямыздың жаңа, қайта қаралған эмблемасы пайда болады деп жоспарлануда. Үшіншіден, Қазақстан әскерінің символдарынан кириллица жаппай кетіп, әскери нышандардағы барлық жазуда қазақ тілінің латын әліпбиі қолданыла бастауы керек. Төртіншіден, Қазақстан Қарулы Күштері құрылымдық бөлімшелерінің, атап айтқанда Қарулы Күштердің 4 түрінің – Құрлық әскерлерінің, Әскери-әуе күштерінің, Әуеге қарсы қорғаныс әскерлерінің және Әскери-теңіз күштерінің тулары жойылуы мүмкін. Себебі олардың екеуі қайта ұйымдастырылған. Нақтылай кетсек, Әскери-әуе күштері бүгінде Қарулы Күштеріміздің бір түрі саналмайды, ол тек Әуе қорғанысы күштерінің құрамына кіретін әскер түрі ғана. Бесіншіден, «әрбір әскери бөлімнің Жауынгерлік туы» (яғни, Боевое знамя воинской части) деген нышандар да тарих еншісіне кетпек. Алтыншыдан, Қорғаныс министрінің құзыры күшейтіледі: ол ҚК құрылымдық бөлімшелерінің әскери нышандарын және оларды әзірлеу, орналастыру, жөндеу, ауыстыру және жою қағидаларын бекітеді. «Бұл Қарулы Күштердің ұйымдық-штаттық құрылымын үздіксіз реформалау, жетілдіру және оңтайландыру жағдайында қажетті өзгерістер мен толықтырулардың уақытылы енгізілуін қамтамасыз етеді», – дейді Премьер-Министр Асқар Мамин Президент Жарлығы жобасына түсіндірме жазбасында. Сонымен қатар бұл құжат айналымын едәуір азайтады, әрі әскери рәміздерді әзірлеуге жауапты лауазымды тұлғалардың жұмыс тиімділігін арттырады. Тұтастай алғанда, бұл жоба ұлттық Қарулы Күштеріміздің имиджін арттыруға, жауынгерлер мен өскелең ұрпақ арасында тәрбиелік-идеологиялық жұмысты жетілдіруге, армия бейнесін жақсартуға және оны сапалы жаңа деңгейге көтеруге, қолданыстағы нормативтік-құқықтық құжаттарда кездесетін қайшылықтарды жоюға мүмкіндік береді. «Жобаны іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық, саяси, құқықтық, өзге де салдарға соқтырмайды. Қосымша қаржы бөлуді талап етпейді. Әскери нышандар республикалық бюджетте көзделген қаражаттар аясында кезең-кезеңмен сатып алынады», – дейді Үкімет басшысы. Күн астында қалықтаған алтын бүркіт Қолданыстағы тәжірибе бойынша Қазақстанның Қарулы Күштерінің әскери нышандарына келесілер жатады: біріншісі – Қарулы Күштер түрлерінің тулары, соның ішінде Құрлық әскерлерінің, Әскери-әуе күштерінің, Әуеге қарсы қорғаныс әскерлерінің және Әскери-теңіз күштерінің тулары. Екіншісі – Қарулы Күштер әскери бөлімдерінің жауынгерлік тулары. Үшіншісі – Қарулы күштер нышаны (символы). Жарлықтың жаңа редакциясы қабылданса, бұлардың орнына не келеді? Қарулы Күштердің әскери нышандары ретінде мыналар танылмақ: 1) Қарулы Күштер Эмблемасы; 2) Қарулы Күштердің Жалауы (Знамя ВС РК); 3) Қарулы Күштердің Туы (Флаг ВС РК); 4) Қорғаныс министрінің Эмблемасы; 5) Қорғаныс министрінің Байрағы (Штандарт министра обороны); 6) Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшысының Туы (кемеде қойылады); 7) Қорғаныс министрінің Туы (кемеде тұрады); 8) Қарулы Күштер әскери-теңіз туы. Қорғаныс министрлігінің түсіндіруінше, қолданыстағы «Қарулы Күштер нышаны (символы)» «Қарулы Күштер Эмблемасымен» ауыстырылады. «Өйткені символ деген ұғым неғұрлым кең мағынаға ие. Мысалы, нышандарға эмблема-тулар, елтаңбалар, жалаулар, жалаушалар, брейд-жалаушалар, гюйстер, байрақтар және тағы басқасы жатады», – дейді Қорғаныс ведомствосы. Жаңа Жарлық жобасы қолданыстағысының бірқатар қайшылықтарын жоюы керек. Мысалы, қазіргі редакциядағы эмблема сипаттамасында «күн мен сәулелер контуры бар» деп жазылған. Ал шынында онда күннің тек контуры емес, толық бейнесі түсірілген. Бұған қоса, жаңа құжатта эмблеманың қандай құрамдас бөліктері қандай түске боялатыны нақтыланады. Бұл оны жасау кезінде қайшылықтар және жөнсіздіктер болмауы үшін қажет. «Қазақстанның Қарулы Күштерінің Эмблемасы – жиектері алтын түсті контурмен көмкерілген қызыл күрең түсті бес бұрышты жұлдыздың бейнесі түрінде болып келеді. Жұлдыздың ортасында алтын түстес сәулелі күн, төменгі бөлігінде қалықтап ұшқан алтын бүркіт бейнеленген», – делінген жаңа құжатта. Ал қолданыстағы Жарлықта: «ҚР Қарулы Күштерінің Нышаны – ортасында күн мен сәулелер контуры бар бес бұрышты жұлдыз. Оның астында – қалықтап ұшқан бүркіт бейнесі. Түрлі-түсті бейнеде ҚР ҚК нышаны екі түсті: қызыл-күрең және алтын түсті», – деп қана берілген. Қолданыстағы тәжірибеге сай әскери кеме ішінде Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас қолбасшы барлығын білдіру үшін Қазақстан Президентінің Штандарты пайдаланылады. Яғни, кемеде президенттік байрақ желбіреп тұратын. Жаңа Жарлық жобасында Мемлекет басшысының әскери-теңіз саласының символына бейімделген арнайы туын енгізу ұсынылады.Жалау мен Ту
Әскери жәдігер ретінде Қазақстан Қарулы Күштерінің Жалауы ұсынылды. Ол біздің жауынгерлердің бір-біріне деген құрметін, қазақ халқына тән ерлікті, даңқ пен жауынгерлік дәстүрді білдіреді. Жалау әрбір әскери қызметшіге оның Отанға адал қызмет ету, Қазақстанды өз өмірін аямай, қасық қаны қалғанша батылдықпен және шеберлікпен қорғау бойынша қасиетті борышын еске түсіріп тұрады. Әрбір сардар мен сарбаздың бойына парыз, ар-намыс, батылдық сияқты қасиеттерді дарытады. Жалау тек бір данада жасалады. Ол екі жақты матадан, шашақ-үштамасы бар сабынан, қапсырмадан және тұтқадан, алтын түсті тоқымалы баудан тұрады. Матасы төрт бұрышты, көгілдір түсті. 3 жағынан алтын түсті шашақпен әдіптелген. Беткі жағының ортасында алтын түсті Мемлекеттік елтаңба орналасқан. Жоғарғы жағында: QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY, төменгі жағында – OTAN ÚSHIN деген алтын түсті жазулар бар. Жалаудың сырт жағының ортасында – Қарулы Күштер Эмблемасы тұр. Жоғарғы жағында MINDET, ABYROI, ERLIK, астыңғы бөлігінде QARÝLY KÚSHTER деген алтын түсті жазулар жазылған. Осы орайда, мұның жоба екенін еске сала кеткен жөн. Демек, алда қазақ тілінің латынша жаңа алфавиті бекітілсе, осы жазбалар жаңа графикаға сәйкес жазылатын болады. Жалауды Қарулы Күштерге ел Президенті салтанатты жағдайда табыс етеді. Жалауды тапсырған кезде оған Президенттің Грамотасы қоса беріледі деп қарастырылып отыр. Ал Қазақстан Қарулы Күштерінің Туы – ұлттық армиямыз құрамына кіретін департаменттердің, бас басқармалардың, орталықтардың және басқа құрылымдардың, Қарулы Күштерді әскери басқару органдарының, сондай-ақ әскери бөлімдердің барлығына қойылмақ. Ту көгілдір түсті матадан жасалған, ортасында ҚК Эмблемасы, ал тудың сабында алтын түсті ұлттық ою-өрнек бейнеленген. ҚК Туы қажеттілігіне қарай көп көлемде шығарылады.Символика бойға сенім құяды
Қарулы Күштердің Тыл бас басқармасының заттай қамтамасыз етуге жауапты бағытының аға офицері Ж.Шаймұратов әскери нышандар жобасы бойынша өз қорытындысын берді. – Жалпы, әскери символиканы қолдану – жауынгерлерде армияға қатысы бар болғаны үшін мақтаныш сезімін тудырады, ол офицерлер мен сарбаздардың жауынгерлік даңқ сабақтастығының рәмізі саналады. Әскери нышандар тарихи тәжірибеден, әскери жылнаманың батырлық беттерінен, ата-бабалардың дәстүрінен тамыр тартады. Бұлар ел қорғанындағы азаматтардың патриоттық санасы мен моральдық рухын нығайтуға, әскери ұжымдардың бірлігі мен қайсарлығын шыңдауға ықпал етеді. Бұл ретте ұсынылып отырған жаңа әскери символиканың тәрбиелік, ақпараттық және идеологиялық маңызы зор. Ол біздің Қарулы Күштердің сипаты мен ерекшелігін паш ететін әрі нақты мәнге ие символдар жиынтығынан құралған, – дейді подполковник. Сонымен бірге бұл армияны физикалық және моральдық қасиеттерін ұштауға, Отанға деген сүйіспеншілікке, өз халқына адал болуға, қойылған міндеттерді орындауға және жеңіске қол жеткізуге баулиды. «5 бұрышты жұлдыз бейнесін пайдаланудың себебі бар: біріншіден, пентаграмма – ежелден тұмардың, қорғаныстың, күзет пен қауіпсіздіктің символы. Яғни, оның байырғы символикалық мағынасы Қарулы Күштеріміздің негізгі мұратына толық сәйкес келеді. Екіншіден, жұлдыз – Ұлы Отан соғысы жылдарында Жеңіс туын тіккен айбарлы қазақстандық жауынгерлердің иығы мен жағасындағы айырым белгісінің негізгі геральдикалық элементі болды. Сол сұрапыл майданда елді қорғаған әскери бөлімдеріміздің жауынгерлік туларында да жұлдыз бейнеленді. Осы дәстүр сақталып, тәуелсіз Қазақстан офицерлерінің погондарында да алтын жұлдыздар пайдаланылады», – деді Ж.Шаймуратов. Әскери нышандар жобасын Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті де зерттеген екен. ЖОО бастығының орынбасары – штаб бастығы, генерал-майор Лут Әлшекеннің пікірінше, әскери символдарымыз біршама жетілдірілді: жұлдыз аясында нақтыланған сәулелері бар алтын күн және оның астында қалықтап ұшқан бүркіт пайда болды. Бұл мемлекеттік және аумақтық геральдика қағидаты бойынша армияның Қазақстанға қатыстылығын білдіреді. Сөйтіп, әскери символдар мемлекеттік символдармен қабысуда. Өйткені әскери геральдикалық белгілер қазіргі заманда әртүрлі функционалдық мақсатта қолданылады. Тиісінше, мысалы шетелде әскеріміздің төл белгісіне қарап, кез келген жан оның Қазақстанға тиесілі екенін анық байқағаны абзал. Бұдан бөлек, жаңадан әзірленген символикаға мағыналық жүктемесі бар ұрандар жазылып отыр. Бұл – дамыған елдердің үлгісі.Елдос СЕНБАЙ