Иә, бұл айтпаса да белгілі жағдай еді. Адамдарға қазір тек медициналық емес, психологиялық көмек көрек. Осы орайда, стресс саласы бойынша сарапшы, гипнолог, коуч, кәсіпкер Ержан Нұршановқа көкейдегі сауалдарды қойған едік.–Әлем ғалымдары биыл стресс тақырыбын көбірек қозғап жатыр. Өйткені коронавирустың кесірінен күйзеліске түсіп, ауыр соққы алғандар көп...
–Иә, дұрыс айтасыз. Танымал дүниежүзілік ғылыми порталдардағы жаңалықтарды қадағалап, оқып отырамын. Ол жерде арнайы тексеруден өтіп, дәлелденген зерттеу жұмыстары жарияланады. Кеше ғана үздік еуропалық порталды қарап шықтым. Біреуінің өзінде коронавирус кезіндегі стресс, депрессия туралы 6 мыңға жуық жұмыс бар екен. Көрдіңіз бе?! Коронавирус, карантин адамдарға оңай тиіп жатқан жоқ, қатты әсер етті. Сондықтан қазір әлем ғалымдары осы тақырыпты терең зерттеп жатыр. Әсіресе, Ухань, Еуропа, Америкада. Біздің Қазақстанда ондай терең зерттеу жұмыстары жоқ. Адамда ең үлкен үш проблема бар.
Біріншісі – ақша мәселесі. Жұмыссыз қалған кісілер уайымға салынып жатыр. Қазіргі жағдайға байланысты жұмыссыз қалған адамдар бар. Ал жұмысы барлар ертең жұмысымнан айырылып қаламын ба деп уайымдап жүр. Бұл тізімге кәсіпкерлерді де қосуға болады. Олар да бизнесімді жоғалтып аламын ба деп алаңдаулы. Қазір халықтың басым көпшілігін осы ой мазалайды.
Екіншісі – изоляция. Қазіргідей изоляция соңғы жүз жылда болмаған екен. Адам баласының бостандығы шектелген кезде (далаға шықпау, күннің астында жүрмеу т.б.) бұл сенсорлық органдарға қатты әсер етеді. Психологиялық тұрғыдан да әсері күшті. «Мұндай жағдай қашанға дейін жалғасады? Өмір бойы осылай болуы мүмкін бе?» деген сұрақтар адамды мазалап, үрей үстінде жүреді. Әсіресе, халықта ауырып, қазаға ұшыраймын ба деген қорқыныш басым.
–Мұндай қорқыныш біздің елде ғана емес шығар?..
– Қытайдың Ухань қаласында ақпан айының басында, алғашқы локдаун кезінде жүргізілген зерттеуге тоқталайын. Қытай билігі шекараны жабуға тырысты. Уханьға толық карантин енгізді. Коронавирус енді тарала бастағанда бұл адамдардың жүйкесіне қалай әсер етті? Алғашқы кезде жұқтырып алу қаупі басым болды. Мамандар адамдардың үш тобын алып зерттеу жүргізді. Бірінші топ вирус ошағы болған Ухань қаласының тұрғындары болса, екіншісі топқа басқа аймақтың тұрғындарын алды. Ол жақта Уханьға барып келген адамдар бар, яғни жұқтырып алу қаупі бар. Үшінші топқа ешқандай вирус жоқ, вирус жұқтыру қаупі де жоқ елдімекен тұрғындарын алды. Зерттеу жұмысына 1 300 адам қатысқан, интернет арқылы жүргізілді. Осы үш топтың ішіндегі қайсысында депрессияға деңгейі жоғары болды дейсіз ғой? Ешқандай вирус таралмаған аймақ тұрғындары Уханьдағылардан қарағанда күйзеліске көбірек ұшыраған, 2,5 есе. Бір таңғаларлығы, білімі жоғары және жалғызбасты адамдарда психикалық жай-күйдің бұзылуы жиі байқалыпты. Стрестің кесірінен иммундық жүйе бұзылады. Қазір бәрі вирустан көз жұмып жатыр деп айта алмаймыз. Иммундық жүйе әлсірегеннен кейін адамдағы қосалқы аурулар өрши түседі. Осыған жол бермеуіміз керек.
– Күйзеліске жол беру адамның әлсіздігін білдіре ме?
–Жоқ, әлсіздігін білдірмейді. Күйзеліс, стресс – адамға табиғаттан берілген процесс. Денеміздің, психологиямыздың өмірдегі өзгерістерге, құбылыстарға берген реакциясы. Бұл жерде маңызды нәрсе бар. Ол – ішкі дайындығымыздың деңгейі, яғни стресске төзімділік. Адам іштей дайын болса, оның зиянды әсері білінбейді. Стреске төзімділік деңгейі төмен болса, әрине кері әсерін сеземіз. Стрестің ең жаманы – оның ұзақтығында. Қазіргі проблема осыда. Ұзақ уақытқа созылғанда тұрақты өмір сүру процесіне айналып кететіндей көрінеді. Бұл көңіл күйдің түсуіне, ағзаның әлсіреуіне алып барады.
–Бәрі адамның ойына байланысты дейді. Осыған келісесіз бе?
–Зерттеулер нәтижесі аурудың 70-80 пайызы адамның психологиясына байланысты екенін көрсетіп отыр. Қандай мәселе болсын, бәрі адамның ойынан басталатыны – дәлелденген дүние. Өмірдегі түрлі жағдайлар шынайы түрде болып жатыр ма әлде бұл қияли дүние ме? Біздің ойымыз оны ажыратпайды. Мысалы, лимонды елестетсеңіз, бірден сілекейіңіз бөліне бастайды. Ал сіз оны көрген де жоқсыз, алдыңызда тұрған да жоқ. Бірақ елестеткен кезде миыңыз соны қабылдап, импульс көрсетеді, яғни адамның денесі реакция береді.
– Күйзелістен қалай құтылуға болады?
–Қазіргі жағдайда, карантиннен аман-есен өту үшін ойымызды дамытуымыз керек, позитивті ойлауға ұмтылуымыз қажет. Бұл халық, мемлекет ретінде маңызды дүние. Экономикадағы дағдарысты зерттейтін болсаңыз, оның көбі психологиядан басталады. Адамдар дағдарыс туралы көп айтса, ол шынымен де болады. Сондықтан қазір философиялық ойлау тұрғысынан насихат жұмыстарының маңызы зор деп айтар едім.
Концлагерьдегі жағдайды көзімен көрген, зерттеген Виктор Франкл деген психолог ғалым бар. Өмірге жақсы көзқараспен, позитивті қарайтын адамдар ол жерден қиналмай шыққанын, ал жағымсыз, теріс ойға берілгендер қиындыққа шыдай алмағанын, көз жұмғанын авторлық еңбегінде жазған.
Стресспен жұмыс істеудің екі жолы бар. Біріншісі – психологиялық тұрғыда оймен жұмыс істеу. Екіншісі – физиологиялық тұрғыда. Жаттығудың түрі көп. Оқырмандарға соның бірін айта кетейін. Кешкі уақытта, үйде күлкі терапиясын жасасаңыздар болады. Оны қалай жасайды дейсіз ғой? Бір-біріңіздің көздеріңізге қарап, тоқтамай күле бастайсыз. Бір, екі минут күлесіз. Шаршаған кезде 5-10 минут демала тұрыңыздар. Солай жалғастыра беруге болады. Осы күлкі терапиясы арқылы қаныңызға эндорфин гормоны бөлінеді. Ол сіздің іштей депрессияға ұшырамауыңызға көмектеседі. Күлген кезде бұлшықеттеріңіздің бәрі жұмыс істеп, бойыңыздағы күйзелісті, жиналып қалған қорқыныш, ыңғайсыздық, шектеу сезімдерінің бәрін шығарып тастайды.
–Бұл тақырыпты арнайы зерттеуіңізге не себеп болды?
–Төрт жыл бойы тренер болып, білгеніммен бөлістім. Білімімді тереңдеткім келді. Адамдармен жұмыс істей келе, осы стресс тақырыбына тоқтадым. Алғаш Мәскеуде мемлекеттік стрестен қорғану орталығында білім алдым. Бұл жердегі мамандар әскермен жұмыс істеген, олардың зерттеулері көбіне әскери және мемлекеттік органдарда қолданылады. Мұндай білімнің адамға, халыққа пайдалы екеніне көзім жетті. Іздеген дүнием алдымнан шыққандай болды. Мәскеуге, Францияға барып, гипнозды да оқыдым. Алған білімімнің игілігін еліме көрсеткім келді. Екі жыл болды, Қазақстандамын. Стресс, депрессия тақырыбын зерттеп, білімімді жетілдірудемін. Денсаулық сақтау министрлігінде қоғамдық денсаулық сақтау орталығы бар. Орталықтың жұмысына халықты психологиялық тұрғыдан қорғау ісі де кіреді. Тиісті сала мамандарына ұсыныс жасап, жоспар құрдық. Енді оның орындалуы уақыт еншісінде.
Қазіргі жағдайға байланысты әлеуметтік желілерде тікелей эфир өткізіп, білгеніммен бөлісіп жүрмін. Тегін.
– Қазақстанда осы сала бойынша қандай бастамаларды қолға алу керек деп ойлайсыз?
–Бұл мәселені мектеп мұғалімдерінен бастау керек. Магистрлік зерттеу жұмысымда мектеп мұғалімдерінің стресс деңгейін зерттеген едім. Оларды стреспен жұмыс істеуге үйрететін болсақ, олар оқушыларды үйрететін болады. Негізі, стреспен жұмысты кішігірім физиологиялық жаттығулардан бастауға болады. Мектеп бағдарламасына да енгізуге болады деп ойлаймын. Әрине, телеарна, БАҚ-та бұл тақырып көбірек талқыланса, пайдасы болар еді. Қиындықпен бетпе-бет келу оңай емес. Бірақ стреспен жұмыс істеп үйренген адам одан оңай шығады. Осы салаға көбірек қаржы бөлу арқылы емдеу саласының шығынын азайтуға болады. Бұл экономикалық тұрғыдан да маңызды әрі тиімді. Өзге елдер бұл салаға неге көбірек мән береді? Ірі компания басшылары адамды емдеу екі есе қымбат екенін түсінеді. Оған уақыт пен күш те көп жұмсалады және бұл нәтиже бермеуі де мүмкін. Біз де осындай істі қолға алсақ, оң нәтиже береріне сенімдімін.
–Әңгімеңізге рақмет!