Ұлттық парктер көрікті жерлерді сақтауы керек еді...
Ұлттық парктер көрікті жерлерді сақтауы керек еді...
515
оқылды
 

Экологиялық мәдениет төмен

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың табиғи демалыс орындарындағы жаппай мәдениетсіздігі проблемасын көтеріп, тиісті ведомстволарға тапсырма берген болатын. Олар­дың арасында ұлттық табиғи парктер де бар. Иә, өкінішке қарай, халықтың экологиялық мәдениеті өте төмен. Мәселен,  Ақтаудағы  итбалықтарды  ұрып-соғу, Бурабайдағы демалыс ай­мағындағы қоқыстар, Көбейтұз көлінің тұзын сату, Қызыл кітапқа енген лотос өсімдігін жұлып, оны әлеуметтік желіде жариялау және өзге де қоқыс тастау деректері. Бұл тек соңғы бір айда тіркелген фактілер. Осыдан кейін табиғатқа деген құрметті былай қойғанда, аяушылық сезімнің азайып бар жатқанын аңғару қиын емес. Екін­ші жағынан, халықтың эко­логиялық  санасын өзгерту керек. Балаларға табиғатқа  құрметпен қарауды өзіміз үйретуіміз қа­жет. Мысалы, балаларды ағаш отырғызу, қоқысты мүлде өртемеу, оны өзіңмен бірге алып кету, өсімдіктер мен жануарларды аялау, оларға қамқорлық көрсету секілді қарапайым дүниелерге баулуымыз керек. Бұл мәселенің бір ұшы тал бесіктен басталатын тәрбиеге келіп тіреледі. Мемлекет басшысының мектептерде бала­ларға экологиялық білім беретін жаңа пән енгізуді тапсыруы да сондықтан.  

Айыппұл артады

Мемлекет басшысының сын-ескертпелерінен кейін Экология министрлігі Ішкі істер министрлігі қызметкерлерімен және қоғам белсенділерімен бірлесіп,  ерекше қорғалатын аумақтарда рейд жүргізе бастады. Экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл да артпақ. Бірінші кезекте  – қоқыс мәселесі. Заңсыз қоқыстар мәселесін жүйелі шешу үшін жаңа Экологиялық кодекс дайын­далуда. Онда қоқыс шығаратын көліктерге GPS-датчик­тер­ді міндетті түрде орнату,  қалдықтарды қайта өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпорындарды лицензиялауды енгізу, қоқыс шығарушы ұйым­дар үшін хабарлама тәртібіне көшу, қалдықтарға қатысты заң­бұзушылықтар үшін айып­пұлды ұлғайту мәселелері қарас­тырылған. Яғни, қалдықты тас­тасаңыз айыппұл төлейсіз, қоқыс­ты жинасаңыз оны поли­гонға тапсыр­уға міндетті бола­сыз. «Қазір министрлік ұлттық парк­тер мен демалыс аймақтарына қоғамдық рейд жүргізуде. Бұл жергілікті жерлердегі қоршаған ортаны қорғау бойынша жағдай­ды бақылауға және қажетті шара­ларды жедел қабылдауға септігін тигізеді. Ең бастысы заңбұзушыларға жаза қолдануға мүмкіндік береді. Алайда жағдайды өзгерту үшін халықтың экологиялық мәде­ниетін көтеру қажет», –  деді Экология министрі Мағзұм Мырза­ғалиев. Заңбұзушылық болған жағдайда түсіндіру жұмысы жүргі­зіліп, айыппұл салынбақ. Қазіргі карантин уақытында ұлттық парк­тердегі азаматтардың дем­алуына арнал­ған орындарында қыдыруға тыйым салынды.  

Жедел желі іске қосылды

Ұлттық парктердің аумағында заңсыз ағаш кесу, балық, аң аулау, эко-бекеттерде түбіртек беруден бас тарту, парк қызметкерлерінің жұмысындағы олқылықтар жиі кездеседі. Енді кез келген аза­мат осы және басқа да заң­бұзушылықтар туралы ақпарат беруіне болады. Ол үшін жедел желі іске қосылмақ. Министрліктегілер әрбір қоңырау бойынша тексеріс жүргізіп, кемшілік түзетілетінін айтты.  Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жану­ар­лар дүниесі комитеті жедел желісінің нөмірі: 8 777 678 5252. Жедел желі ватсабына жолданған хабарламада шағым айтушының аты-жөні, сондай-ақ заңбұзушылық көрінісінің суреті немесе бейнетүсірілімі, ұлттық парктің атауы және орналасқан жері шамамен көрсетілуі тиіс. Осылайша, елдің әрбір тұрғыны еліміздің табиғатын қорғауға  және оны сақтауға өз үлесін қоса алады. Әрине,  бұл тұрғындар арасында туристік  мәдениетті жоғары деңгейге көтере  қоймасы анық, десе де ұлттық парктерді қорғауға аз да болса септігін тигізеді деп сенеміз.  

Тағы бір ұлттық парк құрыла ма?

Жыл басында «Ұлытау» ұлт­тық паркі құрылатыны жөнінде айтылған еді. Экология,  геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев ведомс­твоның кеңейтілген алқа отырысында жаңа ұлттық парк құру осы жылға жоспарланғанын  және ол Орталық Қазақстанның  далалық экожүйесін қорғауға  мол мүмкіндік беретінін айтқан болатын. Көшпелі және ішкі туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасында 10 туристік аумақ айқындалған. Оның құрамына 6 ұлттық парк кіреді. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Эко­логия министрлігі Іле Алатауы ұлт­тық паркінде экологиялық тури­змді дамыту жоспарын әзірлеген. Экологиялық туризмді дамыту үшін ұлттық парк аумағына тартылатын қаржы шамамен 27 млрд теңгені құрайтыны айтылған.  Қаңтарда дәл осындай жоспар  Алтын Емел, Шарын және Көлсай көлдері ұлттық табиғи парктері үшін де әзірленгені айтылды. Жалпы, ұлттық парктерді құрудағы басты мақсат – көрікті орындарды өз қалпында сақтап қалу. Әрине, ұлттық парктердің көп болғаны жақсы. Олардың саны артқан сайын қорғауға алынатын аумақтардың да көлемі арта түседі. Алайда «сол аумақтарды қорғай алып отырмыз ба?» деген тағы да  заңды сұрақ туындайды. Сонымен қатар экологиялық туризмді дамы­ту бағытында да нәтиже көре ал­май отырмыз.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=