Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты бас директорының ғылым және коммерцияландыру жөніндегі орынбасары Ерғали Әбдірайымов коронавирусқа қарсы вакцинаны әзірлеу сынағының қай кезеңінде жүріп жатқанын айтты, - деп жазады ktk.kz.
«Президент тапсырмасымен және Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен біздің ғалымдар 23 наурызда коронавирусқа қарсы вакцина жасау бағдарламасын әзірлеуге кірісті. Коронавируспен ауыратын науқастардан биологиялық материалдар алынды. Күшейтілген жұмыстардың нәтижесінде біз алғашқы отандық белсендендірілмеген вакцинаны әзірледік. 15 мамырда вакцинамызды ДДСҰ сайтында клиникаға дейінгі сынақтар жүргізуге кандидаттық вакцина ретінде тіркедік», - деп түсіндірді Ерғали Әбдірайымов.Ғалымның айтуынша, қазіргі уақытта сынақ жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Онда тышқан, атжалман, егеуқұйрық, теңіз шошқасы сынды зертханалық жануарларға сынақ жүргізілген.
«Денсаулық сақтау министрлігінің хаттамасымен көптеген параметрлер бойынша 20-дан астам түрлі сынақтар өтуде. Барлық тестілеулер бойынша вакцина өзін өте жақсы және абсолютті қауіпсіз екенін көрсетті. Яғни, препарат зертханалық жануарларға зиянсыз болды. Оған қосымша вакцина қазір Денсаулық сақтау министрлігінің талаптары бойынша Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының Алматы филиалында сыналып жатыр. Онда да клиникаға дейінгі сынақтар жүруде», - дейді Е. Әбдірайымов.Алдын ала мәліметтер бойынша, клиникаға дейінгі сынақтарды қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланған. Содан кейін вакцина сынақ ретінде еріктілерге салынады. Мұнда коронавируспен ауырып көрмегендер де ерікті бола алады. «Ал қыркүйектің басында клиникалық сынақтардың бірінші кезеңі үшін еріктілер іріктеледі, яғни вакцина адамдардың өзінде сыналады. Оған денсаулығы мықты адамдар болуы керек. Іріктеу Денсаулық сақтау министрлігінің талаптары бойынша жүргізіледі. Бұл мәжбүрлі шара емес. Әр адам осы сынақтарға қатыса алады», - деді спикер. Оның айтуынша, клиникаға дейінгі сынақтар ең алдымен вакцинаның қауіпсіздігін көрсетуі керек.
«Біз препараттың қауіпсіздігін 20-дан астам параметр бойынша зерттейміз. Осы параметрлер бойынша вакцина өзін жақсы көрсетуде және зертханалық жануарларда еш жанама әсер байқалмады. Вакцинаның шамамен қашан дайын болатынын айту қиын. Өйткені ол бірнеше сынақ кезеңдерінен өтуі керек. Бұл процедураларды реттейтін Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы хаттамасы бар. Вакцина сатылымға қашан түсетінін нақты айта алмаймыз. Әзірлеу процесі қазір жедел жүріп жатыр. Қазір бірде-бір вакцина клиникалық сынақтан өткен жоқ, бүкіл әлемде әлі де сыналып жатыр», - деді Ерғали Әбдірайымов.Бұған дейін Білім және ғылым министрлігі коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаның сынақтан сәтті өтіп жатқанын мәлімдеген еді.