Гао Синцзян: Әдебиет еркіндікте ғана өрлейді
Гао Синцзян: Әдебиет еркіндікте ғана өрлейді
201
оқылды

Гао Синцзян – 2000 жылы әдебиет саласы бойынша алғашқы болып қытай жазушыларының ішінен Нобель сыйлығын алған қалам­гер. Алайда жүлденің, тек шетелдіктер үшін аса таныс емес, сонымен қатар Қытайдың өзінде туындыларын оқуға қатаң тыйым салынған авторға берілуі көпшілікті таңғалдырғаны рас. Швед академиясы оның «Рух тауы» (Soul Mountain) романына «әлем үшін үлкен маңызға ие, қазіргі замандағы адам орнын шынайылықпен бейнелеген шығарма» және «қытай прозасы мен драматур­гия­сына жаңа жол ашатын, ешқандай туындылармен салыстыруға келмейтін, тек өзімен ғана салыстыратын туынды» деген баға берген болатын. 1940 жылы Цзянси провинциясында дүниеге келген жазушы Бейжіңде француз әдебиеттануы бойынша білім алып, 1987 жылдан бастап Парижде шығармашылығын бастаған. Оның пьесалары мен аудармалары Қытайдағы экперименталды драманы айшықтайды. Жазушы, сыншы, драматург, прозашы қылқалам әлемінде де өз орнын қалыптастырғанын айта кету керек. Жазушының пікірінше, атақ пен даңқ іздеген өнер иесінің шығармашылығы алысқа бармайды. Себебі, мұндай адамдардың шығар­маларында шынайылық жоқ. Назарларыңызға жазушының Asia society қауымдастығына берген сұхбатынан үзінді ұсынамыз.

– 1981 жылы бүкіл Қытай әде­биет­сүйер қауымы ыстық ықы­лас­пен қабылдаған «Заманауи Қытай көр­кем әдебиетін талқылау» атты шағын еңбегіңізді жарияладыңыз. Десе де, бұл кітап көптеген партия­лық идео­логтарға ұнай қоймады. Жалпы, Қы­тайдағы 1980 жылдар­дағы қатаң жағдайға қарамастан, модернизм немесе модернистік әдебиет тәжі­рибелерін қайдан білдіңіз? Модер­нистік практиканы қытай аудито­риясына ұсыну жағы қалай болды?

– Бұл – Мәдени революция аяқталып, қытай әдебиетінің қайта қалпына келе бастаған кезеңі еді. 70 жылдардың соңы мен 80 жыл­дардың басында жазған еңбек­те­рімнің ешқайсысын жарыққа шы­ғара алмай, өртеуге мәжбүр болдым. Сондықтан бұл кітап ішім­дегіні халыққа жеткізетін ал­ғашқы мүмкіндігім болды.

1949 жылдан кейін Қытай әде­биетінде толық әдеби еркіндікке жету қиын еді. Себебі, Мао Цзэдун бірнеше әдеби стильді қорғады. Со­ның біреуі – революциялық ро­мантизм болса, екіншісі – рево­люциялық реализм. Ал менің мақ­сатым – жаңа стильдерге жол ашу үшін төңкеріс жасау. Алайда бұған ешқандай мүмкіндігім болмады. Барлық шығарманы ерекше сақ­тықпен жазуға мәжбүр болдық.

– Әдеби шығарма жазуда өз-өзіңе шектеу қою, әрдайым қада­ғалап отыру – шығармашылық тұр­ғысынан дұрыс дүние емес еке­ніне көзім жетті. Бар ойымды еркін қағазға түсіргім келді. Осы­лайша, «Рух тауы» атты кітабымды жазуды қолға алдым. Оны Қытайда жарыққа шығармайтынымды білдім. Францияда жеті жыл жүріп, романымды аяқтадым. 1989 жылы Тяньаньмэнь алаңында болған оқиғадан кейін, шығармамды көпшілікке ұсынатын уақыт келгенін түсіндім.

Менің ең үздік шығармаларым «Рух тауы» романынан кейін жарыққа шықты десем, жаңсақтық болмас. Себебі, Қытай үкіметінің құрсауынан шығып, шынайы бостандық сезіндім. Алғаш рет шетелге шыққан соң көптеген идеология мен тенденция бар екенін, шынайы өнер мен әдебиет қалыптастыру қаншалықты қиын екенін ұғындым. Бұл идеология­лардың ешқайсысының артынан ермейтінімді түсіндім. Өйткені ол да шектеу қояды. Сондықтан жан дүниемді ғана бағдаршам етіп, ешбір тенденция мен идеологияға ермейтін әдеби шығармалар жазамын деп өзіме сөз бердім.

– «Рух тауы» алғаш рет 1991 жы­лы Тайваньда жарыққа шық­қанда 90 не 91 данасы ғана сатылды. Ал келесі жылы жағдай одан да нашар­лап, 62-63 дана ғана өтті. Ал кейін бұл кітап бестселлерге айналып, Тайвань, Гонконгты айтпағанда, шет елдерде де танымал болды. Бұл – шынымен керемет туынды бол­ды. Энциклопедиялық көзқа­рас­ты негізге алған романда қытайдың барлық әдеби жанры мен баяндау форматтары қамтылып, өзгеше си­пат алғанын аңғару қиын емес. Қытай әдебиет әлемін осыншалықты терең сезіну кез келгеннің қолынан келмесі анық. Мұның сыры неде?

– «Рух тауын» жазу барысында оның әдебиет әлеміне әсерін то­лық түсінбегенмін. Тіпті қандай оқыр­мандарым болатынын да ой­лан­баппын. Шындығында, бұл шығарманы өзім үшін жаздым. Ол кездері Қытай мәдениеті мен тарихына қызыға бастаған едім. Қытай тамыры тереңде жатқан байырғы ел, бес мың жыл бойы бір жерде қозғалмай отырған елдің тарихы да бай. Қытайлардың түсі­ні­гінде тұрып жатқан ортамен жақ­сы қарым қатынаста болу, ­та­би­ғаттың байлығын дұрыс иге­ру – басты мәселе. Осы дәстүрді ес­кере отырып шығарманың не­гізгі мақамы – біріншіден, табиғат пен адамның ортақ үйлесімділігін табу болса, екіншіден, қоғам мен адамның үйлесімділігі.

Сонымен қоса, Қытайдағы әлеуметтік жағдай да алаңдатты. Бұл тек Қытай қоғамына ғана қа­тысты емес, барша адамзатқа ортақ шешілуі тиіс мәселелер еді. Менің саяхатым қоғамнан қашу емес, байсалдылықты іздеуде болды. Мемлекет ішіндегі бүлік, қоғам­дағы зорлық шығармамда қам­тылды. Осы барысты бейнелей оты­рып кейіпкерімді бірнеше тұр­ғыдан бөліп қарадым, әрқай­сысы «мен», «сен», «ол» деген есім­дік­терге жіктелді. Алма кезек олар­дың атынан баяндай отырып, бар­лық жол бір арнаға келеді. Кі­тап адам­ның басынан өткізетін өзгерістері жайлы. Бұл – үлкен процесс.

– Қуғынға түскен жазушы кім?

– Алғашқы деңгейде ХХ ға­сырда қуғынға түсу мәселесі, әсі­ресе, жазушылар мен суретшілер арасында кең етек алғанын айтар едім. Екінші деңгейде, қуғынға тү­су – бөлек рухани деңгейге шы­ғу, яғни белгілі идеологиялардан ары­лу. Үшінші деңгей – бұл су­рет­ші­лердің сыртта еркін жүруге ұм­ты­луы. Қайнаған тіршіліктің ор­та­сында жүрсеңіз, жан-жақтан түр­лі ықпал­ мен қысымға тү­се­тініңіз анық. Ал мұндай ортада шы­ғар­ма­шылық адамы өзінің шы­ғар­ма­шы­лығын дамыта алмай, ойын да қалып­тастыра алмайтыны сөзсіз.

– Сүйікті қытайлық және шетелдік жазушыларыңыз бар ма? Шетел авторларын қытай тілінде оқисыз ба, әлде француз тілінде ме? Түпнұсқада оқу не аударманы оқудың маңызы бар ма?

– Жаныма жақын автор өте көп. Бала күнімізден кітапты құ­марта оқып өстік. Әкем кітап жи­найтын, анам болса шетел әде­бие­тін ерекше бағалайтын. Шетел авторларының аудармасы да бар­шылық еді. Бәлкім, содан болар балалар кітабынан бұрын, нағыз әдебиетті оқуды ерте бастадым. Батыс және қытай әдебиетінің клас­сиктерін көп оқыдым. Фран­цуз тілін меңгерген соң, тынысым ашылып, шетел әдебиетін түпнұс­қадан оқитын болдым. Ол кездері көптеген француз авторын оқуға ты­йым салынған болатын. Сон­дықтан олардың шығармаларын табу да қиын еді. Колледжде оқып жүргенімде, тіпті бір аптада 50-ден астам пьеса оқитынмын.

Студент кезімнен бір мысал келтіре кетейін. Гетеның «Фауст» трагедиясының үш томын қытай тілінде оқыдым. Кітапханадан мұн­дай кітаптарды алудың өзі қиынға соғатын. Алғашқы томын оқыған соң, екінші томын алу үшін ұзақ күттім. Ал екінші томы он шақты адамға ғана берілді. Ал үшін­ші томын тек мен ала алға­ным­ды мақтанып айта аламын.

– «Тау рухы» романын жазу барысында қандай деңгейде линг­вистикалық тәжірибе жасай алдым деп ойлайсыз? Айтылмаған әттеген-айлар болды ма?

– «Тау рухын» жазуға жеті жыл уақытым кетті. Тіпті қазірдің өзін­де қытайша жазуыма аса көңілім тола бермейді. Осы уақытқа дейін ешкім жазбаған, тың дүниені бас­тау қа­шан да күрделі. Бұрыннан қалып­тасқан сөз саптауыңызды бұзып, жаңаша тәсілдер іздеу аса қиын.

– Қазір өзіңізді француз жа­зу­шы­лар мен суретшілер қо­ғамының мү­шесімін деп нық сеніммен айта аласыз ба? Францияға алғаш көшіп келген жылдардағы естеліктермен бөліссеңіз.

– Францияға аттанарда мен жазушы әрі драматург ретінде, өз саламда белгілі болдым. Сол елге келген бетте өтпелі кезең мен үшін білінбей өтті. Яғни, мені сол елдегі кейбір жас жазушылар мен су­рет­шілерге қарағанда ел танитын. Қы­тай жазушыларына өзге елге көшу, сол елдің қоғамына ену өте қиын. Ал мен өз саламда атымды қалыптастырып үлгерген едім. Бұл – барша жұрт мені танып, та­нымал болдым деген сөз емес. Әде­биет пен драматургияда өз ор­ным болды. Бұған қоса тіл мәселесі қиындық тудырмады. Француз тілін жетік білдім, француз қа­уым­дастықтарымен бірден етене жа­қын араласып кеттім. Сондықтан өзімді қытай суретшілері қоға­мының мүшесімін деп бөлектеп көрмеппін. Францияға келе салысымен француз қоғамының толыққанды мүшесіне айналдым.

– Елден кеткелі Қытайға оралмадыңыз ба? Болашақта сон­дай жоспарыңыз бар ма?

– Нобель сыйлығын алғалы, Қы­­тай сыртқы істер министрлігі кі­таптарымды қатаң сынға алды. Қытайда шығармаларымды оқуға да, басуға да тыйым салынған. Ал енді қараңыз, туындысына тыйым салынған қай автор елге оралғысы келер дейсіз?!

 

Ағылшын тілінен аударған
Ақбота ИСЛӘМБЕК