Тұңғыш: Қазақ қызы Құрлықтық хоккей лигасына ауысты
Тұңғыш: Қазақ қызы Құрлықтық хоккей лигасына ауысты
166
оқылды

Бұлбұл былтыр канадалық «Калгари Кайотс» клубының намысын қорғаған

Хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасының шабуылшысы Бұлбұл Қартаңбаева Ұлттық әйелдер хоккей лигасында өнер көрсететін америкалық «Метрополитен Риветерс» клубымен келісімшартқа қол қойды. Ол осылайша, Құрлықтық хоккей лигасының әйелдерге арналған аналогында өнер көрсететін алғашқы қазақ қызы атанды.

Бұлбұл былтыр канадалық «Калгари Кайотс» клубының намысын қорғаған. Содан кейін елге оралып, алматылық «Айсұлудың» ел чемпионы атануына көмектесті. Ұлттық құрамада 2011 жылдан бері ойнайды.

201373_5d78634097166ccf41d0c572f269712c.jpg

«Қазақстандағы карьерама көңілім толады. «Томиристің» капитаны болдым, ұлттық құрамамен халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындадым, Азия ойындарында қола жүлдегер атандық. Әрі қарай кәсіби тұрғыдан өсу керек қой. Содан ойланбастан Канадаға кеттім. Қазақстан мен Канаданы салыстыруға келмейді. Ол жақтағы жылдамдықты сипаттап жеткізу қиын. Қазақстанда пас келген соң аздап ойлануға уақытың болса, Канадада ондай жоқ. Соншалықты жылдам қарқын мен қуатты күш тайталасына қарамастан ол жақта бір-біріне деген сыйластық өте жоғары. Мен өзімді хоккейді енді үйреніп жүргендей сезіндім» дейді ол отандық БАҚ-қа берген сұхбатында.

Бұлбұл Тараз қаласында өмірге келген. Алматыға қоныс аударған соң, «Жұлдыз» хоккей командасына қабылданады. Біраз уақыт хоккейден алшақтап, регбимен де айналысады. Алайда кейін бәрібір мұз айдынға қайтып оралған. Ол сондай-ақ спорттан бөлек печенье пісіріп, сату бизнесімен де айналысады.

«Бастапқыда құрлықтық хоккей лигасындағы екі командадан ұсыныс түскен. Кейін «Метрополитенді» таңдадым. Командаға бару үшін өте қарқынды еңбек еттім. Айдында да, спортзалда да тынбай жаттығу жасадым. Оқу-жаттығуды мейлінше жүйелі өткізуге тырыстым. Ресми жаттығу 9 қыркүйекте басталады. Ал чемпионат қазан айының басында ашылуы тиіс. 2017 жылы «Торонто Фьюрис» командасының бас менеджері Сэм Джо Смоллмен таныстым. Сол кезден бастап құрлықтық хоккей лигасында ойнауым керек деген мақсат қойған едім. АҚШ-тағы хоккей – дөрекі, жылдам әрі динамикаға толы. Сондықтан өзіңді жан-жақты дайындау өте маңызды. Карьерамды қашан аяқтайтынымды білмеймін. Тәмамдаған соң бизнеспен айналысатын шығармын» дейді Бұлбұл.