Бауыржан Байбек «Хабар» телеарнасына берген сұхбаты барысында партиялардың халықпен өзара байланысы туралы пікір білдірді.
Байбектің сөзінше партиялардың халықпен жақын болмауына басты себеп – мәслихатта өткен сайлаулардың бір мандатты жүйеде жүруі. «Партия ол аймақтарға керек болмаса, инвестиция салып, сендіріп, жүрудің қажеті қанша? Жекелеген адамдар жүреді. Енді партия халыққа шығады», - деді Б.Байбек.
Бүгінде қай партияның өз құрамына күшті адамдарды тартатыны басты мәселе. «Бұл Елбасы айтқан өте маңызды тезис: «Адамдар күшті болса, партия да мығым болады». Nur Otan партиясының ендігі міндеті осындай адамдарды тауып, өздерін көрсетуге мүмкіндік беру. Мәслихатқа жас әрі белсенді жандарды тарту қажет. Тіпті бұл оппозициялық көзқарас ұстанған адам болса да. Біздің партияға келсін, біз оған өз мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашамыз», - дейді партия төрағасы.
Байбек шындықты айтудан тайсалмайтындармен, үкіметтік емес ұйымдармен де жұмыс жүргізетінін алға тартты. «Бізге бүгін басқа, ертең басқа сөйлейтін «сұр массаның» қажеті жоқ. Бізге принципшілдер керек», - деген төраға алдағы уақытта Nur Otan ашық әрі қатаң сайлау өткізетінін мәлім етті. «Кімнің лайықты, ал кімнің лайықсыз екенін азаматтар шешеді», - дейді Байбек.
Сондай-ақ, Бауыржан Байбек көшбасшы партия қашан да нақты уәде беріп, оны орындауы тиіс екенін де тілге тиек етті.