Burabike fest – қайырымдылыққа 300 млн теңге жинады
Burabike fest – қайырымдылыққа 300 млн теңге жинады
5,165
оқылды

Қайырымдылықты басты бағдар еткен дәстүрлі BURABIKE FEST-2019 фестивалі жетінші рет Бурабайда дүркіреп өтті. Былтыр 2500 адам қатысса, биыл рекордтық көрсеткішке жетіп қатысушылар саны 4 мыңға жуықтаған.

Қазақстандықтар арасында кең сүйіспеншілікке бөленген веломарафон өз форматын кеңейтіп, бүкіл отбасыға арналған музыкалық-спорттық фестивальге айналды. Бұл туралы: «Биылғы шараны өткізу форматын өзгерттік. Ондағы мақсат – шара қайырымдылық болғандықтан, оны тек веложарыс деп шектемей, аясын кеңейтіп фестиваль деп атауды жөн көрдік және өткізу форматын да өзгерттік. Біріншіден, фестиваль екі күнге созылады, екіншіден веложарыстан бөлек қатысушыларға концерттік бағдарлама мен басқа шеберлік сабақтары секілді пайдалы іс-шаралар ұйымдастырылады. Форматын өзгертудің тағы бір себебі жыл санап қатысушылар санының өсуі, былтыр 2500 адам қатысса, биыл рекордтық көрсеткішке жетіп қатысушылар саны 4 мыңға жуықтады», – деді Б. Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағамбетов.


Жиналғандар алдында олимпиада чемпионы Александр Винокуров, Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев сөз сөйлеп, қайырымдылық жасау ең алдымен адам бойындағы кісілік қасиетті көрсететіндігіне тоқталды.


– Әр жыл сайын қайырымдылық шарасының аясы кеңейіп келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады, бүгін еліміздің әр өңірінен, алыс және жақын шет елдерден адамдар жиналып отыр. Осыған қарағанда, қайырымдылық сияқты асыл қасиетте шекара жоқ, – деді облыс әкімі.

Фестивальдің бағдарламасы бойынша кәсіби спортшылар арасында веложарыс 35 және 70 шақырым, әуесқойлар арасында 10 шақырым қашықтықта ұйымдастырылды.


 Сонымен бірге шатыр қалашығы құрылып, отандық танымал әншілердің қатысуымен open air концерті, қайырымдылық аукционы, шығармашылық шеберлік сабағы, балаларға арналған анимациялық-қайырымдылық бағдарлама және қайырымдылық жәрмеңке, сондай-ақ, әртүрлі ұлттық ойындар сынды тартымды шаралар өтті.

Burabike Fest-2019 фестивалі аясында өткен қайырымдылық аукционына Қанат Ислам және Геннадий Головкинның қолғабы, Дмитрий Баландиннің жүзу телпегі, Батырхан Шүкеновтың альбомдар жинағы, Андрей Звягинцевтың қолтаңбасы қойылған «История создания фильма Елена» кітабы, Рафаэль Надальдың теннис добы және тағы да басқа көптеген лоттар қойылды. Аукционға қойылған бұйымдар қолжетімді бағада болды.


Фестивальдің ұйымдастырушысы – Ақмола облысының қолдауымен Болат Өтемұратов қоры екенін айта кету керек. Burabike Fest — бұл бұқаралық спорттық іс-шара, оның мақсаты – балалардың денсаулығын және азаматтардың әл-ауқатын нығайтуға бағытталған қайырымдылық жобаларын қаржыландыру және жүзеге асыру үшін қаржы жинау. 

Өткен жылдары Burabike қатысушылары мен қонақтары қайырымдылыққа 700 млн теңгеге жуық қаржыны жинаған. Бұл қаржыға балалар медициналық мекемелеріне, перинаталдық және оңалтушы орталықтарға, балалар үйлеріне арнап жабдықтар сатып алынды. 

Ал 2018 жылы жиналған қаржы сомасы 205 млн. теңгені құраған болатын. Бұл қаржы Мерке (Жамбыл облысы), Тимирязев (Солтүстік Қазақстан облысы), Панфилов (Алматы облысы), Алакөл (Алматы облысы), Ағадырдағы (Қарағанды облысы) медициналық мекемелерге арнап медициналық және оңалтушы жабдықты сатып алу үшін бағытталды.

Ал «Burabike Fest -2019» қайырымдылық шарасында 300 млн теңгеден астам қаржы жиналған. «Жеті жыл ішінде «Burabike Fest» спорттық-музыкалық фестивалі еліміздегі ең ірі қайырымдылық іс-шараға айналды. Биыл жаңа жаңа форматпен өтіп, одан түскен қаражат рекордтық көрсеткішке жетті. Нақты айтқанда, екі күннің ішінде 300,2 млн теңге қаржы түсті. 

Бұл соманың барлығы медициналық қызметтердің сапасы жақсарту мен заманауи диагностикалық және реабилитациялық құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалады», – деді Б. Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағамбетов.   

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль басталғанға дейін тіркеу және қайырымдылық жарналарының өзінен 130 млн теңге жиналған. Сондай-ақ, фестиваль аясында өткен қайырымдылық акциясында отандық танымал әнші Димаш Құдайбергеннің сахналық костюмі 600 мың теңгеге сатылды.



Әділ БЕК