Алматыда атышулы пластикалық хирург Роман Алферовқа ақыры сот үкімі шықты, – деп хабарлайды КТК.
Пациентінің жантүршігерлік өліміне себепкер болған дәрігерді судья 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Еске сала кетейік, Алферовпен бірге әйелдің өлімі үшін реаниматолог пен кезекші дәрігер де сотқа тартылған еді.
Алайда қылмыстың уақыты өтіп кеткеніне байланысты ол екеуі жазадан сытылып кетті. Алферовтан да осы себептен негізгі айыптау бабы алынып, хирург тек «кәсіби міндетін өз деңгейінде орындамағаны үшін» деген баппен жаза арқалады.
Онлайн өткен сот отырысында марқұмның туыстары бұған да тәубе деп отыр. Себебі, атышулы хирург мүлде жазадан құтылып кете ме деп ойлаған. Өйткені қайғылы оқиға 2017 жылдың желтоқсанында болса, Алферов арада екі жыл өткенде барып, яғни 2019 жылдың қарашасында ғана жауапқа тартты.
Содан үкімі 10 ай дегенде шығып отыр. Ал атышулы сот ісіне Алматы қаласының 44 жастағы тұрғыны Жанна Рахманованың өлімі негіз болды.
Келіншек ішіндегі және жамбасының майын алғызу үшін Роман Алферовтің клиникасына барған. Қайтыс болды. Сот материалдарына сәйкес, әйел отадан 19 сағат өткен соң қайтыс болған.
Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Абай Жарылқасын: «Осыған орай, сот тергеу органдарына қатысты бұл істі созбалаңға салғаны үшін созбалаңға салу фактісі бойынша жеке ұйғарым шығарды. Қазіргі таңда аталмыш үкім заңды күшіне енбеді», – дейді.