Бірінші кезекте, қазір Қазақстан алдында әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына қосылу үшін жаппай жұмылу міндеті тұр
– Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия жұмысын жаңғырту, қайта жандандыру жайы айтылды. Осыған байланысты көшбасшы партия алдында қандай міндеттер тұр?
– Бірінші кезекте, қазір Қазақстан алдында әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына қосылу үшін жаппай жұмылу міндеті тұр. Осындай жұмылу бар ма? Жасыратыны жоқ, бүгінде халық арасында биліктің кейбір істерін сыни тұрғыдан қайтадан електен өткізу үдерісі жүруде. Егер елдік ұлы мұраттар жолында жұртымыздың басы қосылмаса, ісі үйлеспесе, Қазақстан дамыған елге айналмақ түгіл, өркендеуде арттап қалып, өркениет көшінің шетіне шығарып тасталады. Онда қазіргі күніміз арманға айналмақ.
Бұл тұрғыда Елбасы ел дамуының стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін партиямыздың қоғамды жұмылдыру үдерісінде маңызды рөл атқаруға тиісін баса айтты. Ендеше, Nur Otan қоғамның тамыр бүлкілін тап басып, уақыт пен заман тынысын дәл танығаны, қазақстандықтарды алаңдататын, олардың наразылығын туғызатын мәселелерді уақытында анықтап отырғаны маңызды. Бұл – оның «халыққа бағдарланған нақты істер партиясы» ретіндегі мәртебесін ары қарай сақтауының басты бір шарты.
Сонымен қатар, ел таңдаған стратегиялық бағыттың сабақтастығын қамтамасыз ету үшін баршамыз партия маңына топтасуымыз қажет.
Nur Otan партиясының атқарушы билікке қуатты ықпал ету тетіктері бар. Ол халық сұранысын іске асыру, елді дамыту, бұқараның тұрмысын жақсарту жолында сол тетіктерді ұтымды пайдалануы керек және қолданады да. Барлық партиялық бастама, сайлауалды уәделер орындалуы үшін ол Үкіметпен бірлесіп, қызу жұмыс жүргізуі тиіс.
Сонымен бірге, ешбір партия атқарушы билікті, яғни Үкіметті алмастыра алмайды және оған тырыспауға тиісті. Демек, партияның және Nur Otan парламенттік фракцияның міндеті – халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналу, ашық диалог үшін лайықты алаңдар құру болмақ. Осы мақсатта біз, нұротандық депутаттар, заманауи технологияларды, әлеуметтік желілерді кеңінен пайдалануға ден қойдық. Нәтижесінде, қазір ауыл-аймақтағы сайлаушыларымыз елордаға келуге уақыт жоғалтпай, Үкімет пен Парламент табалдырығын тоздырмай, бюрократиялық кедергілерге жолықпай, Facebook арқылы бізге тікелей жүгіну, мазалаған мәселелерін жеткізу мүмкіндігіне ие болды.
– Бірқатар азаматтар билік өкілдерінің Facebook, Twitter және басқа әлеуметтік желілердегі парақшаларына, жеке блогтарына жолданған шағым-өтініштеріне сырғытпа, жалтарма жауап алатынына шағымданады. Депутаттар төл парақшаларын көзбояу үшін ашып жатқан жоқ па? Өзіңіз қандай мәселелерді шеше алдыңыз?
– Әр адам жеке әлем ғой. Сондықтан олардан келіп түсетін арыз-шағымдар да әртүрлі. Негізгі мәселелер көпбалалы отбасыларға жәрдемге, баспана түйткілдеріне, жұмыс іздеуге, жемқорлықпен күрес жайына қатысты болып келеді. Сарапшылармен бірге сараладық, сонда анықталғандай, әлеуметтік желі арқылы тек бір апта ішінде өз атыма келіп түскен мыңға жуық хат-хабардағы айтылған мәселелердің 80 пайыздан астамы шешімін тауыпты. Азаматтарға заңнамаға қатысты кеңес, ұсыныстар берілді. Психологиялық қолдауға мұқтаж жандарға сөзбен демеу жасауға тырыстым.
Жалпы, ел басшылығының бастамасымен билік халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшіп жатқаны мәлім. Ол қазақстандықтардың сұранысына жедел үн қатуды, жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізуді, әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жасауды, кері байланысты жолға қоюды және басқасын қамтиды. Мәселен, министрлер, орталық меморгандар басшылары мен олардың орынбасарлары да депутаттар секілді әр жыл ортасында ауыл-аймаққа сапарлап, көшпелі есеп беру кездесулерін өткізіп тұрмақ. Бұл жиындар «жергілікті актив» деп аталатын аз шоғыр топтың қатысуымен жабық сипатта өтпеуі үшін әлеуметтік желілерде және ақпараттық порталда онлайн-таратылым ұйымдастырылады. Мұның сыртында сол кездесулерде жергілікті жұртшылықты толғандырған әрі орталық атқарушы органдар деңгейінде шешілетін өңірдің өзекті мәселелері талқыланып, бақылауға алынуы тиіс болады. Басқа да жаңалықтар алда өмірге енуі тиіс. Осының бәрі биліктің халықпен ынтымақтасуға нық ыңғай білдіріп, ынта-ықылас танытып отырғанын білдіреді.
Әйткенмен, қойылған жаңа міндеттер орындалуы, еліміз мынау алмағайып заманнан, алдағы ұлан асу, биік белестерден абыроймен өтуі үшін бізге бірлік пен саяси тұрақтылық керек. Ол ұлттық өрлеуіміздің ұстыны болады. Бұл ретте Nur Otan партиясына тұрақтылық пен өрлеуді қамтамасыз ету жүктелген. Партияда мұны атқаруға қажетті барлық ресурс бар деп санаймын. Әрине, тұрақтылық деген бір орында тұруды, жүйені еш өзгертпей, консервациялап тастауды білдірмейді. Керісінше, Nur Otan барша саяси өзгерістердің алдыңғы шебінен табылуы, дәл соның партиялық алаңқайларында елдің саяси күн тәртібі қалыптасуы тиіс.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айхан ШӘРІП