Табиғи газды жеңілдікпен қосуға 500 миллион теңге бөлінді
Табиғи газды жеңілдікпен қосуға 500 миллион теңге бөлінді
284
оқылды
Қазіргі кезде облыста халықты табиғи отынмен қамтамасыз етудің қарқыны жақсы. Өңірдің барлық аймағына газ магистральдары тартылып, елді мекендер жаппай көгілдір отынмен  қамтылуда. Алайда тұрғындардың белгілі бір бөлігінің үйдің жанына дейін жеткізілген газ құбырын үйіне енгізіп, қостыруды қалтасы көтермейді. Осы мәселені шешу бойынша «Талдықорған қаласы мен Алматы облы­сының елді мекендеріндегі тұрғын үй­­лерді газдандырудың» қаржылық-экономикалық негіздемесі әзірленіпті. Алматы облысы әкімі баспасөз қыз­­­метінің хабарлауынша,  аталған бағдарламаның негізгі мақсаты – газбен жабдықтау жүйесін қосу үшін төленетін ақыға шамасы жетпейтін  абоненттерге  қолжетімді баға қарастыру  немесе  бөліп төлеу мүмкіндігін қолдана отырып жағ­дайды реттеу. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 500 млн теңге көлемінде қаражат бөлініпті. Облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының мәлімдеуінше, өңірдің елді мекендерін газдандыру бағдарламасының үйлестірушісі – «Жетісу-ОблГаз» ЖШС Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылы абоненттерін газбен жабдықтау үшін «ХоумГаз» ЖШС жеке ұйымымен абоненттерді газға қосу жұмыстарын жүргізу жөнінде  консорциум жасаған. Осы консорциумға сәйкес бір абонентті толық қосу құны орташа есеппен 250-300 мың теңгені құрайды. Екінің бірінің мүмкіндігі жете бермейтін баға екені анық. Осыған байланысты  құрылыс материалдары мен жабдықтарының барлық түрі абоненттерге 8 ай мерзімге пайызсыз бөліп төлеу арқылы берілетін болды. Бүгінгі таңда 43 абонентті газ тарату желілеріне қосу жұмыстары басталып,  үй иелерімен келісімшарттар жасалуда. Жалпы,  Алматы облысында 20 аудан мен 15 қала бойынша 144 елді ме­кен газдандырылды, табиғи газға 1,1 млн адам немесе тұрғындардың 56%-ы қо­сыл­ған. Облыстың газдандырылмаған қалған елді мекендері үшін ұзындығы 224 шақырымдық «Талдықорған – Үшарал», ұзындығы 118 шақырымдық «Шелек – Кеген» магистральды газ құбырының ТЭН және ЖСҚ-сы әзірленуде. Бұл  мақсаттарға облыстық бюджеттен 149,1 млн теңге бөлінді. Соның нәтижесінде алдағы уақытта тағы 91 елді мекен газ­дан­дырылып,  300 мың абонент газға қол жеткізеді.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы