Елдің пікірін кім зерттейді?
Елдің пікірін кім зерттейді?
469
оқылды
Дамыған елдер үшін қоғамдық пікірді, бұқараның  көңіл күйін біліп отыру  өте өзекті болып саналады. Қоғамдық-сая­си, әлеуметтік, мәдени ахуалдан бастап отбасы құн­ды­лық­тарына, жастардың сұраныстарына дейін біліп отыру мем­лекеттік саясатты жүйелі жүргізуге септігін тигізеді. Тіп­ті, ірі компаниялар да қоғамдық пікірді ескереді, жиі-жиі әлеуметтанулық  сұрау салу,  фокус-тобы зерттеулерін  жүр­гізетіні бар. Соның нәтижесінде тауар­лардың қап­тамасынан бастап  көлеміне,  логистикасына дейін өзгереді. Партия­лар мен саясаткерлер ұста­ным­дарын құбылтады. Мысалы, 2000-жылдарға дейін әлемге танымал кір жуатын ұнтақ шығарушы компания­лардың бірі көбіне шағын қаптамадағы өнім ұсынатын. Кейін 10 келіге дейін жететін қап­та­мамен тауар сата бастады. Ал  Samsung бастаған  бір­қатар компания автоматты кір жуғыш машинаға қосым­ша су жи­найтын бак орната бастады. Сөйтіп, Ресей, Қазақстан, Моң­ғолия тәрізді  елді мекендерінің көбі орталық­танды­рыл­ған су құбырына  қосылмаған елдердің нары­ғына шы­ғар­ды. Бұл да қоғамдық пікірді, сұранысты зерттеудің нә­ти­жесі. Ал саясат үшін  әлеуметтанулық зерттеу­лер тіптен өзек­ті. Тек Қазақстанда қо­ғам­дық пікірді ескеруде зерт­теуден гөрі әлеуметтік желілердегі хайптарға  назар аудару  ба­сым тәрізді көрінеді.  

Әлеуметтік желілерді бақылау зерттеу емес

Бір байқағанымыз, соңғы кездері әлеу­меттік желілердегі пікірлерді, азаматтар­дың жазған-сызғандарын қоғамдық ой­дың барометрі ретінде бағалау көріністері бай­қалып қалуда. Мемлекеттік биліктің түр­лі саласы әлеуметтік желілердегі хайп та­қырыптарға бірден назар аударатыны бай­қалып жүр. Әрі Қылмыстық кодекстегі «жал­ған ақпарат таратты» дейтін атышулы бап арқылы қауесет таратушыларды жа­за­лап та жатады. Алайда әлеуметтік желі­лер­дегі пікірлер мен посттар тура мағынасында қо­ғамдық пікірдің нақты сипатын білдіре қой­майтынын мойындауымыз керек. Өйткені желі қолданушылардың, соның ішінде белсенділердің саны ел халқына шақ­қанда көп емес. Ал қоғамдық пікір нақ­ты ғылыми тәсілдер арқылы зерделенуі тиіс. Айталық, әлеуметтану немесе өзге де гуманитарлық ғылым салаларында ба­қылау, сұхбаттасу, фокус-тобы зерттеуі, кон­­тент анализ, кейс-стади, сарапшылар пі­кірі, сауалнама жүргізу тәрізді бірқатар тәсіл қолданылады. Әрі зерттеулердің сан­дық және сапалық өлшемдері деген бар. Ал мұндай тәсілдерді әлеуметтік желілерде қолдану мүмкін емес. Оның үстіне, бір­не­ше әлеуметтік желідегі пікірлер тұтас ха­лық­тың көзқарасы немесе ұстанымы болуы неғайбіл. Өйткені әлеуметтік желі та­қы­рыптары әрі кетсе 72 сағат қана тал­қы­ланады да ұмытылады. Тек белсен­ділер­дің бұқараның пассив бөлігін бастап жүру қабілеті жоғары болатынын ғана назарда ұстау керек. Дегенмен түрлі құрылымның Telegram-дағы каналдарына, министрлер­дің жеке блогтарына, онлайн қабылдау бө­лімдеріне түсіп жатқан деректерді сарап­та­ған жағдайда біраз мәліметке қанығуға бо­лады.  

Оффлайн зерттеудің берері мол

Қазақстанда қоғамдық пікірді зерттеу­мен айналысатын алғашқы мекеме 1988 жы­лы ашылды. ЦИОМ немесе Респуб­ли­ка­лық қоғамдық пікірді зерттеу орталығы деп аталатын құрылым 1999 жылы жеке ком­панияға айналған болатын. Кейін мұн­дай мекемелердің қарасы көбейді. Бі­рақ баршаны мойындатқан, үздіксіз зерттеу жа­сайтын мекеме сирек. Ресми құрылым­дар болмаса, қоғамдық пікірді зерттеу ісімен айналысатын құрылымдардың жұ­мысын бұқара білмейді. Ал меке­ме­лердің кө­бі тапсырысты орталық мелекеттік ор­ган­дардан алса, тағы бірқатары жергілікті атқарушы органдардың тапсырысын орын­дайды. Мәселен, әлеуметтанушы Бота­гөз Рақышева басқаратын «Қоғамдық пі­кір» зерттеу институты көбіне респуб­ли­калық, тіпті халықаралық деңгейде зерт­теу жасауға талпынады. 2013 жылы құ­рылған бұл орталық шетелдегі қазақтар, Орта Азия жастарының құндылықтары, Түркбарометр тәрізді зерттеулермен айна­лысқан. Ал Президент жанындағы Қазақ­стан стратегиялық зерттеулер институты, «Цесси-Қазақстан» немесе салыстырмалы әлеуметтік зерттеулер институты, SANGE,  «Nur Otan» партиясы жанындағы Қоғам­дық сая­сат институты тәрізді құрылымдар көбіне ел ішіндегі түрлі бағытта зерттеу жасап келеді. Мәселен, «Nur Otan» пар­тия­сы жанындағы Қоғамдық саясат инс­ти­ту­ты 2019 жылдан бастап ұялы телефон­дар арқылы сауалнамалар жүргізіп ке­ле­ді. Әрине, кәсіби әлеуметтанушылар «алаң» деп атайтын оффлайн зерттеулердей бол­мағанымен, ұялы құрылғыларды пай­далану қазір жаһандық трендке айналып ке­леді. Бірақ біз күнделікті зерттеу жасап оты­ратын орталық кездестірмедік. Елі­міз­де жасалатын зерттеулер ең жиі дегенде ай сайын ұйымдастырылады. Аптасына бір рет зерттеу жүргізуге тырысатындар ме­га­по­листерден аса қоймайды. Сондықтан қо­ғамдық пікірдің толық картинасы бар деуге болмайды. Екіншіден, оффлайн өткізбеген жағдайда қоғамдық пікірді анықтау тіпті қиын. Онлайн сауалнамалар сайлау, референдум, биліктің белгілі бір ше­шімімен көзқарасты білу тәрізді жедел зерт­теулерде маңызды болғанымен, қо­ғам­дағы күрделі бетбұрыстарды анықтауға қауқарсыз. Оның үстіне, сандық және сапалық зерттеу тәсілдері жинақталып, сарап­тамадан өткізілуі керек. Мәселен, 2014 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан об­­лысындағы қоғамдық-саяси ахуалды ба­ғамдау үшін зерттеу жүргізген «Нұр Әлем» зерттеу компаниясы Мақтааралдың Фир­доуси ауылында, Сарыағашта, Түр­кіс­тан­да тұрмыстық жанжалдың этни­калық сипат алып кету қаупі бар екенін анықтаған. Фокус-тобы зерттеу және сауалнамалар нәтижесінде. Бірақ тиісті құрылымдарға берілген ұсыныстар ескерусіз қалды ма, одан кейін өңірде этносаралық астары бар ки­кілжің бірнеше рет тіркелді.  

Өзге жұрт күн сайын мәлімет жинайды

Негізі, қоғамдық пікірді ұдайы бақы­лау­да ұстап отыру үшін күнделікті зерттеу жүргізуге қабілетті құрылымдар мол болуы керек. Қазақстанда қоғамдық пікірді күн­де­лікті зерттейтін ірі құрылым жоқ. Ал бір­қатар елде ол бар және қызметтері жақ­сы жолға қойылған. Мәселен, Ресейдегі қоғам­дық пікірді зерттейтін жалпыресейлік орталық (ВЦИОМ) көрші елдегі ең ірі зерттеу орталықтарының бірі. Әлеуметтік, саяси және маркетингтік зерттеу жасайтын орталық 2017 жылдан бері репрезентативті зерттеулерді күнде жүргізіп келеді. Олар, тіпті Оңтүстік және Солтүстік Амарикада, Еуропада, Таяу Шығыста да, Оңтүстік Шы­ғыс Азияда да зерттеу жүргізеді. Ресейде медиатұтыну нарығын зерт­теудегі монополист Mediascope компа­ния­сының 80 пайыз акциясына иелік етеді. Ал Қазақстандағы медиа нарықты зерттейтін ең ірі компания TNS Gallup Media  аме­ри­калық компанияның Орталық Азиядағы бөлімдерінің бірі. ТВ және радиолардың рейтингін, масс-медиа нарығын көбіне сол компания  зерттейді. Оған бәсекеле­се­тін ешкім жоқ. Ал АҚШ-тың өзінде қо­ғамдық пікірді зерттеудің көш басында Gallup Organization қоғамдық пікірді зерттеу институты тұр. Олардың мәлімет­терімен күн сайын танысып отыруға болады. Мәселен, аталған компанияның биылғы зерттеулерінің бірінде Дональд Трампты америкалықтардың 49 пайызы қолдай­тыны белгілі болды. Бұған дейін оны аме­ри­калықтардың 40-45 пайызы қолдайтын. Gallup Organization тіпті азаматтардың қандай кітап оқитыны, демалысын қалай өткізетіні, қандай тамақ жейтіні жайлы да сауалнама жүргізеді. Сөйтіп, компаниялар нарықтағы, қоғамдағы жағдайды біліп, маркетинг саясатын сол нәтижелерге бейімдейді.  Түркияда да солай. Аталған елде апта сайын саясаткерлердің рейтин­гінен бастап,  тауар бағасына дейін зерт­тей­тін ондаған компания жұмыс істейді. Мә­селен, биыл мамырда Түркияның  Avrasya Kamuoyu Araştırmaları  Merkezi  атты орталықтың зерттеушілері қойған «Алғаш­қы турда Режеп Тайып Ердоған мен Экрем Иммаоғлу сайлауға түссе, қайсысына дауыс бересіз?» деген сауалға респон­дент­тердің  45,5 пайызы Имамоғлун, 40,4 пайы­зы Ердоғанды  жақтайтынын айтып жауап берген. Ал мұндай зерттеулер сайлау кезінде  дауыс берушілердің таңдауына да әсер етеді. Былтыр да Түркияның батыс ай­мақтарында зерттеу қорытындылары мен сайлау нәтижелері шамалас шыққан. Ал әзірге Қазақстанда дәл мұндай деңгейде зерттеу жасаушылар жоқ. Бірақ SANGE  тәрізді құрылымдардың қызықты зерт­теу­лері бар.  

Зерттеулер көпшілікке таныс емес

Қазақстанда қоғамдық пікірдің қалай қа­лыптасып жатқанына қатысты жаса­латын зерттеу нәтижелері әдетте көп­шілік­ке таныс бола бермейді. Рас, түрлі жур­налдарда, арнайы сайттарда жарық көр­генімен, бұқара мұндай зерттеулерге тым қызыға қоймайды. Әлеуметтанушы Шың­ғыс Төрездің айтуынша, көпшіліктің қы­­зық­пауына бірнеше себеп бар екен. «Бі­рінші кезекте ғылыми-зерттеу тілі қасаң болады. Ғылыми стиль пай­дала­намыз. Инфографикалар мен кестелерді көбірек қолданамыз. Ал бұлар көпшілікке қы­зық емес. Екіншіден, ғылыми-зерт­теу­лерде хайп тудыратын деректер болмауы мүмкін. Көпшілік айқай-шуы көп дүниелерге құмар болады. Үшіншіден, зе­рт­теулер әдетте белгілі бір тапсырыс не­­­гізінде жүргізілетіндіктен, қоры­ты­н­ды­лар тиісті мекемелерге ғана жіберіледі. Әйт­песе, белгілі деңгейде Қазақстан қо­ға­мын зерттеп жатқан әріптестеріміз көп», – дейді Ш.Төрез. Сонымен қатар мамандар зерт­теу нәтижелерінің жариялана бермеу се­бебін қоғамдағы көңіл күймен де бай­ланыстырады. Дұрыс жасалған зерт­теу­лерде түрлі кемшілік айқын көрінуі мүм­кін. Айталық, аймақтардағы тұрмыстың айыр­машылығы, шешілмеген мәселелер тәрізді деректер билікке іштей на­ра­зы­лық­ты өршітуі де ғажап емес. Бәл­кім, со­­дан да шығар, қоғамдық пікірді зерттеудің нә­тижелері сирек айтылады. Тек «біздің зерт­теулер бойынша» деп басталатын жал­пылама мәліметтермен ғана шектелеміз. Кейде ресми органдардың зерттеулерді қандай мекемелерге жасатқанын да білмей қалатынымыз бар. Мәселен, мектептердің бастауыш сыныптарынан бастап үш тілді қатар оқыту керек деген бастаманы ұсын­ған бұрынғы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің командасы бұл идеяны халық қолдағанын айтқан. Сауалнамаға 10 мың адамның қатысқанын атап өткен. Бі­рақ біз тілдескен әлеуметтанушылардың ешқайсысы мұндай зерттеудің жасалға­нынан хабарсыз болып шықты. Демек, кейде ресми органдар «қоғамдық пікірді зерт­тедік» деп өтірік мәлімет тарата салуы да мүмкін. Алайда «ұсталмаған ұры емес». Қысқасы, Қазақстанда қоғамдық пі­кірді ғылыми негізде зерделеу әлі де болса кем­шін түсіп жатыр. Әзірге біз қоғамдық пі­кірді әлеуметтік желілер арқылы өлшеп отыр­мыз.  

Ардақ СҰЛТАН