Дамыған елдер үшін қоғамдық пікірді, бұқараның көңіл күйін біліп отыру өте өзекті болып саналады. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік, мәдени ахуалдан бастап отбасы құндылықтарына, жастардың сұраныстарына дейін біліп отыру мемлекеттік саясатты жүйелі жүргізуге септігін тигізеді. Тіпті, ірі компаниялар да қоғамдық пікірді ескереді, жиі-жиі әлеуметтанулық сұрау салу, фокус-тобы зерттеулерін жүргізетіні бар. Соның нәтижесінде тауарлардың қаптамасынан бастап көлеміне, логистикасына дейін өзгереді. Партиялар мен саясаткерлер ұстанымдарын құбылтады. Мысалы, 2000-жылдарға дейін әлемге танымал кір жуатын ұнтақ шығарушы компаниялардың бірі көбіне шағын қаптамадағы өнім ұсынатын. Кейін 10 келіге дейін жететін қаптамамен тауар сата бастады. Ал Samsung бастаған бірқатар компания автоматты кір жуғыш машинаға қосымша су жинайтын бак орната бастады. Сөйтіп, Ресей, Қазақстан, Моңғолия тәрізді елді мекендерінің көбі орталықтандырылған су құбырына қосылмаған елдердің нарығына шығарды. Бұл да қоғамдық пікірді, сұранысты зерттеудің нәтижесі. Ал саясат үшін әлеуметтанулық зерттеулер тіптен өзекті. Тек Қазақстанда қоғамдық пікірді ескеруде зерттеуден гөрі әлеуметтік желілердегі хайптарға назар аудару басым тәрізді көрінеді.
Әлеуметтік желілерді бақылау зерттеу емес
Бір байқағанымыз, соңғы кездері әлеуметтік желілердегі пікірлерді, азаматтардың жазған-сызғандарын қоғамдық ойдың барометрі ретінде бағалау көріністері байқалып қалуда. Мемлекеттік биліктің түрлі саласы әлеуметтік желілердегі хайп тақырыптарға бірден назар аударатыны байқалып жүр. Әрі Қылмыстық кодекстегі «жалған ақпарат таратты» дейтін атышулы бап арқылы қауесет таратушыларды жазалап та жатады. Алайда әлеуметтік желілердегі пікірлер мен посттар тура мағынасында қоғамдық пікірдің нақты сипатын білдіре қоймайтынын мойындауымыз керек. Өйткені желі қолданушылардың, соның ішінде белсенділердің саны ел халқына шаққанда көп емес. Ал қоғамдық пікір нақты ғылыми тәсілдер арқылы зерделенуі тиіс. Айталық, әлеуметтану немесе өзге де гуманитарлық ғылым салаларында бақылау, сұхбаттасу, фокус-тобы зерттеуі, контент анализ, кейс-стади, сарапшылар пікірі, сауалнама жүргізу тәрізді бірқатар тәсіл қолданылады. Әрі зерттеулердің сандық және сапалық өлшемдері деген бар. Ал мұндай тәсілдерді әлеуметтік желілерде қолдану мүмкін емес. Оның үстіне, бірнеше әлеуметтік желідегі пікірлер тұтас халықтың көзқарасы немесе ұстанымы болуы неғайбіл. Өйткені әлеуметтік желі тақырыптары әрі кетсе 72 сағат қана талқыланады да ұмытылады. Тек белсенділердің бұқараның пассив бөлігін бастап жүру қабілеті жоғары болатынын ғана назарда ұстау керек. Дегенмен түрлі құрылымның Telegram-дағы каналдарына, министрлердің жеке блогтарына, онлайн қабылдау бөлімдеріне түсіп жатқан деректерді сараптаған жағдайда біраз мәліметке қанығуға болады.Оффлайн зерттеудің берері мол
Қазақстанда қоғамдық пікірді зерттеумен айналысатын алғашқы мекеме 1988 жылы ашылды. ЦИОМ немесе Республикалық қоғамдық пікірді зерттеу орталығы деп аталатын құрылым 1999 жылы жеке компанияға айналған болатын. Кейін мұндай мекемелердің қарасы көбейді. Бірақ баршаны мойындатқан, үздіксіз зерттеу жасайтын мекеме сирек. Ресми құрылымдар болмаса, қоғамдық пікірді зерттеу ісімен айналысатын құрылымдардың жұмысын бұқара білмейді. Ал мекемелердің көбі тапсырысты орталық мелекеттік органдардан алса, тағы бірқатары жергілікті атқарушы органдардың тапсырысын орындайды. Мәселен, әлеуметтанушы Ботагөз Рақышева басқаратын «Қоғамдық пікір» зерттеу институты көбіне республикалық, тіпті халықаралық деңгейде зерттеу жасауға талпынады. 2013 жылы құрылған бұл орталық шетелдегі қазақтар, Орта Азия жастарының құндылықтары, Түркбарометр тәрізді зерттеулермен айналысқан. Ал Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, «Цесси-Қазақстан» немесе салыстырмалы әлеуметтік зерттеулер институты, SANGE, «Nur Otan» партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институты тәрізді құрылымдар көбіне ел ішіндегі түрлі бағытта зерттеу жасап келеді. Мәселен, «Nur Otan» партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институты 2019 жылдан бастап ұялы телефондар арқылы сауалнамалар жүргізіп келеді. Әрине, кәсіби әлеуметтанушылар «алаң» деп атайтын оффлайн зерттеулердей болмағанымен, ұялы құрылғыларды пайдалану қазір жаһандық трендке айналып келеді. Бірақ біз күнделікті зерттеу жасап отыратын орталық кездестірмедік. Елімізде жасалатын зерттеулер ең жиі дегенде ай сайын ұйымдастырылады. Аптасына бір рет зерттеу жүргізуге тырысатындар мегаполистерден аса қоймайды. Сондықтан қоғамдық пікірдің толық картинасы бар деуге болмайды. Екіншіден, оффлайн өткізбеген жағдайда қоғамдық пікірді анықтау тіпті қиын. Онлайн сауалнамалар сайлау, референдум, биліктің белгілі бір шешімімен көзқарасты білу тәрізді жедел зерттеулерде маңызды болғанымен, қоғамдағы күрделі бетбұрыстарды анықтауға қауқарсыз. Оның үстіне, сандық және сапалық зерттеу тәсілдері жинақталып, сараптамадан өткізілуі керек. Мәселен, 2014 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысындағы қоғамдық-саяси ахуалды бағамдау үшін зерттеу жүргізген «Нұр Әлем» зерттеу компаниясы Мақтааралдың Фирдоуси ауылында, Сарыағашта, Түркістанда тұрмыстық жанжалдың этникалық сипат алып кету қаупі бар екенін анықтаған. Фокус-тобы зерттеу және сауалнамалар нәтижесінде. Бірақ тиісті құрылымдарға берілген ұсыныстар ескерусіз қалды ма, одан кейін өңірде этносаралық астары бар кикілжің бірнеше рет тіркелді.Өзге жұрт күн сайын мәлімет жинайды
Негізі, қоғамдық пікірді ұдайы бақылауда ұстап отыру үшін күнделікті зерттеу жүргізуге қабілетті құрылымдар мол болуы керек. Қазақстанда қоғамдық пікірді күнделікті зерттейтін ірі құрылым жоқ. Ал бірқатар елде ол бар және қызметтері жақсы жолға қойылған. Мәселен, Ресейдегі қоғамдық пікірді зерттейтін жалпыресейлік орталық (ВЦИОМ) көрші елдегі ең ірі зерттеу орталықтарының бірі. Әлеуметтік, саяси және маркетингтік зерттеу жасайтын орталық 2017 жылдан бері репрезентативті зерттеулерді күнде жүргізіп келеді. Олар, тіпті Оңтүстік және Солтүстік Амарикада, Еуропада, Таяу Шығыста да, Оңтүстік Шығыс Азияда да зерттеу жүргізеді. Ресейде медиатұтыну нарығын зерттеудегі монополист Mediascope компаниясының 80 пайыз акциясына иелік етеді. Ал Қазақстандағы медиа нарықты зерттейтін ең ірі компания TNS Gallup Media америкалық компанияның Орталық Азиядағы бөлімдерінің бірі. ТВ және радиолардың рейтингін, масс-медиа нарығын көбіне сол компания зерттейді. Оған бәсекелесетін ешкім жоқ. Ал АҚШ-тың өзінде қоғамдық пікірді зерттеудің көш басында Gallup Organization қоғамдық пікірді зерттеу институты тұр. Олардың мәліметтерімен күн сайын танысып отыруға болады. Мәселен, аталған компанияның биылғы зерттеулерінің бірінде Дональд Трампты америкалықтардың 49 пайызы қолдайтыны белгілі болды. Бұған дейін оны америкалықтардың 40-45 пайызы қолдайтын. Gallup Organization тіпті азаматтардың қандай кітап оқитыны, демалысын қалай өткізетіні, қандай тамақ жейтіні жайлы да сауалнама жүргізеді. Сөйтіп, компаниялар нарықтағы, қоғамдағы жағдайды біліп, маркетинг саясатын сол нәтижелерге бейімдейді. Түркияда да солай. Аталған елде апта сайын саясаткерлердің рейтингінен бастап, тауар бағасына дейін зерттейтін ондаған компания жұмыс істейді. Мәселен, биыл мамырда Түркияның Avrasya Kamuoyu Araştırmaları Merkezi атты орталықтың зерттеушілері қойған «Алғашқы турда Режеп Тайып Ердоған мен Экрем Иммаоғлу сайлауға түссе, қайсысына дауыс бересіз?» деген сауалға респонденттердің 45,5 пайызы Имамоғлун, 40,4 пайызы Ердоғанды жақтайтынын айтып жауап берген. Ал мұндай зерттеулер сайлау кезінде дауыс берушілердің таңдауына да әсер етеді. Былтыр да Түркияның батыс аймақтарында зерттеу қорытындылары мен сайлау нәтижелері шамалас шыққан. Ал әзірге Қазақстанда дәл мұндай деңгейде зерттеу жасаушылар жоқ. Бірақ SANGE тәрізді құрылымдардың қызықты зерттеулері бар.Зерттеулер көпшілікке таныс емес
Қазақстанда қоғамдық пікірдің қалай қалыптасып жатқанына қатысты жасалатын зерттеу нәтижелері әдетте көпшілікке таныс бола бермейді. Рас, түрлі журналдарда, арнайы сайттарда жарық көргенімен, бұқара мұндай зерттеулерге тым қызыға қоймайды. Әлеуметтанушы Шыңғыс Төрездің айтуынша, көпшіліктің қызықпауына бірнеше себеп бар екен. «Бірінші кезекте ғылыми-зерттеу тілі қасаң болады. Ғылыми стиль пайдаланамыз. Инфографикалар мен кестелерді көбірек қолданамыз. Ал бұлар көпшілікке қызық емес. Екіншіден, ғылыми-зерттеулерде хайп тудыратын деректер болмауы мүмкін. Көпшілік айқай-шуы көп дүниелерге құмар болады. Үшіншіден, зерттеулер әдетте белгілі бір тапсырыс негізінде жүргізілетіндіктен, қорытындылар тиісті мекемелерге ғана жіберіледі. Әйтпесе, белгілі деңгейде Қазақстан қоғамын зерттеп жатқан әріптестеріміз көп», – дейді Ш.Төрез. Сонымен қатар мамандар зерттеу нәтижелерінің жариялана бермеу себебін қоғамдағы көңіл күймен де байланыстырады. Дұрыс жасалған зерттеулерде түрлі кемшілік айқын көрінуі мүмкін. Айталық, аймақтардағы тұрмыстың айырмашылығы, шешілмеген мәселелер тәрізді деректер билікке іштей наразылықты өршітуі де ғажап емес. Бәлкім, содан да шығар, қоғамдық пікірді зерттеудің нәтижелері сирек айтылады. Тек «біздің зерттеулер бойынша» деп басталатын жалпылама мәліметтермен ғана шектелеміз. Кейде ресми органдардың зерттеулерді қандай мекемелерге жасатқанын да білмей қалатынымыз бар. Мәселен, мектептердің бастауыш сыныптарынан бастап үш тілді қатар оқыту керек деген бастаманы ұсынған бұрынғы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің командасы бұл идеяны халық қолдағанын айтқан. Сауалнамаға 10 мың адамның қатысқанын атап өткен. Бірақ біз тілдескен әлеуметтанушылардың ешқайсысы мұндай зерттеудің жасалғанынан хабарсыз болып шықты. Демек, кейде ресми органдар «қоғамдық пікірді зерттедік» деп өтірік мәлімет тарата салуы да мүмкін. Алайда «ұсталмаған ұры емес». Қысқасы, Қазақстанда қоғамдық пікірді ғылыми негізде зерделеу әлі де болса кемшін түсіп жатыр. Әзірге біз қоғамдық пікірді әлеуметтік желілер арқылы өлшеп отырмыз.Ардақ СҰЛТАН