Расул Жұмалы, саясаттанушы: Ескі кадрлармен өзгеріс жасау қиын

Расул Жұмалы, саясаттанушы: Ескі кадрлармен өзгеріс жасау қиын

Nur Оtan партиясы саяси кеңесінің отырысында Елбасы – партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуының негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Осыған орай, саясаттанушы Расул Жұмалыға хабарласып, партияның алдағы атқаруы тиіс міндеттеріне қатысты пікірін білдік.

– Расул Берекетұлы, таяуда өткен Nur Оtan партиясы Сая­си кеңесінде айтылған мәселелермен таныссыз. Сіздің ойыңыздан шыққан қандай бағыттар болды?

– Сөз жоқ, билік партиясына деген көзқарасты өзгер­те­тін уақыт жетті. Ең алдымен, ол көзқарасты өзгертуге, ел сені­мін қайтаруға Nur Оtan-ның өзі, әрбір мүшесі дайын болуы керек. Елбасы – партия Төрағасы Н.Назарбаев­тың бағ­дарламаны «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» деп атауының маңызы осында жатыр деп білемін. Себебі, соңғы уақыттары партияның беделіне нұқсан келетін біршама оқиға болды. Алайда оған қатысты партия мүшелерінің ешқайсысы ел алдына шығып, ашық пікір білдірген емес. Партия басшылығында қаншама лауазымды тұлға, әкімдер, министрлер бар. Дегенмен олардың дені өз тарапынан қоғамдағы қордаланған мәселеге, елімізде болып жатқан оқиғаларға қатысты ашық көзқарас, пікір білдірмейді, жауапкершіліктен қашады. Тек партия Төрағасы – Елба­сының кезекті мәлімдемесін, тапсырмасын күтіп отырады. Сол себепті, де біздің қоғамда партия қызметіне деген сенім азайып кетті деп ойлаймын. Менің пайымымша, Nur Оtan партиясының әртүрлі деңгейдегі басшылары мен мүшелеріне ашықтық қажет. Олар тек кабинетте отырып алып, пікір айта бермей, ел ішіне барып сөйлессін. Нақты жағдайды көзбен көрсін. Өңірлерде шешілмеген қандай мәселе бар? Халық билік­тен нені талап етіп отыр? Осы сұрақтарға жауапты жо­ғарыдан күтіп отырмай, елдің, сайлаушылардың өз аузынан естіп-білгені жөн.


– Елбасы – Nur Оtan партия­сы­­­ның Төрағасы Н.Назарбаев Сая­си кеңес отырысында партия кадр таң­дау­дың тиімді жүйесін қалып­тас­ты­ру керек екенін айтты. Сіз­дің ойы­ңыз­ша, бұл іс қалай жүргені дұрыс?

– Елбасы бұл мәселені жақсы біліп, байқап отыр. Кешегі кеңес­те осы мәселені көтеруінің өзі бі­раз жайды аңғартады. Ең алды­мен, «тазалауды» партияның іші­нен бастау керек. Елде болып жат­­қан кез келген жағдайға бай­ла­нысты жауапты тұлғалар, пар­тия мүшелері жауап беруі керек. Бұл тұрғыда Nur Оtan батыл қа­дам­дарға баруы тиіс. Партияға мүшелікке жастарды тартуда да қалыптасып қалған дәстүр бойын­ша белгілі жұлдыздарды, өнердегі жастарды емес, саяси сауаты ай­қын, пікірін ашық айтатын озық ойлы ұландарды қабылдау қажет. Дамыған елдерде сауатты, білімді, қолынан іс келетін адамдар бә­се­кеге түсіп, ашық қоғам қалып­тас­ты­руға күш жұмсайды. Бүгінгі біз­дің қоғам да сондай қадамды күтеді. Яғни, қоғамда пікірі жоқ, тым «сыпайы, тәртіпті» тұлғалар­дан адамдар шаршады. Партия ха­лықтың сөзін ашық сөйлей ал­ма­ған соң, тіпті кей жағдайда сөй­легесі келмеген соң қазір адам­дар әлеуметтік желіде пікірін өзі айтып, «өз қотырын өзі қасуға» дағдыланып барады. Қазір сауатты жастар, Еуропа көрген, былғанба­ған жастар елімізде көп. Олардың билік партиясы өзіне тарта алмаса, бұрынғы ескі кадрлармен өзгеріс жасау қиын. Тіпті кейбір лауазым­ды тұлғалар ашық алаңда өзінің Nur Оtan-ның мүшесі екенін айту­дан қашатынын байқап жүрміз. Ол дегеніңіз – жауапкершіліктен қашу. Елбасы Н.Назарбаев та Сая­си кеңес барысында әкімдер­дің, шенеуніктердің жүрген же­рінде партияның «значогын» тақпай­ты­нын бекер сынға алмаса керек. Пар­тия қызметіне адал, жауапты адамдарды таңдайтын уақыт жетті. Сол себепті, партияның іші­­­нара үлкен өзгерістер жасауы – бүгінгі күннің басты талабы.

– Өзіңіз айтып отырған іші­на­ра өзгерістер, кадарлық ауыс-тү­йіс­тер қазірден басталып та кет­кен­дей. Басшылықтың жаңа құра­мына қандай кеңес, ұсыныс айтар едіңіз?

– Әрине, партияның хатшы­лы­ғына, аппарат басшылығына жас­тар келіп жатқанын естіп, бі­ліп отырмыз. Бірақ Nur Оtan үшін бұл өзгерістер аз. Партия бас­шы­лы­ғына келген азаматтар өздері оқып келген, көріп, таны­ған Еу­ро­­па елдеріндегі ашық қоғамды бір­тіндеп біздің елге де сіңіруі керек. Ол солай болады деп сене­мін. Сон­дай-ақ алдағы уақыт­та Nur Оtan ашық сайлау өткізуге мұ­рындық болуы керек. Бәсе­ке­лес­тік болма­ған жерде монополия болады. Ал монополияның бара­тын жері – батпақ. Nur Оtan пар­тияс­ына жүктелер үлкен міндет те елді, қоғамды осы әр саладағы мо­но­полиядан құтқарып, бәсеке­лес­­тік қоғамға дайындау болса құба-құп.

 

Сұхбаттасқан 
Бауыржан БАЗАРҰЛЫ