Туристі немен тәнті етеміз?

Туристі немен тәнті етеміз?

Сарапшылардың пайымдауынша, табиғатты таза, жабайы қалпында сақтау – туризм саласынан мол пайда табуға мүмкіндік береді. Осы орайда «Қазақстанды таны/Open Qazaqstan» жобасы аясында елге келген халықаралық танымал тревел-блогерлердің туризм секторын тұншықтырған түйткілдер мен ашылып жатқан мүмкіндіктер жайындағы тұжырым-түйіндерін білдік.

Еліміздегі қорықтар мен тари­хи орындарға отандық және ше­тел­дік блогерлер, фотографтар, журналистер үшін саналуан экспедициялар ұйымдастырып жүрген PhotoSafari жобасының негізін қалаушы және жетекшісі Катерина Кошко шенеуніктердің заманауи турист туралы түсінігі ескі­ріп қалғанына назар аударта­ды. Мәселен, туризмді дамыту үшін республикамызда орман ота­лып, таулы бөктер түзетіліп, алып аумақ тазартылады, далиып жатқан аудан-ауласы бар нысан­дар салынады. Табиғат әрірек ала­сталады. Шынында, сарапшы­ның байламынша, туристік ны­сан­дар қоршаған орта аясына үйлесімді түрде кірігіп кетуі тиіс.

– Біраз жылдан бері әртүрлі экс­педициялар ұйымдастырып келеміз. Нәтижесінде, Қазақстан­ның әр түкпірін, тау мен тасын таны­дық. Оны бүкіл әлемге таны­мал еткіміз келеді. Сондық­тан көп­­теген елдерден қонақтар ша­қы­­рып, көрсетудеміз. Менің ойым­ша, туристік саладағы қазақ­стандық маркетингтік стратегия ескіріп қалды. Біз қазіргі сая­хат­шы­ны не қызықтыратынына ек­пін түсіруіміз керек. Біреу му­зей­­лерді аралауға ынталы. Енді бірі табиғат аясында демалып, пей­заж­ды суретке түсіруге ынты­ғады. Демек, олардың нақты бір тобына ғана бар күш-жігерді шоғыр­лан­ды­руға болмайды. Жан-жақтылық керек. Шетелдік туристке не ұсынатынымызды нақты түсініп алғанымыз жөн, – дейді К.Кошко.


Қазақ­станда көрнекті тарихи орындарға апа­ратын жолдар жоқ. 


Ол қонақүйлік-жағажайлық демалыста AI (All inclusive), тіпті UAI (Ultra all inclusive) тұжырым­да­масы бойынша жұмыс жа­сай­тын елдермен тең бәсекелесе алу түгіл, қасына да жолай алмай­ты­нымызды айтады. Оның орнына Қазақстанның бірегей, дара құн­ды­лығы – тұмса табиғаттағы де­ма­лыс бағытын басымырақ дамыт­қан абзал.

– Таяуда ғана осындай бес күн­дік саяхаттан оралдық. Шетел­діктер тарапынан, әсіресе, табиғат аясында тынығуға құмартқандар көп екенін байқадық. Оны Rest in the Wild деп атайды. Біз осыған сал­мақ салуға тиістіміз. Қазақ­станда көрнекті тарихи орындарға апа­ратын жолдар жоқ. Жол бо­йын­да жабдықталған дәрет­хана­лар да жоқтың қасы. Біраз жерде интернет ұстамайды. Басқа турист мұндайды бір көрсе не естісе, бұл жаққа екінші рет аяқ баспайды. Ал көркем табиғатты жаны сүйетіндер үшін бұл – бір ғанибет, жаңа тәжірибе, – дейді К.Кошко.

Kazakh Tourism ұлттық ком­па­ниясы басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов отандық туризмнің осал тұстары әзірге көп екенін жоққа шығар­майды. 

Жалпы, заманауи турист – сын-қатерге қасқайып қарсы жүре­тін батыл адамдар. Дүние­жүзі­­нің бір бөлігінде әскери қақ­ты­ғыстар, жарылыстар, төң­ке­рістер болуда, тағы бір елде жер сілкініп, жанартау атқылауда. Әлдебір елдерде қауіпті індеттер өршуде, бірақ саяхатшылар бәрібір сапарға шығады. Әлемде туристер саны 1,3 миллиард адамға жетті және бұл сан ұлғаюда. 2030 жылға қарай 1,5 миллиардтан асады деп болжанып отыр. 6 жыл бұрын мемлекеттік деңгейде туризм мәселелерімен айналыса бастағанымда, саяхатқа арналған шетелдік TripAdvisor тұғырна­ма­ла­рының бірінің басшысымен әңгімелестім. «Біз, саяхатшылар үшін, Қазақстан – last unknown frontier, яғни соңғы белгісіз меже» дейді ол. Тәжірибелі туристердің көбі Лондон, Франция, Түркия және басқа да елдерде бірнеше рет болып, әбден таныған. Ал Қазақ­станды білмейді және сол білмей­тініне, көрмегеніне ыңғай­сыз­да­нады. Біз осыны пайдалануға тиіспіз! – дейді Қ.Сәдуақасов.


Біраз жерде интернет ұстай алмайсыз.


Әрине, «күш салмасақ та келеді» деп босқа марқаюға бол­майды. Себебі, жалғыз қазақ елі емес, өзге орталықазиялық рес­пуб­ликалар да last unknown frontier саналады.

Қазақстан кезінде қымбат мұнайына сеніп отырғанда, Өз­бек­стан мен Қырғызстан туриз­мін қуатты әрі қарқынды өрістетіп әкетті. Енді мемлекетімізге алды­мен солар қатаң бәсекелестік құрады.


Әлеуметтік желілерде 5 мил­лион­нан астам жазылушысы бар британдық тревел-блогер Луи Коул (@funforlouis) өз аудитория­сын Қазақстанға шақырар болса, олардың қызығушылығын «таза табиғат» деген тіркеспен оята аларына сенімді.

– Мен бұған дейін 85 елді ара­ладым. Енді Қазақстанды тама­шалап, Алматы облысына сапар­лау жоспарымда бар. Жазылушы­ларым мен достарым да келуі үшін оларға Қазақстан мен оның табиғаты жайында айтып бергім келеді. Елдеріңіз туралы алғашқы әсерім тамаша, халықтың қонақ­жай­лылығы қайран қалдырды. Адамдар кәдесый, шоколад, кон­фет, әйтеуір қонаққа бір сы­йын ұсынып қалуға тырысады екен. Бұл – турист тарту үшін басты бір құндылық. Қазақтар – дүниедегі достық пейілдегі халық! – дейді Луи Коул.

Ілгері жетелеген қыздың қолы­нан ұстап, қоршаған ортаны суретке түсіруге құрылған, Инс­таграмда аса танымал болған FollowMeTo (соңымнан ер) жоба­сы­ның негізін қалаушы, ресейлік блогер Мурад Османн Қазақстанға бірнеше рет келіпті. Ол жаһандық деңгейде жариялауға тұрарлық қазақстандық туристік брендтер­мен де таныс.

– Қазақстанда әлем және адамзат өзі үшін жаңадан көп нәрсені аша алады. Көркем тілмен түй­сек, Қазақстан қойнауы гау­һар, інжу-маржанға толы сандық. Саяхатшылардың қазіргі кезде іздегені де сол. Төл бейнежазба компаниям бар. Сол үшін қайта­ланбас, айрықша жерлерді қарас­тырамын. Бұл ретте қазақ­стандық Қайыңды көлі, Шарын шатқалы – әлдебір тылсым сарынға бөлей­тін, жұмбақ жер. Өзім Дағыстан аста­насы Махачқаланың тумасы­мын. Бала кезімде Каспий теңі­зінің ар жағында не бар екен деп қиялға бататынмын. Екі жыл бұрын алғаш рет Ақтау қаласына бардым, сол жақтағы тұзданған борлы тау – Бозжыраға аяқ бас­қанда, әлдебір бөгде планетаға тап болғандай сезімде болдым. Рас, ол жерге жету қиын екен. 5 сағат бойы іші-бауырды солқыл­да­тып, денені көгертіп, әзер жеттік, – дейді М.Османн.


Жол бо­йын­да жабдықталған дәрет­хана­лар да жоқтың қасы. 


Әйтсе де, ол жұмбақ орындарға тақ­тайдай түзу тас жолдың жоқты­ғын теріс емес, оң бағалайды.

«Нәтижесінде, ондай жерлерге туристердің үлкен ағыны бағыт алмайды. Біз осының алдында Ти­бетте болдық. Биік тауға өрме­лей орналасқан ел екеніне қара­мас­тан, жолдары керемет, таң қал­ды­рады. Бірақ соның кесірі­нен, мұндай инфрақұрылым мил­лион­даған туристке жол ашты. Салдарынан, бұрын тұңғыш бол­мы­сын, пәк қалпын сақтап келген тұнық табиғатқа нұқсан келуде. Көп адам көптігін қылады ғой. Ен­деше соның кебін құшпай тұр­ған­да, Қазақстан туризмді дамы­туға ақылмен келіп, ағымдағы мін­­детті ақырғы межемен үйлес­ті­ріп, ақырғысын әбден ойлас­тыр­ғаны маңызды, – деді Мурад Османн.

Режиссер, тревел-блогер Даниэл Марш Қазақстанға келген шетелдік туристер тілдік кедергіге кезігетінін еске салды.

– Қазақстанның табиғаты мені тәнті етті. Шығыс Қазақ­стан­да мүлдем басқа ландшафтқа куә болдым. Әйтпесе, елдің баты­сындағыдай кілең шөлді-шөлейтті дала көрінісі қайталана ма деп ойлағам. Бұған қатты қуандым. Көркемдігі естен тандырар Мұз­тау­ға көтерілдік. Көңіл тояттады. Тек халық ағылшын тілін білмейді екен. Сондықтан мен, алдымен, қазақ тілін үйренуге тырыстым, алғыс айту сөзін жаттап алдым. Қазақ ауылына келгенімде, әр сөйлемге «Рақмет!» деймін, қазақ­тар да маған: «Рақмет!» деп күлім­сірей бас шұлғиды. Ауыл­дықтар­мен ым-ишара арқылы ұғынысуға тырыстық. Қазақтар – ашық, тамаша халық! – дейді Д.Марш.

Kazakh Tourism ұлттық ком­па­ниясы басқарма төраға­сы­ның орынбасары жабайы емес, инфра­құры­лымы дамыған жерлерде демалуды қалайтын жатжұрттық туристерге Алматы мен елорда айналасы ұсынылатынын айта-
ды.

– Үш жыл бұрын шетелдік бі­рін­­ші ірі туроператор Қазақ­стан­ның ішкі туризмі секторына кірді: Intrepid Travel Қазақстанға саяхат­шы­лар шақырып, жолда­малар сатуда. Алайда олар мұны «Қазақ­стан­ға экспе­дициялық тур» деп атайды. Осы арқылы өз клиент­те­р­іне бұл елдің кей жерін­де инфра­құ­рылым болма­ған­дықтан, палат­када ұйықтауға тура келетінін, ал кей жерде өркениетті де жайлы жағдайлар болатынын аңғартты. Істі бастау үшін осы да жеткілікті болды. Қазір біз де осы принципті ұста­ну­дамыз. Алматы қаласы мен облысы, Нұр-Сұлтан қаласы және Ақмола облысы – барынша даяр­лан­ған, ресурспен қамтылған өңір­­лер, сәйкесінше, жай­лы­лық­ты таңдайтын турис­терді со­ларға тартуға мән беріледі. Туроператор­ларға да осыған кеңес береміз, – деп түйді Қайрат Сәдуақасов.