Тихановская Лукашенконың орнын баса ма?
Тихановская Лукашенконың орнын баса ма?
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
190
оқылды
ВВС-дің хабарлауынша, Беларусь ОСК-сы пре­зиденттікке негізгі үміткерлер саналған Виктор Бабарико мен Валерий Цепкалоны тіркемей қойған соң, қос үміткердің сайлау штабтары оппозициядан қалған жалғыз кандидат Светлана Тихановскаяны қолдап отыр. Оның саяси тәжірибесі мен айтарлықтай сайлау қоры болмаса да, халық та соның жағында. Бірақ оппозиция көшбасшысын алаңдатып отыр­ған жайт – түрмеде отырған күйеуінің осымен үшінші рет карцерге түсуі еді. Тихановскийдің қорғаушысының айтуынша, карцерден бөлек оппозиция өкілін түнде демалуға мүмкіндік бермей, бір орыннан екінші орынға ауыстырумен болады екен. Еуропалық одақ қоғам белсенділерінің босатылуын талап етіп отыр. Amnesty International халық­аралық құқық қорғау ұйымы Сергей Тихановскиймен бірге, оның қамауға алынған жақтастары Евгений Розниченко, Дмитрий Фурманов, Владимир Наумик, Вергилий Ушак, Александр Аранович, Сергей Калмыков, Василий Бобровский мен Артем Саковты «ар-ождан тұтқындары» деп танып, олар түрмеге өз құқықтарын бейбіт қорғағаны үшін түсті деп мәлімдеме тарат­ты. Қазір Лукашенкоға әйелдер блогы қарсы болып тұр. Олай дейтініміз, Бабариконың сайлау штабының басшысы Мария Колесникова мен Валерий Цепкалоның жары Вероника сайлауалды науқанында белсенділік танытып, Светлана Тихановскаяны қолда бар ресурстарымен толықтай қолдап, жеңіске сеніп отыр. Үш келіншектің бірге түскен суреті желі қолданушылары тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Біреулер Беларусьті жұлдыз жорамалы бойын­ша, әйел басқаруы керек десе, енді біреулер ел Конституциясының «әйелдер үшін жазылмағанын» сын тезіне алды. Тағы біреулер Лукашенконың «Беларусь президенттігіне тек әскерде өз борышын өтегендер ғана сайлана алуы керек» деген мәлімдемесін сынай жөнелді. Беларусь сарапшылары әлеу­меттік желідегі эйфория мен билік ауысады деген үмітке күдікпен қарайды. Түптің түбін­де, басшылығында әйелдер тұрған оппозициялық үштіктің нақты бағдарламасы жоқ. Саяси тәжірибелері кемшін. Билік мұндай әлсіз қарсыласпен қаншалықты ұзақ тайталасады екен? Әлде Өзбекстандағы сценарий жүзеге асар ма екен, яғни билік ауысқанмен, жүйе ауыспайды... Түптеп келгенде, Беларусь елінің алдында үлкен қордаланған мәселелер бар. Соңғы уақытта Беларусьпен ұзақ жылдар бойы әріптес, мүдделес боп келген Ресеймен арадағы қарым-қатынасқа да сызат түсті. Александр Лукашенконың көрші елге қатысы бар «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясының 33 мүшесінің тұтқындалуын жариялап, бұған одақтас мемлекетті айыптауы өзара қарым-қатынасқа сызат түсірді.  Экономикалық ахуал да мәз емес. Сарапшылар отыз жылға жуық уақыт мінберден түспеген биліктен халықтың қажығанын айтады.   Қазбек МАЙГЕЛЬДИНОВ, саясаттанушы:  

«Вагнер мәселесі» екі ел байланысына кері әсер етуі мүмкін...

– Отыз жылға жуық уақыт билікте отырған Лукашенкоға халық сенімі төмендеп кеткен. Сонымен қатар дүйім жұрт өзгешелік пен жаңашылдықты күтіп отырғандай. Украинадағы жағдайды еске алсақ, Зеленскийдің президенттікке келуі кездейсоқ емес. Өйткені бұған дейін болған Ющенко, Порошенко сияқты билік өкілдерінен шаршаған халық ақыр аяғында телевизияда жүрген адамды президенттікке әкеліп қойды. Бұл жерде халықтың «билікке кім келсе де сол келсін, бірақ бұрынғы билік өкілдерінен ешкім келмесін» деген ұстанымы озатын сияқты. Беларусь жағ­дайында тура сондай сценарий болуы мүмкін. Бұл сценарий тек ТМД елдеріне ғана қатысты емес. Мәселен, АҚШ-та 2018 жылы Конгресске сайлау кезінде Нью-Йоркта бармен боп жұмыс істеп жүрген 28 жастағы қыз жеңіске жетті. Өйткені ол сайлауда «мен сияқты әйелдер саясатқа керек емес» деген ұранмен шықты. Халық оны қолдай жөнелді. Яғни, бұл сценарий бойынша Тихановскаяның күтпеген жерден сайлаушылардың даусын алып кету мүмкіндігі жоғары болып тұр. Минск түбінде «Вагнер» тобына жататын 33 ресейліктің ұсталуы тағы бар. Ресейдің ресми өкілдерінің айтуынша, бұл әскери топ Беларусь басшылығының келісімімен ел аумағынан тран­зит ретінде өтуі керек болған. Лукашенко болса, олар сайлауалды науқанға араласты деп айыптап жатыр. Батыс тарапы Беларусь ұстанымына сенбейді. Екінші жағынан, бұл айып Ресей-Беларусь қарым-қатынасының ушығуына әкеліп соқты. Бұған дейін интег­рация мен саяси процестердің нәтижесінде Александр Лукашенко да Ресейге талай сын айтқан еді. Бірақ соңғы айып бұған дейінгі мәлімдемелерден өзгеше. Бел­арусьтің геосаяси тұрақтылығы, бір жағынан, Батыс елдеріне тәуел­ді болса, екінші жағынан, Ресейге байланысты. Алдағы уақытта бұл оқиға екі ел арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер етуі мүмкін.   Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы:  

Халық билікке қарсы дауыс береді

– 9 тамыз күнгі сайлаудан кейін Беларусь билігіне не алтыншы рет сайланғалы жатқан Александр Лукашенко келуі мүм­кін, не бесінші колоннаның көшбасында тұрған оппозиция өкілі Светлана Тихоновскаяның келуі ықтимал. Жергілікті және халықаралық сарапшылардың пікірінше, сайлауда Беларусь халқы қазіргі билікке қарсы дауыс береді. Бұған себеп – Тихановскаяның бір ғана ұстанымы – әділ сайлау өткізуді талап етуі. Сонымен қатар оппозиция көшбасшысы Лукашенко билікте отырған 26 жыл ішінде саяси қуғындалып қамалғандарды босатуды талап етуде. Менің ойымша, әлеуметтік желіде отырған Беларусь аза­маттарының еркіндікті қалауына түрткі болған жайт – танымал блогер Сергей Тихановскийдің ұсталуы, бұл біраз жылдардың нәтижесі. Соңғы оқиғалар Теле­граммдағы саяси әрекеттердің көшеге ашық шығуына әкеліп соқты. Бұл елде саяси әрекеттердің дені Телеграмм желісі арқылы жүргізіледі. Оппозиция құралы осы әлеуметтік желі болмақ. Бірақ оппозицияның әрекеті қаншалықты нәтиже бермек? Авторитарлы режим қолда бар құралдарын қолданып жатыр: милиция, КГБ сияқты күштік құрылымдар жатпай-тұрмай жұмыс істеп келеді. Меніңше, мұнда екі сценарий жүзеге асуы мүмкін. Біріншіден, Лукашенконың Батыс әлемі алдында еуропалық демократ кейпінде Света сияқтыларды оппозиция серкелерінің рөлінде қолдан ойнатып шығаруы мүмкін. Өйткені жолдасы қамауда. Яғни, оппозиция псевдооппозиция сипатында жүріп өтеді. Екіншіден, ресейлік мүддеге тойтарыс беру. Яғни, Украинадағы Януковичтің мысалында және «Донецк халық­тық республикасы», «Луганск халықтық республикасында» өткен сценарийді болдырмау. Айта кететін жайт, Тихановскийлер – ресейлік жоба емес. Сол үшін де сырттан біреу ойын тәртібін жүргізгенше, оны өзім жүргізейін деген қағидат іске асуы мүмкін.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ