Тірлігі ерге бергісіз
Тірлігі ерге бергісіз
132
оқылды

Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен қазақ аналары қашан да қуатты, қайсар. Бүгінде олардың көпшілігі қоғамда өз орнын тауып, еңбек етіп, бейнетінің зейнетін көріп отыр. Бұл тұрғыдан келгенде көпбалалы аналардың бәсі артық. Бүгінгі кейіпкерміз елордалық Жәмила Наурызбаева да «Көше саудасына – 1 000 орын» бағдарламасы бойынша бизнес бастап, өзінің шағын кәсібін дөңгелетіп отырған көпбалалы, жалғызбасты ана.

Жабайы саудаға тосқауыл болу мақсатында 2016 жылы елорданың төл жобасы, «Көше саудасына – 1 000 орын» бағдар­ламасы енгізілген болатын. Бұл жоба бойынша бүгінге дейін қа­лада 600-ге жуық жер учаскесі үлестірілген. Солардың бірі – көп­ба­лалы, жалғызбасты ана Жәмила Наурызбаеваның еншісінде.

Оның 5 баласы бар. Екеуі – ұл, үшеуі – қыз. Елордаға 2001 жылы Кентау қаласынан көшіп келіпті.

«2007 жылдан бастап өмірдің қара сызығына тап болдым деуге болады. Басымыздан өте қиын кездер өтті. Тағдырдың жазуы­мен балаларыммен өзім ғана қал­дым. Балаларға төленетін жәр­демақыға күн көруге тура келді. Алайда жәрдемақы мөл­шері ол кезде қазіргіден аз еді. Оған 5 баланы асырау мүмкін болмады. Жан-жақтан қарыз да қысып кетті. Қатты қиналдық. Тұрмыс тауқыметін әбден тарт­тық» деген ол аналық жауапкер­шілігін ойлап, балаларының дұрыс өмір сүруі үшін бар күш-жігерін салғанын есіне алды. Намысты қолдан жібермеуге тырысып, қалайда еңбек етуге бел буады. Қалалық әкімдікке көмек сұрап барады. «Көмек сұрағанда да ешкімге алақан жайған жоқпын. Жергілікті билікке жағдайымды түсіндіріп, көпбалалы отбасыларға арналған қандай бағдарламалардың бар екенін, өз ісімді бастауға қандай көмек болатынын білдім. Бір сөзбен айтқанда, өз отбасымды асырауға мүмкіндік жасайтындай көшедегі сауда орындарының бірін беруді сұрап, сол жағынан қолдау көрсетулерін өтіндім. Бір мүмкіндік берілсе, ары қарай өзім аяқтан тұрып кететінімді жет­кіздім. Әкімдік бетімді қай­тар­мады» дейді ол. Сөйтіп, Жел­тоқсан мен Жангелдин көше­лерінің қиылысынан көкөніс сататын орын алады. Осылайша, саудамен айналысуға қайтадан кіріскен Жәмила кейіннен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша екі күн­дік курсын оқып, сертификат алады.

Үлкен ұлдары өзінің қасында жүріп, еңбекке ерте араласады. Анасына қолқанат болуды жал­ғастыра береміз деген балалары­ның сөзін тыңдамай, екеуін де оқуға түсіреді. Үлкен ұлы сабақ үлгерімі жақсы болғанының ар­қасында көпбалалы отбасының баласы ретінде университетте әкім грантын иеленеді.

«Жұмыссыз отырған 4 жыл ішінде қарызымыз тым көбейіп кеткен болатын. Тіпті электр жа­рығының қарызы 200 мың тең­геге жетті. Емізулі баламның бар екенін айтып, тиісті мекемелерге жүгініп, қажетінше өтініш те жазып, жеңілдіктер көрсетілген. Осы кәсіптің арқасында сол қарызымның көп бөлігінен құтылдым» дейді ол артта қалған қиындықтарын есіне алып.

Үлкен ұлдары өзінің қасында жүріп, еңбекке ерте араласады. Анасына қолқанат болуды жал­ғастыра береміз деген балалары­ның сөзін тыңдамай, екеуін де оқуға түсіреді. Үлкен ұлы сабақ үлгерімі жақсы болғанының ар­қасында көпбалалы отбасының баласы ретінде университетте әкім грантын иеленеді.

Ендігі мақсаты – баспаналы болу. Балаларының болашағы жарқын болса екен деп арман­дайтын ана олардың сабақ үл­геріміне де баса назар аударады. Алдағы уақытта бизнесін кеңейт­кісі келетін оның алға қойған жоспары өте көп. «Жұмыс істеп, табыс табамын деген жандарға «Көше саудасына – 1 000 орын» жобасы – өте тиімді бағдарлама. Мысалы, бұрын тұрған ор­нымыздың уақытын создыру үшін жыл сайын жүгіре­тінбіз. Ал қазір «Астана» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпора­циясының осы жобасы бойынша орын 7 жылға жалға беріледі. Жалға алу уақытын одан ары да создыруға болады. Жұмыс жоқ деп отыра беруге болады. Бірақ еңбектенуге шын ниеттенген адам­ға, екі қолға бір күрек та­былады» дейді кәсібінің құпия­сымен бөліскен кейіпкерміз.

Қазіргі дүңгіршегінің көлемі – 18 шаршы метр. Жалға алу құны – айына 30 мың теңге. Бұл орынды конкурс арқылы алып­ты. Қалалық әкімдік пен «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы оның жағдайын ескере отырып, конкурстық негізде осы орынды ұсыныпты.

«Өзім сияқты көпбалалы аналарға айтарым, ең бірінші, әркімнің бойында балаларына деген үлкен жауапкершілік болуы керек. Дегенмен қазіргі уақыттағы жәрдемақы мөлшері жаман емес қой. Мемлекеттен тиісінше көмек беріліп жатыр. Мысалы, бұрын 5 балама 45 мың теңге жәрдемақы алсам, қазір әр балаға 21 мың теңгеден беріледі. Бірақ қайдан көмек келеді деп, қол қусырып отырмай, әр адам «балаларды асырау үшін не істеу керек?» деген сұраққа тынбай іздену қажет. Өзінің қолынан келетін іспен айналысып, сол бойынша тиісті мекемелерге жүгініп, қажет болса табалды­рығын тоздыру керек. Әлбетте, бізге де қайырымды жандар қол ұшын созып жатса, нұр үстіне нұр. Бірақ өз басым мемлекетке масыл болмай, баспанаға – бәріне тек өз күшіммен қол жет­кізгім келеді» дейді ол ағынан жарылып.

Аңсаған ЕРМЕК