10 тамыз ба, әлде 23 тамыз ба?
Естеріңізде болса, 1995 жылы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен Абайдың 150 жылдығы тура 10 тамызға тұспа-тұс келген еді. Бұл ел жадында қалған үлкен тарихи оқиға болды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық қайта жаңғыру, кемеңгер тұлғаларды жаңа қырынан тану, жас ұрпаққа жеткізу, жаңару мен тарихты саралау процесі басталды. Ұлттық ой-сананы жаңғыртуда Абай сияқты тұлғаларды танудың маңызы зор болды. Тәуелсіздіктің 30 жылға жуық кезеңінде Абай есімі көшелер мен мектептерге берілді. Ірі мегаполистердегі негізгі даңғылдар Абай атымен айшықталды. Әрине, ең үлкен құрмет Семей халықаралық әуежайының Абай атымен аталуы еді. Бүгінде ел ішінде Абай тұлғасына қатысты пікірталастар да тыялар емес. Әсіресе, зиялы қауым өкілдері мен абайтанушылар арасында Абайдың туған күніне қатысты екіұшты пікір бар. Ақын-жазушылардың бір бөлігі кемеңгер ақынның туған күні 23 тамыз десе, басым бөлігі 10 тамыз дегенді бірауыздан қолдайды. Философия ғылымдарының докторы, профессор, ғалым Ғарифолла Есім Абайдың туған күніне байланысты пікірталастарды дау-дамай деңгейіне жеткізу дұрыс емес деген ұстанымда. – Абайдың туған күніне байланысты ешқандай дау жоқ, жеке адамдардың кереғар пікірлері ғана бар. Мәселен, Абайдың 150 жылдығын тойлау ісіне белсенді араласқан азаматпын. Естеріңізде болса, ЮНЕСКО көлемінде 10 тамызда тойланды. Тіпті, Мұхтар Әуезовтің көзі тірісінде Абайдың туған күні осы тамызда тойланған. Сыйлайтын ұстаздарымның бірі Мұхтар Әуезов еді. Бүкіл ғұмырын хакім Абайға арнаған кемеңгер тұлға. Кейде осы кемеңгерлердің жағасынан алып, білгішсініп кететініміз бар. Бір тоқтамға келуіміз керек қой. ЮНЕСКО көлемінде 10 тамызда тойланған дата халықтың да құлағына сіңіп қалды. Бірақ бұл мәселе бұдан былай толық шешілді деп есептеймін. Президент өз шешімімен бұл мәселеге нүкте қойды, – дейді профессор. Ғалымның айтуынша, мәселе ақынның туған күнінде емес, Абайдың қазақ қоғамындағы орнында боп тұр. – Мені Абайды XXII ғасыр ұрпағына жеткізу жөніндегі 100 жылдық бағдарлама мәселесі мазалап отыр. Қазір осындай бағдарламаны ойластырып жатырмын. Біз Абай айтып кеткен қандай мәселелерді болашаққа жеткіземіз, ақын халықтың болашағын қалай көрді деген түйткілдер бар. Басты мәселе – Абайдың шығармалары, өнегелі ғұмыры, болашаққа жолдаған бағыт-бағдары, халқына деген сенімі. Шамамыз жеткенше, біз елге осыны жеткізуіміз керек, – дейді Ғарифолла Есім. Абайтанушы Жабал Шойынбет ақынның туған күніне байланысты мәселеге ғылыми тұрғыдан да нүкте қойылғанын алға тартады. – Кезінде Абайдың туған күніне байланысты PR жасау үшін Асан Омаров мақала жазып, арты дауға ұласты. Жақында мұның нүктесін белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай қойды. Себебі Абайдың кесенесін қоюға Мұхтар Әуезовтің өзі қатысып, бір тұжырымға келген датаны тасқа ойып жазып кеткен еді. Ол белгіде Абайдың туған күнін 10 тамыз деп көрсеткен. Міне, бұдан артық ешқандай айғақ-дәлелдің қажеті жоқ, – дейді Жабал Шойынбет. Ғалымның пікірінше, Абай күнін науқаншылдыққа айналдыру дұрыс емес.Кәмшат ТАСБОЛАТ