Алдағы төрт жылда педагогтердің жалақысы екі есеге артады. Яғни, осы уақыт ішінде жыл сайын 25 пайыздан қосылып отырады. Одан бөлек, ұстаздар қауымына қуаныш сыйлайтын үстемақылар бар. Дәптер тексеріп, сынып жетекшілігін атқарғандарға төленетін ақы көлемі екі есе ұлғайды. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі бар бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне 27 780 теңге мөлшерінде қосымша ақы төленеді. Одан бөлек, тәжірибесі мол мұғалім жас маманды қанатына алса, тәлімгерлік қызметіне 17 697 теңге қоса беріледі. Бұл — биылғы өзгерістер. Осы жылдың бірінші тоқсанын қорытындылай келе, Ranking.kz дерегі бойынша, білім беру саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы 154,6 мың теңге болғанын білдік. Былтырмен салыстырғанда 40,6 пайызға өскен. Бұл салада ең төменгі жалақы алатын мектепке дейінгі білім беру қызметкерлері болатын. Инфляцияны ескеріп, былтырғы көрсеткішпен салыстырсақ, 21,5 пайызға көтерілген. Биылдан бастап жалақыға әсер ететін фактор көбейді. Оның бірен-саранын жоғарыда атап өттік. Ең негізгі әсер ететіні — ұлттық біліктілік тесті. Жақсы тапсырып, нәтижесі жоғары болған маманның қалтасы да қалыңдайды.
18 жылда жалақы қаншаға өскен?
Әр жылы ұстаздардың жалақысы қалай өзгергенін білу үшін статистика комитетінің мәліметтеріне үңілдік. Қолда бары – 2002-2018 жылдар аралығында әр сала қызметкерлерінің айлық ақысы қандай болғаны туралы деректер. Соның ішінде білім беру саласын таңдап алып, көлемі мен ол кездегі инфляция деңгейін де қарастыруды жөн көріп отырмыз. Мәселен, 2002 жылы ел бойынша орташа жалақы 20 323 теңге болса, білім саласында 15 233 теңге болыпты. Соның ішінде орта мектепте сабақ беретін ер мұғалімдер – 16 279 теңге, әйел ұстаздар 14 718 теңге алған. Бастауышта ерлердің жалақысы – 14 108 теңге, әйел мұғалімдердің еңбекақысы орта есеппен 13 315 болған. Ол кездегі инфляция деңгейі 6,69% болған еді. 2003 жылы саладағы орташа жалақы 15 274 теңге болып елеусіз ғана көбейген. Ел бойынша – 23 128 тг. Бастауыш мұғалімдерінің жалақысы бастапқыда орта мектеп ұстаздарынан төмен болып келген. Инфляция да көбейіп, бұл жылы 7 пайызды көрсетті. 2004 жылы білім беру саласындағы орташа жалақы 18 542 теңге болыпты. Оның ішінде орта мектеп мұғалімдері 19 285 теңге, соның ішінде ерлер – 20 428 теңге, әйелдер 19 008 теңге алса, бастауыш сыныпқа білім беретіндер 17 873 теңге алған. Бастауыш сыныптарға сабақ беретін ерлер – 16 638 теңге, әйелдер 17 917 теңге жалақы алыпты.Қай өңірдің ұстаздары «бай»?
Аймақтарға бөлгенде ең жоғары жалақыны елордалық ұстаздар алады екен. Орта есеппен – 260,3 мың теңге. Бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 32,5 пайызға өскен. Тағы бір айта кететін тұсы – бұл мөлшер ел бойынша орташа көрсеткіштен 1,7 есе көп. Екінші орында – Алматы қаласы (181,3 мың тг, 27,5%-ға өскен), үшінші орында – Алматы облысы (158,5 мың тг, 49,5%-ға өскен). Ел бойынша ең төмен жалақы Батыс Қазақстан облысы (134,6 мың тг, 43,1 %-ға өскен) мұғалімдеріне төленеді. Бүгінде Қазақстан бойынша білім саласында қызмет ететін 1,1 млн адам бар. Оның басым бөлігі, 73,8 пайызы – әйелдер. 98,5 пайызы — жалдамалы қызеткер.Өзге елдердегі айлық ақы қандай?
Еуропа Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы статистика агенттігі әлемнің әр еліндегі ұстаздардың жалақысын салыстырған. Нәтижесінде, мұғалімдерге жоғары ақы төлейтін елдердің үштігі мынадай: Люксембург (51,7 млн тг/жылына), Корея (35,4 млн тг/жылына) және Германия (31,2 млн тг/жылына). Ал төмен жалақыға келсек, Еуропа елдерінің ішінде Эстония (7 млн тг/жылына), Словакия (9,1 млн тг/жылына), Чехия (10,4 млн/жылына) сынды елдер көш соңында. Жүктеме әр елде әртүрлі. Мысалы, Люксембург мектебінде сабақ беретін мұғалім көп жалақыны көп жұмыс істегені үшін алмайды. Өйткені ол жақта 50 млн теңге табу үшін жылына 800 сағат немесе аптасына 16 сағат уақыт бөлсе жеткілікті. Сондықтан ұстаздық етуге талпынып, жастар көбірек құлшынады деседі. Соның арқасында мұғалімдердің 60 пайызға жуығы – 40-қа толмаған жастар.Жадыра АҚҚАЙЫР