Келер жылы ел бюджетіне Ресейден «Байқоңыр» ғарыш кешенін жалға алғаны үшін 43 миллиард 700 миллион теңге, сондай-ақ еліміздегі әскери полигондарда сынақ жүргізгені үшін 7 миллиард 614 миллион 820 мың теңге түсетін болады. Бұл туралы «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңының жобасында айтылған.
Жалпы, бұл құжаттың түсіндірме жазбасында көрсетілгендей, ел Үкіметі Қазақстанның ЖІӨ-сінің нақты өсуі 2020 жылы 4,1%-ды құрайды деп болжауда. Алдағы ортамерзімді кезеңге ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқыны 4,4%-ға жетеді. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 4,7%-ға дейін артуға тиіс.
Әрине, бұл болжам ғана. Өмірде бәрі өзгеше болуы ықтимал. Мәселен, осы жылы ЖІӨ өсімі 3,8 пайыз болады деп тұспалдануда. Ал нақты сан әзірге одан жоғары: 2019 жылғы 7 айдағы экономика дамуының қорытындылары бойынша жалпы ішкі өнім 4,2%-ға артты.
– Сыртқы жағдайлардың өзгеруіне байланысты Қазақстан экономикасы дамуының ықтимал үш сценарийі қаралды. Соның ішінде болжам мен бюджеттік параметрлерді қалыптастыру үшін базалық сценарий негізге алынды. Ол мұнай бағасының 55 доллар болуын көздейді. Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2020 жылы 4,1% деңгейінде болжанып отыр. 2024 жылы ол 4,7%-ға жетеді. Орташа жылдық өсу қарқыны 5 жылда 4,4%-ды құрайды, – дейді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.
Оның айтуынша, номиналды ЖІӨ 2020 жылы 74,5 триллион теңгеден 2024 жылы 105,8 триллион теңгеге дейін өседі. Халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ 2020 жылы 10,5 мың долларды құраса, 2024 жылы 14,3 мың долларға дейін ұлғаюы керек.
Алдағы жылы 90 миллион тонна мұнай өндірілсе, 2024 жылы бұл көлем 100 миллион тоннаға дейін жетуге тиіс. Бұл өсімге Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын кеңейту, Каспий теңізіндегі жаңа кен орындарын пайдалануға беру есебінен қол жеткізілмек.
2020-2021 жылдары инфляцияның жылдық нысаналы дәлізі 4-6% деңгейінде сақталады. Ал 2022-2024 жылдары ол дәліз 3-5%-ға дейін төмендетілмек. Бұл, мысалы, ипотеканың арзандауына жол ашады.
– Республикалық бюджеттің кірістері 2020 жылы 8 трлн теңге, 2021 жылы – 8,6 трлн теңге, 2022 жылы – 9,4 трлн теңге сомасында болжанады. Бюджет тапшылығын 2020 жылы ЖІӨ-нің 2,1%-ына, 2021 жылы – 1,5%-ына, ал 2022 жылы 1%-ына дейін төмендету ұсынылады. Осы параметрлерді есепке алсақ, республикалық бюджеттің шығыстары 2020 жылы 12,7 триллион теңге, 2021 жылы 13,2 триллион теңге, 2022 жылы – 13,6 триллион теңге көлемінде белгіленді, – дейді бас экономист.
Ел қазынасын толтыратын донор өңірлер қатары келер жылы да өзгеріссіз қалады және төртеумен шектеледі. Атап айтқанда, 2020 жылы Атырау облысы бюджетке – 195 млрд 766,9 млн теңге, Алматы қаласы – 193 млрд 606,9 млн теңге, Нұр-Сұлтан – 43 млрд 154,5 млн теңге, Маңғыстау облысы 8 млрд 579,6 млн теңге қаражат құяды. Жалпы алғанда, осы 4 өңірдің 441 млрд 108 млн теңге табысы өзге дотациялық өңірлерді қолдау үшін орталық бюджетке алып қойылмақ. Бірақ бұл қаражат та аздық етеді. Сондықтан қосымша Ұлттық қордан 2 триллион 700 миллиард теңге қаражат бюджетке аударылады.
Алдағы үш жылдық бюджет жобасында зейнетақы мөлшерін инфляция деңгейінен 2% асыра индексациялау қарастырылған. Нәтижесінде, егер 2019 жылы зейнетақының орташа мөлшері 86 мың теңге болса, 2020 жылы ол 91 мың 387 теңгені құрамақ. Бұл – 5 351 теңгеге жоғары.
Атаулы әлеуметтік көмекті 2020 жылы 1 млн 472,5 мың адам, 2021 жылы – 1 млн 464,4 мың адам, 2022 жылы 1 млн 466,8 мың адам алады деп жоспарлануда. Оларға 3 жылда бюджеттен 781 миллиард теңге, соның ішінде 2020 жылы – 248 млрд 567,6 млн, 2021 жылы – 260 млрд 996,4 млн, 2022 жылы 271 млрд 436,3 млн теңге төленбек.