Заң күшейеді. Ал жемқорлық азая ма?
Заң күшейеді. Ал жемқорлық азая ма?
© коллаж: Елдар Қаба
304
оқылды
 

Парақор судья мен құзырлы орган өкілі  қалай жазаланады?

Әрине, өткен жылы тиісті заңға өзге­ріс­­тер енгізіліп жат­қан кезде келісімі қажет органдар, оның ішінде Бас прокуратура, ҰҚК, ІІМ, СІМ бұл жаңашылдық­тар­ды қол­­­дамаған еді. Бірақ биыл заңға тиісті то­лықтырулар енгізілмесе тағы болмас. Пре­зиденттің талабы бұл. Концепцияға сәй­кес, ұсынылып отырған жаңа бас­та­ма­лар­дың бірі – судьялар мен құзырлы орган өкіл­дерінің жауапкершілігін арттыру. Қыл­мыс­тық кодексте сыбайлас жемқорлықтың жаңа су­бъек­тісі санатына айырықша мәр­те­бесі бар лауа­зымды тұлғалар – құқық қор­ғау органдары өкілдері мен судьяларды ен­гізу қарастырылып жатыр. Сыбайлас жем­­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкіл­дері кор­рупциялық қылмыстар үшін, әсі­ресе судьяның жауап­тылығы артуы тиіс де­ген ұстанымда. Жаңа бастамаларды кәсіби заңгерлер де қолдайды. Танымал заңгер Бақытжан Ба­зарбектің айтуынша, бүгінде барлық жауап­кершілікті мемлекеттік қыз­мет­ші­лер­ге аударып жіберіп, арнайы мәртебесі бар­ судьялар мен құқық қорғау орган­да­ры­на көңіл аударып жатқан жоқпыз. Соң­ғы кездері Алматы қаласында 4 судьяның қыл­мыстық жауапкершілікке тартылуы, Түркістан облысы мен Нұр-Сұлтан қала­сын­да судьялардың істі болуы бұл салада қор­даланған мәселелердің барын аңғар­та­ды. Өз кезегінде Бақытжан Базарбек: – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мо­ниторинг жүргізу іс-шаралары министрлік және әкімдіктерде жұмыс істейтін лауа­зым­ды тұлғаларға ауып кеткен сияқты. Осы­ны пайдаланып, сот жүйесінде судья­лар жаппай заң бұзушылыққа бой алдыр­ған. Оған қоса, судьяларға қолданылатын бап­тар Қылмыстық кодексте өте аз. Қыл­мыстық кодекстің пара алу баптары бойын­ша арнайы істі ауырлататын мән-жай­лардың ішінде пара алғандар құқық қорғау органдары мен судьялар болса және бұл істі ауыр жаза деп таныса, заңдарға ең қа­жетті өзгерістердің енгізілгені осы болар еді. Біріншіден, құқық қорғау органдары жә­не судьяларды қылмыстық жауап­кер­ші­лікке тарту негіздерін күшейту арқылы жап­пай осы салалардағы заңнаманы қал­пы­на келтіреміз. Екіншіден, халықтың сы­байлас жемқорлықпен күрестің шы­найы­лығына көзін жеткізіп, сенімін арт­тыра­мыз, – дейді. Заңгердің ұсынысы бойынша, Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңына ғана емес, Жер кодексіне де бір­қа­тар норманы енгізу заман талабы боп тұр. – Мәселен, Жер кодексінде мүдделер қақ­тығысы деген мәселе жоқ. Мысалы, Алматы облысының Қаратал ауданында үш ағайынды, біреуі жер комиссиясының төрағасы, біреуі ауылдық округ әкімі конкурс ұйымдастырған. Ал конкурсқа қатысушы – сол екі ағайындының бауыры. Конкурс нәтижесінде бауырлары жеңіп,  ауыл шаруашылығына арналған жерді иемденіп кеткен. Мұндай мысалдар Кеген, Балқаш аудандарында, Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында болған. Біз барлық лоттарды заңсыз деп таныдық. Өкінішке қарай, мүдделер қақтығысына жол берген лауазымды тұлғаларға тек тәр­тіптік жауапкершілік белгіленген. Яғни, олар сөгіс алумен құтылады, – дейді Бақыт­жан Базарбек. Бүгінде заңгер жемқорлықпен күресті кү­шейтуге бағытталған ұсыныстарын Пар­ламент Мәжілісінің жұмыс тобына, Жер ре­сурстарын басқару комитеті мен Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы агенттікке жі­бер­ген. Сондай-ақ ол Жер кодексінен бөлек, «Мүдделер қақтығысы» деген бапты ар­найы қылмыстық құқықбұзушылық са­на­тына кіргізіп, Қылмыстық кодекстің нор­маларына енгізу қажет деген ойда. Оның пікірінше, елімізде «Мемлекеттік қыз­мет туралы» және «Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарда мүд­делер қақтығысы орын алмас үшін бар­лық іс-шараларды қолдану көзделген. Сәй­кесінше, Жер кодексінде тиісті норма бол­маған соң, әкімдер, әкім орын­басар­лары, жер қатынастары бөлімдерінің өкіл­дері жаппай заңбұзушылыққа жол беріп отыр.  

«Пара беремін» деп уәде етсеңіз де, істі боласыз

Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елімізге сыбайлас жемқорлық қыл­мыстарына қарсы санкцияларды қай­та қарау жөнінде кеңестерін де беріп ке­леді. Оның ішінде, аса ауыр коррупция­лық қыл­мыстар үшін міндетті түрде бас бос­­­­тан­дығынан айырудан бөлек, жыл сайын жемқорлық қылмыстарына шы­ға­рылған үкімдерді сараптап, олардың тиімділігін анықтау әрі мұны ашық жариялау мәселесі де бар. Талқыға түскен тағы бір бастама – пара бе­ремін деп уәде ету мен пара ұсыну факті­лері­нің криминалды сипатқа ие болуы. Мұндай заң нормалары Әзірбайжан, Гру­зия, Эстония  т.б. елдерде бар. Жақында Қырғыз Респубикасы да бұл заң нормасын қа­былдады. Сондай-ақ агенттік өкілдері жем­қорлық ұғымын тек мемлекеттік сала­ға ғана емес, жекеменшік секторға да ен­гізу қажет деген ұстанымда. sydia Тіпті, құқық қорғау органдары үшін адал­дық институтын қалыптастыру ұсы­нылып жатыр. Егер тексеріліп жатқан аза­мат қызметтік бабын пайдаланып мү­лік­тік не басқа да сипаттағы пайдаға ке­нелу­ге кетәрі болмай, пара алуға келіссе, оны жұмыстан босату көзделген. Отандық заңгерлер экономикалық қыл­мыстардың алдын алу үшін мони­то­ринг жүргізудің маңызына тоқталады. Ба­қытжан Базарбектің айтуынша, шет мем­лекеттерде үлкен қоғамдық қақ­ты­ғыстардың болуының бастауы – ең алды­мен, демократияның жоқтығынан, екін­ш­і­ден, халықтың сот пен құқық қорғау ор­гандарына толығымен сенімінің жо­ғалуы­нан пайда болған. Оны болдырмас үшін осы реформаны соңына дейін жет­кізуіміз керек. – Құқық қорғау органдары мен су­дья­лардың жауапкершілігін күшейтіп қана қой­май, парақорлықпен байланысты ау­дан­дарда, облыстарда мониторинг жүргізу ісін жартылай қоғамға беруіміз керек. Мо­­­ниторинг жұмысын мемлекет қана жүзеге асыр­са, қоғам тарапынан «өздерің тек­сер­ген соң, жоғарыдан тапсырма түспесе, на­ғыз айыпты азаматты ұстамайсыңдар» деген сауал туындайды. Байқасаңыз, да­мыған елдерде қоғам сенімінің қалпына келуі – халыққа жартылай мемлекет фун­к­ция­сын беруде. Ол істің жартысы – мо­ниторинг. Бұл іс қоғамдық ұйымдар мен бір­лестіктер арқылы жүзеге асады. Әр әкім­дік жанында қоғамдық кеңестер тағы бар. Мониторинг жүргізу дегеніміз – қоғамдық бақылауды күшейту. Жоғарғы су­дьяларды тағайындау кезінде БАҚ пен әлеу­меттік желілер арқылы халықтың пі­кірін білуге болады. Сынды да қабылдай білу керек, – дейді білікті заңгер.  

Жемқорды ұстап бергендермен не болады?

Жаңа концепцияда жемқорлық фактісі туралы құзырлы органдарға мәлімет жет­кізген азаматтарды қорғау мәселесі де қам­­­­тылған. БҰҰ-ның жемқорлыққа қарсы кон­венциясына сәйкес, коррупциялық заң бұзушылықтарды жеткізген азамат­тар­ды қудалаудан қорғау мен құқығын сақтау қажет. Сондықтан мүше мемлекеттер өзде­рі­нің ұлттық заңдарында пара беру, пара алу фактілерін жеткізген азаматтарды қор­ғау бағытындағы баптарды қайта қарап кү­шейтуі тиіс. Қазақстанның қолданыстағы «Қыл­мыс­тық процеске қатысушы адамдарды мем­лекеттік қорғау туралы» заңында аза­мат­тың өмірін, денсаулығын, отбасы мү­шелері мен жақындарын, мүлкін мемле­кет­тік деңгейде қорғау жүйесі қалыптасқан. Бұл бап тек қылмыстық құқықбұзушылыққа ғана қатысты. Сол себептен қоғамдық мүд­деге қайшы келетін жемқорлық факті­сін жеткізген азаматтардың қорғалуы әлі де кемшін. Халықаралық ұйымдар осы бап­тар­ды күшейту қажет екенін алға тар­тады. Зерттеулер бойынша, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қоғамдық күрестің бел­сенді жүргізілмеуіне басты себептердің бірі – ақпарат жеткізуші адамның аты-жөнінің құ­пия сақталмауы болып тұр. Азамат­тар­дың көз алдында жемқорлық фактісі жүзе­ге асса да, олар жұмыстан айы­ры­лып қалу­дан, жалақының қыс­қар­тылуы­нан, бас­шылық тарапынан болуы мүмкін бул­­лингтен қорқады екен. Сарапшылар мұ­­ның алдын алу үшін қандай іс болмасын, ақ­­парат берген азаматты мемлекеттік қор­ғау­мен кепілдендіру қажет деген пі­кірде.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ