Бұл ретте ішкі нарықтың тым шағын әрі шектеулі екенін айтқан сала кәсіпкерлерінің жанайқайына да, сондай-ақ уақытында жинап үлгермесе даладағы ескі металл көнеріп, тұтас тот басып, табиғатты бүлдіретіні, су мен жерді улайтыны туралы экологтардың дабылына да құлақ аспады. Дәніккені дағдарғанның досы емес 90-жылдардағы аса ауыр дағдарыста ауыл, қаладағы көптеген отбасы айналаны кезіп, «металлолом» жинап күн көрді, жан сақтады. Әрине, оңай олжа іздеп, сымы үшін электр және телефон желілерін үзген, тұтас ауыл, қаланы жарық пен байланыссыз қалдырған; кәріз-канализация люктерінің қақпақтарын ұрлап, қаншама адамның құдыққа құлауына себеп болған; тіпті түнде теміржол рельстерін бұзып әкетіп, пойыздарды қаңтарып тастаған бұзақылар да көбейді. Қазақстанда металл қалдығы тау-тау болып қордаланып қалғанын естіп, шетелдік өңдеу кәсіпорындарының өкілдері елімізге ағылды. Нәтижесінде, елде жиналған «ломның» басым бөлігін жанталаса жармасып, таласып-тармасып солар сыртқа әкетті. Шикізаттың әр келісіне бағасы 200 теңгеге дейін шығындады. Салыстыру үшін айтсақ, бүгінде отандық зауыттар келісін 15, әрі кетсе, 25 теңгеден ғана алады. 2014 жылы мемлекет «отандық өндірушіні қолдаймын» деп металл сынықтары мен қалдықтарын шетелге шығаруға мораторий жариялады. Оның мерзімі 2017 жылы аяқталды. Алғашында бұл сала «құрсаулы жылдарды» әупірімдеп жүріп еңсере алды. Рас, Ресей, Қытай, Еуропа секілді шетелдегі ірі өткізу нарықтарынан айырылды. Шағын ішкі нарыққа тәуелді болып қалғандықтан, тауарының құны күрт құлдырады. Ешқандай кен орнын игермей-ақ аста-төк әрі тым арзан шикізатқа қол жеткізуге үйреніп қалған металл өңдеу зауыттары қайтадан тосқауыл қоюды өтініп, Үкіметке жүгінді. Билік бетін қақпады, сұрағанын берді. Сонымен, металл сынықтарын, қара және түсті металл қалдықтарын Қазақстан аумағынан Еуразиялық одақ мемлекеттеріне және басқа елдерге автокөлікпен әкетуге тағы тыйым салынды. Мораторий Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика және Қаржы министрлерінің «Қара және түсті металдар сынығы мен қалдықтарын тасымалдаудың кейбір мәселелері туралы» 2018 жылғы бірлескен бұйрығымен бекітілген. Бұйрықтың күші 2019 жылғы қыркүйекте ұзартылды. Енді тыйым 2020 жылғы 18 қарашаға дейін күшінде болады. Бұл неге әкеліп соқты? Осы сала өркендеудің белесіне көтерілген тұста онда жүз мыңнан аса кәсіпкер нәпақа табатын, бүгінде оның көбі банкрот болды. Жұмысын жалғастырушылар «шықпа жаным, шықпа» деп күн кешуде.
Монополия осылай туады
«Түсті және қара металдар сынығы мен қалдықтарын жинау, өткізу жөніндегі компаниялар қауымдастығы» бірлестігі тағы бір мәселеге назар аудартады: бірлескен бұйрықта автокөлікпен шетелге шығаруға тоспа құрылған болатын. Тиісінше, теміржолмен тасуға мүмкіндік қалғандай еді. Бірақ билік ол жолды да жауып тастағанға ұқсайды. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бірлестігінің мәліметінше, металл сынықтарын әзірлеушінің бәрі тауарын экспорттауға рұқсат ала алмай отыр. Неге? Пандемия жағдайында онлайн-конференция және ғаламтормен келіссөз өткізу барысында анықталғандай, ведомствоаралық комиссия шешім қабылдап, темір сынықтары мен қалдықтарын теміржол арқылы экспорттауға да 2020 жылғы 30 қыркүйекке дейін біржақты тәртіппен шектеу қойып тастапты. Бұған «отандық металлургтерді шикізатпен қамту» себеп болған екен. – Осының алдында, биылғы ақпан-наурыз айларында дәл солардың бастамасымен металл сынығы экспортына ары қарай тыйым салатын қаулы қаралған. Талқылау қорытындысында экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан орынсыз деп танылып, ол қаулыны қабылдаудан бас тартылды. Мұны қолдаймыз. Өйткені отандық металлургиялық зауыттардың өңдеу көлемі ең көп дегенде жылына 1,5 миллион тоннаны ғана құрайды. Ал елімізде жыл сайын 3,5 миллион тонна металл сынығы мен қалдығы пайда болады! – дейді Түсті және қара металдар сынығы мен қалдықтарын жинау, өткізу жөніндегі компаниялар қауымдастығы төрағасының орынбасары А.Бисенғалиев. Ол тыйым салу ақырында салада монополистердің туындауына ықпал еткенін жеткізді. «Бұл бұйрық «Кастинг» ЖШС, «KSP Steel» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ секілді ірі металлургиялық компаниялардың нарықты монополияландырып алуына, түсті және қара металл сынығы мен қалдықтарын жинаумен айналысатын кәсіпорындарға өз шартын тықпалауына мүмкіндік береді. Металлургиялық кәсіпорындардың «лом» шикізатын жеткізушілер алдындағы берешегі уақытылы төленбей, бірнеше айға созылады. Басқаша айтқанда, шағын және орта бизнес осылай алпауыттарды амалсыздан несиелендіріп отыр. Тіпті, 2019 жылы жеткізген металы үшін төлемін алмаған компаниялар бар. Ірілердің сөзі өтімді. Ал шағын және орта кәсіпкер өз тіршілігі үшін соңғы күші қалғанша күресіп, зорығуға мәжбүр. Көбісі жабылу алдында, банкроттықты бастан өткеруде», – дейді бірлестік басшысының орынбасары. Өз мүдделері үшін лобби жасайтын металлургиялық кәсіпорындар шектен тыс табыс алуға ұмтылады. Бұл ретте олар қара және түсті металл сынықтарын елден жинап, жеткізетін әріптестерінің тағдырына еш бас қатырмайды, алаңдамайды.Тығырық түбінде жарық бар ма?
Сала кәсіпкерлерінің мәліметінше, металлургиялық алыптардың алдындағы берешегі 2020 жылғы мамыр айының соңында 4 миллиард 557,5 миллион теңгеге жетіпті. Және бұл тек ірілеу 6 жеткізуші алдындағы қарызы ғана. Батыс Қазақстандағы, соның ішінде Ақтөбе, Атырау, Ақтау және Орал қаласындағы металл сынығын дайындаушы кәсіпорындар толығымен дерлік қызметін тоқтатқан: себебі олар Үкімет шикізатты сатуға міндеттеген отандық өңдеуші зауыттардан қашықта орналасқан. Осы зауыттар төлейтін азын-аулақ қаражат олардың қызметкерлерінің жалақысын және салықты төлеу түгіл, жол шығынын да жаппауы мүмкін.Темір қоқысынан құтылу жолы
Тұйықтан шығарар жол ретінде кәсіпкерлер экспортқа тыйым салуды тоқтатуды ұсынады. Ал отандық зауыттарды шикізатпен қажетті көлемде қамтамасыз етудің басқа тәсілдері қолданылуы керек. Біріншіден, ішкі нарыққа шикізат жеткізушілер үшін қара және түсті металл сынығы мен қалдығын тасымалдау тарифін төмендетуге болады. Екіншіден, металлургиялық ірі кәсіпорындар айналасында сервистік шағын және орта бизнес дамытылуы тиіс. Олармен зауыт ұзақмерзімді келісімшартқа отырып, жинаған «ломын» еш делдалсыз, тікелей сатып алатынын кепілдендіруі қажет. Сонымен қатар бұрын жеткізілген шикізат үшін берешегін өтеп, жаңа жеткізілім ақысын уақытылы төлеп тұруға алпауыттарды міндеттеген жөн. Үшіншіден, сала кәсіпкерлері «Даму» қоры, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы өздерін жеңілдікті кредиттеу мәселесін пысықтауды сұрайды. Бұл сынық әзірлеуші кәсіпорындарды дамыған елдердегідей пресс, гидроқайшылар, ломовоздар және басқа да жаңа құрал-жабдықтарды сатып алуға, тұрғындар үшін лайықты жұмыс орнын жабдықтауға ынталандырады. Соның арқасында металл сынықтары мен қалдықтарын өңдеу сапасы артады, олар ұлттық стандарттарға сәйкестендіріледі. Төртіншіден, көлеңкедегі ойыншылармен күрестің күшейтілгені, осы қызмет түрін хабарламалық сипаттан лицензиялауға көшірген дұрыс. Саладағы белсенді ойыншының бірі «ААА-Шын Нұр Астана» компаниясының басшысы Асылбек Өзбақанов елорданың өзінде заңсыз металл сынықтарын жинайтын орындар әрекет ететініне шағымданады. «Олар жақсы табыс табады, бірақ тіркелмегендіктен, ешқандай әлеуметтік аударымдар ауыртпалығын көтермейді, салық төлемейді. Бюджет қаншама қаражаттан қағылуда. Жинаған сынықтарын жүк көлігімен, «КамАЗ»-бен тасиды. Бұл оларға мемлекеттік баж алымын төлеуден жалтаруға мүмкіндік береді. Өйткені мемкірістер органы тек теміржолмен ел ішінде тасылған шикізатты қадағалайды. Сондықтан KSP Steel, Кастинг компанияларын металл қалдықтарын теміржол көлігінен ғана қабылдауға міндеттеу қажет. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы солай жасап отыр. Үкімет қазақстандық зауыттарды теміржолмен жеткізілген металл сынықтарын ғана қабылдауға көшіруі керек. Сонда заңсыз «лом» тасымалы тоқтайды», – дейді компания жетекшісі. Осының бәрі елімізде мыңдаған жаңа кәсіпкерлік нысанының ашылуына мүмкіндік беруі тиіс. Даладан сынық жинау және оны сатуға әзірлеу қарапайым адамдардан жоғары біліктілік пен білімді талап етпейді, демек мектеп түлектері де онымен айналыса алады. Сала еңсе тіктесе, олар жинайтын металл қалдығы отандық кәсіпорындарға да, шетелдік экспортқа да молынан жетпек. Себебі Қазақстан Кеңес одағы заманынан бері үйіліп жатқан металдарды кәдеге жаратып үлгерген жоқ. Оған әлгінде айтылғандай, жыл сайын 3,5 миллион тонна жаңасы қосылады. Сөйтіп, пандемия және дағдарысты шақта бюджетке түсер түсімдер де көбеймек, жаңа жұмыс орындары құрылмақ, жаңа құрал-жабдықтар сатып алынбақ, экономикаға серпін беріліп, ЖІӨ жоғары өрлемек. Кірісі бар бизнес, тұрақты немесе бос уақытта айналысар жұмыс пен ермек табылған жұрттың көңілі көтеріліп, елдегі психологиялық жағдай және әлеуметтік ахуал түзелуі мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмас.Елдос СЕНБАЙ