«Балам «бар екенін» білдім»
Damumed мобильді қосымшасы – дәрігер қабылдауына жазылып, ем алып, жедел жәрдемді шақыртуда тиімді жүйе. Жүйедегі жеке кабинеттен қай дәрігерге қашан барғаныңыз бен қандай ем алғаныңыз туралы ақпаратты көруге болады. Бұдан былай сол ақпаратты мұқият қарау қажет. Себебі сыртымыздан «ем-дом жасап», ақысын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан өндіріп алуы әбден мүмкін. Мүмкін емес, солай болып жатыр да. «Дәнікеннен құныққан жаман» демекші, дәрігерлер көбірек табыс тапқысы келсе керек, жалған қабылдауды жазғанда мүлт кете берген. Мысалы, астаналық бір тұрғынды дәрігерлер түнгі сағат бір жарымға қабылдауға жазып қойған. «17 маусым күні Damumed-ке түнгі сағат 1 жарымда Нұр-Сұлтан қаласының №2 емханасындағы дәрігерге «жазылған» екенмін. Не масқара?! Түнде емханада мені ешкім қабылдамайтыны белгілі ғой. Кейін тағы қарап отырсам, екпе егілген, дәрі берілген. Мен ешқайсысын алған жоқпын», – дейді. «Бүгін қарап таңғалып отырмын. Босанып перзентханада жатқан күні де емханадағы гинекологтың «қабылдауында болыппын». Ол аз десеңіз, тамыз айы басталғалы дамыл таппаппын. Ал заң бойынша босанған адамды 42 күн перзентхана дәрігерлері ғана тексеріп, жағдайын бақылауда ұстайды. Өздеріне хабарласқанымда маңына жуытпады. Бірақ Damumed-те дәрігер мені «қоймай қабылдап жатыр», – дейді әріптесіміз, журналист Әсем Қабылбекова. Әлі тұрмысқа шықпаған Гүлнәр Жомартова Damumed-ті тексеріп көріп, «баласы барын» біліпті. «Қарағанды қаласындағы №3 емханаға тіркелгенмін. Отбасы деген жерге «ұлы бар» деген жазба енгізілген. Бүгін бір баласы бар әйел: «Damumed үш балам бар деп қойыпты» деп жазған соң тексере салғанмын, шошып кеттім. Бірден «Даму» ақпараттық жүйелер орталығына хабарласып, әлгі жазбаны алғызып тастадым», – дейді. Біз де аталаған ақпараттық жүйедегі жеке кабинетімізге бас сұғып, 15 сәуірде, яғни төтенше жағдай кезінде Нұр-Сұлтандағы №9 емханадағы учаскелік дәрігер қабылдауына «барғанымызды» білдік. Ал 27 шілде күні 144-кабинеттегі әлеуметтік қызметкер «онлайн кеңес беріпті». Ал енді бір әріптесіміз бір рет ПТР тест тапсырған екен, алайда емхана одан үш рет ПТР тест «қабылдағанын» жазған. Мұндай мысалды мыңдап келтіруге болады.«Даму»: біздің қатысымыз жоқ
Damumed ақпараттық жүйесінде тіркелген дауға осы жүйенің операторы – «Даму» ақпараттық технологиялар орталығы жауап беріп үлгерді. Орталықтың бас директоры Наталья Киль бұл медицина ұйымдарының өздері туғызған проблема деп санайды. «Біз кезінде бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігіне ескерттік. Қалыптасып отырған жағдай емделушілерді де, бізді де қанағаттандырмайды. Бір анығы, қоғамдық резонанс Damumed мобильді қосымшасының өз мақсатын толығымен ақтағанын дәлелдейді», – дейді. Оның айтуынша, бұл жүйе саладағы жемқорлықты әшкерелеуге үлес қосып отыр. «Даму» орталығы күні кеше Денсаулық сақтау министрлігіне, аумақтық Денсаулық сақтау басқармаларына, медициналық ұйымдарға жолдаған хаттардың бірін жариялады. Орталық жариялаған хат сол кездегі денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевке жазылған екен. Ол хатта дәл бүгінгі мәселе туралы хабарланған. Үзінді келтірейік: «Мобильді қосымшада емделушілерге іс жүзінде болмаған дәрігерлердің қабылдауы туралы хабарламалар келіп түседі. Әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында аталған мәселелер белсенді түрде талқылануда, бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне және жалпы цифрлы денсаулық сақтау бағдарламасына халықтың сенімсіздігінің артуына алып келеді». Осы жылдың 17 ақпанында жолданған хат өзекті мәселені көтерген. Алайда бүгінде қаржы жымқырды деген күдікпен екі айға қамауға алынған бұрынғы вице-министр Олжас Әбішев ешқандай шара қабылдамаған болып отыр. Ал енді бұл мәселені шешудің жолы бар ма? Жасыратыны жоқ, «Даму» орталығы ұсынған өнім тиімді. Бір кемшілігін жөнге келтіріп, ары қарай пайдалануға бола ма? Ол үшін қандай техникалық шешім қабылдауға болады? Бұл сұрақты ақпараттық қауіпсіздік саласының маманы Қозыке Сатыбалдиевке қойдық. «Қандай ақпараттық жүйеден болсын ақау табуға болады. Оған дәлел – Damumed ақпараттық жүйесі. Бұл медицина саласындағы озық жүйе екенін білеміз. Алайда жүйені жасаушылар соңына дейін өзінің осал тұсын жаба алмағаны дәлелденіп отыр. Кез келген ақпараттық жүйені жетілдіруге, одан ары қарай дамытуға және мұндай инциденттердің алдын алуға болады. Ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан айтқанда, адамдардың жеке кабинетіне келетін бірреттік SMS-хабарламаларды орнатуға болады. Яғни, сіз емделіп кеткеннен кейін, ауру тарихыңызға дәрігерлер дерек енгізіп жатқанын хабарлайтын SMS-хабарлама келетін етіп жасау керек. Сонда науқас өзінің қандай дәрігерлік қызмет алғанын және оның базаға дұрыс енгізілгенін бақылай алады. Сонда бүгінгідей мәселеден құтылуға болады», – дейді ол.Бас прокуратураның қорытындысын күтеміз
Қалай десек те, пациенттің сыртынан жалған ақпарат толтыру, сол арқылы бюджет қаражатын жымқыру – қылмыс. Бұл жерде жалғыз дәрігерді кінәлі етуге болмас. Ол жоғарыдан тапсырма түспей қандай да бір әрекетке бара қоймайды. Сондықтан бұл мәселені терең зерттеу қажет. Себебі бұл жан-жақты ойластырылған, жүйелі түрде жолға қойылған қылмыстық әрекетке көбірек ұқсайды. Өйткені мұндай дерек бір қалада немесе бір емханада емес, еліміздің бірнеше емханасынан анықталып жатыр. Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевтің бұл мәселені жіті назарға алуы да тегін емес. Оның тапсырмасымен Damumed-тен туған дауды Бас прокуратура тексеріп, 28 тамызда тексеру қорытындысын жариялай бастауы керек. Айтқандай, бұл мәселеден Денсаулық сақтау министрлігі хабардар. Министрліктің ресми өкілі Бағдат Қожахметов қазір заңды тұрғыда сараптама жүргізіліп жатқанын айтады. Оның айтуынша, дәрігерлер мен емхана басшыларына қатысты жазаны қатаңдату жағы қарастырылады. Әзірге белгілісі, елді өтірік емдеген емханаларға айыппұл салынады. Айыппұл көлемі медициналық қызмет көрсету құнының 300 пайызын құрайды. Оны емхана басшылары төлеуі тиіс. Ал дәрігерлер тәртіптік жазамен құтылады. Бас прокуратура тексеру қорытындысын жариялаған соң жаза түрі өзгеруі әбден мүмкін. Себебі бұл қылмыс түрі қаржы жымқыру бабына сұранып тұр. Ал «Даму» орталығы әлеуметтік желідегі парақшасында «Бұл IT-компанияның техникалық қолдауымен қадағаланатын мәселе емес, алайда біз бұл жағдайға бейжай қарай алмаймыз. Біз барлық өтінішті жинақтап, оларды ресми түрде Денсаулық сақтау министрлігіне тапсыруға дайынбыз. Егер жалған қосымша мәлімет табылған болса, онда біздің тәулік бойы істейтін Call-орталығына + 7 775 007 03 50 нөмірі арқылы хабарласыңыз» деген хабарлама жариялады. Медициналық сақтандыру қоры да медициналық қызмет көрсетілмеген жағдайлар туралы 1406 нөміріне қоңырау шалуды немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасын тәулік бойы пайдалану арқылы хабарлауды сұрап отыр.